Kyzylorda-news.kz  Ұлан-байтақ даламыздың сынық сүйем жері біз үшін ұлық көрінеді. Арғы-бергі қиырына ат арытып әрең жететін қазақ жерінде талай жақсы мен жайсаң ғұмыр кешті. Алаштың ардағына айналған тұлғалар қалың қауымды уәлі сөзімен ұйыта білді. Сондай-ақ олар ерекше қасиеттерімен елдің есінде мәңгілік жатталып қалды. Сырдағы жұрт тағзым ететін киелі орындар жетерлік. Солардың бірі – Қармақшы топырағында жамбасы жерге тиген Марал баба Құрманұлы.

Марал ишан – тарихи тұлға, Ислам дінінің көрнекті насихатшысы. Кезінде Бұхара медресесінде, кейін Мазари Шариф­те (қазіргі Ауғанстан жері) білім алған. Ағартушылық қызметпен де көп айналыс­қан ол Қызылорда, Қызылжар, Қоста­най өңірлерінде бірнеше мешіт пен мед­­ресе ашқан.

Сәрсенбіде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы ауданымызға жұмыс сапарымен келді. Бас мүфти Жосалы кентінде жаңадан салынып жатқан «Марал Ишан» атындағы мешіт құрылысының жұмысымен танысты. Нысан басында, аудан әкімі Жандос Еркінбекұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасына ауданның тыныс-тіршілігі мен өңірді дамыту бағытында атқарылып жатқан игі жұмыстарды баяндады.

Сапар соңында, Бас мүфти үш жүзге пір болған Марал Ишан кесенесіне табан тіреді. Зиярат етуге бас муфтимен қатар, Діни басқарма жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, аудан ақсақалдары мен бірқатар азаматтар қатысты.

Кесене басында баба рухына құран бағышталды. «Жаратушы Жаббар Иеміз Марал бабамызды мейіріміне алғай. Жамағатпен жасаған зияратымызды қабыл етіп, хақ дініміз Исламның өсіп-өркендеуін нәсіп қылғай. Еліміз аман, жеріміз тыныш, егемендігіміз баянды болғай» деді жамағатпен бірге ел ертеңі үшін дұға жасаған бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Тағы да оқыңыз: