Kyzylorda-news.kz. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, Қордайдағы оқиғаға байланысты құрылған Үкіметтік комиссияның мүшесі Бақытбек Смағұл өзінің Facebook парақшасында жазды.

«Есебім болсын, айта отырайын. Үкіметтік комиссия құрамында жүріп, жете зерттеп, жұртшылықпен әңгімелесе келе, бір жарым ғасырдан артық қордаланған біраз мәселе қатпары ашылды. Жеке-жеке тоқтала кетейін. Екі жақтан ақсақалдарды шақырып, кеңес құрдық. Бес ауылдың бәрінен өкілдерін жинадық. Дұңған жағынан қариялар басын иіп тұрып, жастардың бұзақылығы, үлкендердің тәрбиеде жіберген олқылығы үшін қазақтардан кешірім сұрады. Тараптар қол алысып, мәмілеге келді. Дұңған қариялары қазақтарды мешіт жанында мұсылман болып бас қосып, мал сойып сыйлап, татуласуға шақырды. Татулық керек. Ұлттық ұлан кейін кетеді. Демек, жергілікті жұртшылық өзара бітіспей, келісімде өмір сүрмей болмайды», – деген Б. Смағұл жазбасында.

Сондай-ақ, Мәжіліс депутаты өзінің жазбасында Масаншы ауылындағы жолдардың жағдайы нашар екенін, дұңғандардың балаларының бірде-біреуі Қазақстанның Қарулы күштеріне бармайтынын, әскери борышын өтемейтінін, қазақ мектептерінде оқығысы келмейтінін ашық жазған.

«Дұңғандарда тәрбиенің басым бөлігі мешітте беріледі. Ал оның басты уағызшысын Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы сайламайды. Дұңған тілінде уағыз айтылып жатады. Ол не айтып жатыр? Бәлкім, бізге қарсы үгіт жүргізіп жатқан болар?! Дұңғандар тек Құранды ғана емес, қоғамды сыйлай білуі шарт. Сондықтан мен еліміздің бас мүфтиі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлымен сөйлестім. Ол облыстық имамды Қордай ауданына жіберді. «Діни бағыттағы сала бақылауда болады. Жұмыс жасаймыз. Әр шараны қадағалап отырмын», – деді маған жаңа бас мүфтиіміз», – дейді депутат.

Бақытбек Смағұл дұңғандардың қазақ еліне үдере көшіп келгеніне бір жарым ғасырдай уақыт болғанын, алайда іргедегі қазақтармен аралас-құраластығы үзілгенін ерекше атап өткен.

«Екі ортада көпір тұр. Пайдаланбайды. Бұл мәселелердің барлығы өткен ғасырдан бері қордаланған. Енді оны тәуелсіздік аясында толық шешу аса маңызды. Жалғыз дұңған ғана емес, басқа барлық этностар мемлекет құраушы қазақ халқымен бірге бір ұлт болып ұйысуы керек. Әйтпесе, әрқайсысы әр жаққа тартып, жерімізді ту-талақай ету қаупі бар», – дейді ол.

«Жамбыл облысының Қордай ауданына Парламенттен, Үкіметтен, Бас прокуратурадан, Ұлттық қауіпсіздік қызметінен және басқасынан өкілдер келді. Жергілікті халықты мазалаған әлеуметтік-экономикалық мәселелерді анықтап, жазып алды. Мектеп, аурухана, жол мәселелерін шешіп беруді сұрайды. Алдағы уақытта ол бойынша үлкен жұмыс жасалуға тиіс. Жұртшылық төбелестің қайталануын емес, жылдар бойы қордаланған түйткілдердің нақты шешілгенін қалайды. Бізді қазақ жағы жақсы қабылдады, келгенімізге шын жүректен қуанды. Қазақтың қанымен келген жер заңымен қорғалады. Қазақ бағынған заң дұңғанға да, басқасына да ортақ. Мемлекет ішінен мемлекет құру деген қара пиғылдың тамырына балта шабылуға тиіс!» – деп сөзін қорытқан Үкіметтік комиссия мүшесі.

Еске сала кетейік, бұған дейін Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Масанчи ауылының тұрғындары арасында жаппай төбелес болып, одан 10 адамның қайтыс болғанын хабарлаған болатынбыз.

Тағы да оқыңыз: