Kyzylorda-news.kz Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев «Қызыл кітапқа» енген қызғалдақтарды жұлған Шымкент қаласының тұрғынына қатысты пікір айтты.
Бұл ретте ол қызғалдақты жұлған әйелдің айыппұлды нақты қашан төлейтіні туралы хабарсыз екенін жеткізді.
- Бұл кейінірек белгілі болады. Бір айтарым, қатал болғанымен, заң талаптары бар. Егер адам заңды бұзса, айыппұл салынады. Егер адам заңды бұзбаса, айыппұл салынбайды, - деді Ғалымжан Қойгелдиев Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Осы орайда басқа елдерде де осындай қатал талаптар бар екенін еске салды.
- Біз көбінесе дамыған елдерді мысалға аламыз. Сингапурда адам темекі шегіп, тұқылын лақтырып жіберсе, ірі көлемде айыппұл салынады. Швецияда, Швейцарияда, Францияда, Германияда қылмыстық істердің 90 пайызында айыппұл салады және оған қоса қылмыстық жауапкершілік бар. Егер адам ұрлық жасаса, 6-7 жылға бас бостандығынан айырылады, үстіне айыппұл салынады, - деді Бас прокурордың орынбасары.
Фото: Түркістан облысы полиция департаменті