Kyzylorda-news.kz Қала әкімінің орынбасары Пакуатдин Шамұратовтың төрағалығымен өткен жиында Қызылорда қаласын дамытудың ұзақ мерзімге болжамды тұжырымдамасы қаралды.
Өздеріңізге белгілі, келер жылы бас жоспардың қолдану мерзімі аяқталады. Оны жаңалау мақсатында әзірлік шаралары қаңтар айында басталған болатын. Сызба жұмыстарын ашық конкурс арқылы жеңімпаз атанған Алматы қаласының «Казгипроград» 1 жобалау институты ЖШС жүргізуде. Осыған дейін елдімекенді дамытудың ұзақ мерзімді болжамының екі нұсқасы ұсынылып, ұсыныс-пікірлер тыңдалған еді.
Кеше осы ұсыныстар негізінде өзгертіліп жасалған Қызылорда қаласын дамытудың ұзақ мерзімге болжамды тұжырымдамасы қайта таныстырылды. Тұжырымдама құжатында Қызылорда қаласының 20 528,0 гектар аумағына аэрофототүсірілім толығымен орындалған және елді мекенді дамытудың ұзақ мерзімді болжамы әзірленген.
Талқылау барысында жиынға арнайы шақыртылған сәулетшілер, қоғамдық кеңес мүшелері мен мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері тұжырымдамаға енгізу қажет ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Қала әкімінің орынбасары Пакуатдин Шамұратов қаланың тұрақты дамуына серпін беретін маңызды құжаттың әзірлену кезеңдеріне баса назар аударуды атап өтіп, «Бас жоспар қаламыздың алдағы даму бағытын айқындап бермек. Облыс орталығының көркеюіне әрбір тұрғын атсалыса алады. Осы ретте, көтеріп отырған ұсыныстар орынды» деп жауапты сала басшыларына сызбаға ерекше мән беруді тапсырды.
Айта кету керек, келісім-шарт бойынша жобалаушы мекеме 1-ші кезеңде атқарылу тиіс жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтайды.
Фото: Қала әкімдігі