Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дәулетбек Абдирасулов “AMANAT” партиясы алаңында тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.
Қабылдау барысында азаматтар мал шаруашылығын дамыту, субсидия алу, жер пайдалану және мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мәселелерін көтерді.
Азаматтардың бірі асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту үшін берілетін субсидиялардың шарттары мен талаптарын нақтылап беруді сұрады. Өз кезегінде басқарма өкілі қолданыстағы қағидаларға сәйкес субсидия алу үшін қажетті талаптарды түсіндіріп, тиісті құжаттар мен рәсімдер жөнінде кеңінен ақпарат берді.
Келесі өтініш иесі мал азығын дайындау және жайылым жерлердің жеткіліктілігі мәселесін көтерді. Бұл бағытта жауапты тұлға өңірде жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану және мемлекеттік қолдау тетіктері арқылы шаруаларға көмек көрсету жолдары қарастырылып жатқанын жеткізді.
Сонымен қатар, қабылдауда ауыл шаруашылығына арналған несиелер мен жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламалары да сөз болды. Тұрғындарға несие алу шарттары, пайыздық мөлшерлемелер және қайтару мерзімдері бойынша толық түсіндірме берілді.
Кездесу барысында көтерілген әрбір мәселе назардан тыс қалмай, тиісті сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктелді. Кейбір өтініштер бойынша заң аясында түсіндірме берілсе, жекелеген мәселелер қосымша зерделеуді қажет ететіндігі айтылды.
Қоғамдық қабылдау ашық диалог форматында өтіп, тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарға нақты жауап алды. Мұндай кездесулер халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді шешуге оң ықпал ететіні анық.
