Kyzylorda-news.kz Әбділдә Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап кітапханасында 1-маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне орай болашақ ұрпақтың бақытты өмірін қалыптастыру, шығармашылық қабілеттерін шыңдау және оларға естен кетпес көңіл-күй сыйлау мақсатында «Балғын балалық шақ» атты мерекелік кеш ұйымдастырылды.

Мерекеге «Жайна Құлыншақ» балалар бақшасының, «Айзере», «Медина» балаларды дамыту орталықтарының, Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінің оқушылары және «Мол-Бақыт» дуэті қатысып, ән шырқап, би билеп шараның қызықты өтуіне өз үлестерін қосты.

Мерекелік шараны қала мектептерінің жазғы лагерлерінде тынығушы балалар, кітапхананың белсенді оқырмандары, ата-аналар және ұстаздар тамашалады. Кішкентай балғындардың өнерлерін тамашалаған ата-аналары мен ұстаздары ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, жақсы көңіл-күйге бөленді.

Шара соңында барша бүлдіршіндерге арнап балмұздақ таратылып, баланың дүниетанымын кеңейтетін, ақыл-ойын дамытып, шығармашылық қабілетін шыңдайтын «Балалық шақтың шуақты әлемі» атты кітап көрмесімен танысты. Көрмеге 300-ге жуық балалар әдебиеті қойылды. Кешке қатысқан жеткіншектер түрлі танымдық кітаптармен көмкерілген көрмені  тамашалап, керемет әсерге бөленді. Оларда ұйымдастырушы ұжымға алғыстарын білдірді.

Тағы да оқыңыз: