Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Исатай Сәбиұлы Жаңақорған ауданының тұрғыны, кәсіпкер Алмат Сарбасовты қабылдады.
Кездесу барысында Алмат Сарбасов кәсібін қалай дамытып жатқанын жеткізді. Дәлірек айтқанда, ол шлакоблок өндірісін жандандырғысы келеді. Оған қажетті құрал-жабдықты интернеттегі түрлі кеңесті мұқият қарап отырып жинақтап, өз қолымен құрастырып шыққан.
Кәсіпкердің айтуынша, шлакоблоктың құрамы цемент, қиыршық тас, құм және судан тұрады. Бұл шикізат түрлері біздің өңірімізде қолжетімді. Сондықтан құрылыс материалдарының ішінде шлакоблоктың бағасы едеуір арзан. Сәйкесінше, сұраныс та өте жоғары.
Алайда, жаңақорғандық кәсіпкер кәсібін әрі қарай өрге сүйреуге қаржы жетпей жатқанын жеткізді. Мемлекеттік қолдауға ие болса, тиеу машинасын сатып алуды ойластырып отыр. Жоба жүзеге асқан жағдайда, Алмат Сарбасов күніне 5000 дана шлакоблок шығаруға мүмкіндігі болады.
Өз кезегінде, басқарма басшысы мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге берілетін қолдау шаралары туралы түсіндірді. Сондай-ақ қолданыстағы заңнама аясында тиісті көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
