Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов аймақтың саяси-экономикалық, әлеуметтік дамуына ерекше үлес қосып жүрген, азаматтық қоғамның бір тірегіне айналып, белсенділігімен, мемлекеттік мүдде жолында маңызды шешімдерге тікелей араласатын әйел-аналарды 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтап, облыс әкімінің алғысы мен сый-сияпатын табыс етті.
«Біздің бүгінгі кездесуімізге азаматтық қоғамның дамуына үлесін қосып жүрген үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, медиа саласының мамандары, қоғамның дамуына жұмыс жасап жүрген нәзік жандылар жиналып отыр. Алдымен, сіздерді шұғылалы көктемнің ең шуақты мерекесі «8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен» құттықтаймын. Ұлттық болмысымызда сіңген ең асыл қасиеттеріміздің бірі – Анаға деген құрмет. Адамға өмір сыйлап, тіршілік нәрін беретін, жаратылыс атаулыны жандандыратын көктемде осындай керемет мерекенің келуі де бір ғанибет. Сондықтан, дәл бұл күн ғана емес, жылдың әр күнінде сіздерге деген құрметіміз бен алғысымыз шексіз», - деді басқарма басшысы.
Мерекелік кеште «Ақмеші ақшамы» газетінің бас редакторы С.Биқожа, «Көкжиек» қоғамдық қорының төрайымы А.Турбаева, Сыр елінің аяулы ақын қызы Қ.Есімсейітова, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Р.Игенбаева және т.б. әйел-аналар ыстық ықыластарын айтып, құрмет көрсеткен басқарма басшылығына шексіз ризашылығын білдірді.
Шара соңы өнерпаздардың ән кешіне ұласты.
