Kyzylorda-news.kz. Бүгін Жалағаш кентіндегі «Иманқұл» мешітінің бас имамы Айбек Мәдиевке «Қарабура Ата – 1» ШҚ-сың төрағасы Дастан Ержанов темір тұлпар табыстады.

Тағылымды іс-шарада Ержановтар отбасының ардақты анасы, қаржы саласына қажырлы еңбегі сіңген ардагер Нұржамал Құрманаева бас имамға темір тұлпардың кілтін табыстап, асыл дінімізді дәріптеудегі еңбегін құрметтеп, отбасына амандық тіледі.

«Бүгін осындай игі шараның куәсі болып жатырмыз. Әрине, өңір азаматтарының әрбір ісі кейінгі буынға үлгі болары сөзсіз. «Оң қолың бергенді сол қолың білмесін» деген қазақта киелі сөз бар. Дегенмен, жомарт жандардың қайырлы амалын басқаларға үлгі ету, біздің түпкі міндетіміз десем болады. Қайырымдылық жасауға барлығымыз асығып, жақсылық жасаумен жарысайық. Қайырымдылық жасауға үлкен дүниенің де керегі жоқ, тек мейірімге толы жүрегіңіз болса, болғаны», – дейді Айбек Мәдиев.

Айта кетейік, Дастан Ержанов тоқсан сайын аудандағы жағдайы төмен 40-50 отбасына 2 тонна күріш үлестіреді. Мұнан бөлек, жылына 3 рет 40-50 отбасына құрбандық шалып, тегін ет таратады. Тіпті, жылына 3-4 мәрте 10-15 отбасына тегін азық-түлік үлестіруді дәстүрге айналдырғанына да біршама уақыт болған. Ал, өткен жылы орталықтағы «Иманқұл» атындағы имандылық үйі берілген сәтте тағы бір отбасына баспана кілтін табыстаған. Бүгін игі шара жалғасын тауып, бас имам Айбек Мәдиевке темір тұлпардың кілті берілді. 
 

2.jpg

Тағы да оқыңыз: