Kyzylorda-news.kz Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын қолдауға бағытталған «AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» акциясы аясында Сыр өңірінің барлық аумағында тазалық жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Игі іске үлес қосқан аралдық аманаттықтар бүгін аудан орталығындағы «Балықшылар аллеясы» аумағына тазалық жүргізді.
«Таза бейсенбі» акциясына аудандық мәслихаттағы фракция мүшелері, партияның аудандық филиалының қызметкерлері, бастауыш партия ұйымдарының белсенді мүшелері және рухтастар қатысты.
«Шыны керек арнасы кепкен Аралдың экологиялық зардабын көбірек тартып отырған біздің өңір үшін бұл балықшылар аллеясының маңызы зор. Мұнда Арал теңізінің сол кездегі тіршілігі мен еңбегі ерен балықшы қауымының тарихы бейнеленген. Тарих төрінде сақталған Арал балықшыларының аштықтан зардап шеккен Еділ аумағының тұрғындарына 14 вагон балық жолдап, миллиондаған халқын құтқару оқиғасын суреттейтін вагон да осы аллеяда сол кезді еске салатындай көрік беріп тұр. Біз өңір тазалығына, оның табиғатына жауапкершілікпен қарайтын болсақ, табиғаттың да бізге берер сыйы таусылмасы анық. Бүгінгі дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнінде барша азаматтарды табиғатқа қамқорлық танытуға шақырамын», - дейді аудандық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Нұрсәуле Ембергенова.
Қоршаған ортаны жақсарту мәселесіне басымдық берген аманаттықтар аталған аумақтағы ретсіз қоқыстарды жинап, белгіленген орынға шығару секілді бірқатар жұмыстарды атқарды.