Kyzylorda-news.kz. «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша өтініш қабылдау басталды, деп хабарлайды «Отбасы банктің» баспасөз қызметі.
Өтініш otbasybank.kz платформасында 20 маусым мен 19 шілде (қоса алғанда) аралығында қабылданады.
Бағдарламаға мына санаттар бойынша баспана кезегінде тұрған азаматтар қатыса алады:
көпбалалы отбасы;
мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасы;
-толық емес отбасы (неке бұзылған сәттен бастап кемінде 3 жыл өтуі керек).
“2022 жылы “Бақытты отбасы” бағдарламасы бойынша 5 мыңнан астам отбасыға несие беруді жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде Отбасы банкіне 51 млрд теңге қаражат түсті. Биыл лимиттерді бағдарламаға қатысушылар арасында бөлу кезінде басымдық былтырғыдай мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға беріледі”, – “Отбасы банк” АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
«Бақытты отбасы» бағдарламасына 2021 жылы тапсырыс берген, алайда несие алмаған үміткерлердің өтініші күшін жояды. Олар бағдарламаның жаңа кезеңіне қатысу үшін биыл қайтадан өтініш беруі қажет.
Өтініш қабылдау аяқталғаннан кейін қатысушылардың негізгі және резервтік тізімдері автоматты түрде қалыптастырылады. Тізімдерге бөлу кезінде қатысушылардың жергілікті әкімдікте кезекке тұру күні мен санаты анықтаушы факторға айналады. Байқау нәтижелерін otbasybank.kz порталынан көруге болады.
Бағдарлама шарттары
Қатысушыларды іріктеу кезінде азаматтардың кірісі тексеріледі.
Соңғы алты айда отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табыс ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен аспауы керек.
Айта кетері, биыл күнкөріс деңгейі – 37 389 теңге. Сәйкесінше бір отбасы мүшесіне шаққандағы табыс 115 905 теңгеден аспауға тиіс.
бастапқы жарна – несие сомасының 10%-і;
жылдық мөлшерлеме – 2%;
несие мерзімі – 20 жылға дейін.
Бағдарлама аясында жергілікті әкімдік арқылы салынған кредиттік тұрғын үйді, жаңа және қолданыстағы пәтерлерді, сондай-ақ жер үй де сатып алуға болады.
Нұр-Сұлтан, Алматы және қала маңы аудандарында, Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларында несиенің ең жоғарғы сомасы – 15 млн теңге. Ал қалған өңірлерде ең көбі 10 млн теңге кредит рәсімдеуге болады. Өтініш беруші өзі баспана кезегінде тұрған өңірден ғана үй сатып ала алады.