Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының қолдауымен 12 мамыр - Аналар күні, 15 мамыр – Отбасы күніне орай «Бар махаббат – анаға» атты мерекелік концерт өтті.

Барша аналардың құрметіне халықаралық конкурстың лауреаты Алим Раджабов және оның 60 скрипкашы шәкірті Достық үйінің концерт залында өнер көрсетті.

Алим және жас скрипкашылар қазақ және әлем деңгейіндегі классикалық композицияларды әсем орындады. Концерт ерекше әрі жоғары деңгейде өтті. Көрермендер Алим мен оның шәкірттерінің өнерін ыстық ықыласпен қабылдады. Көптеген халықаралық конкурстардың лауреаты болып табылатын Алим қазір ORDA SСHOOL мектебінде шәкірттер тәрбиелеп, оларды үлкен сахнада өнер көрсетуге бар ықпалын жасап, шәкірттерді шыңға жетелеп, олардың бойындағы талантты тап басып танып жүр.

Ғаламат аспаптың ғажап сырына қаныққан өнер иелері Абайдың “Көзімнің қарасы”, Моцарттың «Аллегретто», Комаровскийдің «Маленький вальс», Дунаевскийдің «Сон приходит на порог», Хамидидің «Елік-ай», Лоуренстің «Arcade», Красевтің «Веселье гусята», «Happy birthday to you», Преслидің «Cant help falling in love», Стирлингтің «Carol of the bells», қазақтың халық әні «Япурай», Качинидің «Аве Мария» туындыларын орындады. Жас скрипкашылардың орындауындағы композициялар сахнаға сән келтіріп, бүгінгі балдырғандардың өнерді қаншалықты ұғынғандарын байқатты. 

Мерекелік кеште талант иесі Алимнің анасына құрмет, қошемет көрсетілді. Арнайы композиция орындалып, «Қоғамдық келісім» мекемесі атынан гүл шоқтары табысталды.

Кеш барысында облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының жанындағы Аналар кеңесінің төрағасы Айгүл Мұсабаева және «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов сөз сөйлеп, халықаралық деңгейдегі байқауларда топ жарып, жас өнерпаздардың талантын ашып, елдің болашақ перзенттерін тәрбиелеу жолындағы еңбегі мен ыждаһаттылығы үшін өнер иесі Алим Раджабовқа зор ризашылықтарын білдіріп, Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Баймановтың құттықтауын табыстады.

 

 

Тағы да оқыңыз: