Kyzylorda-news.kz. Бүгінде отбасында зорлық-зомбылыққа ұшырайтын балалар саны көбейіп барады. Мәселен, статистикаға сүйенсек, еліміздегі дағдарыс орталықтарына хабарласып, көмек сұрағандардың 67%-ы – балалар. Тағы бір назар аударарлық дүние – бұл балалардың басым көпшілігі көп балалы отбасынан шыққан. Осы тұста бірқатар заңды сұрақ туындайтыны анық. Бала неліктен отбасында өзін қауіпсіз сезіне алмайды? Жақын адамдарынан зорлық-зомбылық көру оның психологиясына қалай әсер етеді? Неге балалар жиі зорлыққа ұшырайды? Ондай балалар санын азайту үшін не істеу керек? Зәбір көрген балалар қайда хабарласа алады? Міне, осы сауалдарға психолог Аина Молдахметова жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
- Аина Мерекеқызы, жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандарға көмек қолын созатын дағдарыс орталықтарына хабарласқандардың 67%-ы балалар екен. Бұл дегеніңіз, тіпті жартысынан да көп. Айтыңызшы, отбасындағы балаларға қатысты зорлық-зомбылық неден туындауы мүмкін?
- Жалпы, адамдардың басым көпшілігі баланың табиғатынан бейхабар. Оның психикасының дамуының әр сатысында қандай өзгерістер болатынын жақсы білмейді. Мәселен, ересектердің көбі баланы «кішкентай ересек адам» деп қабылдайды. Бір айтқаннан бәрін түсініп, тыңдауы қажет деп ойлайды. Ал бұған тереңірек мән берсек, кейбірі баланың не үшін керек екенін де білмейді. Олар қартайғанда жалғыз қалам деген қорқыныштан бала тапқысы келеді. Сондай-ақ, көбірек жәрдемақы алу үшін де баланы дүниеге әкелетіндер бар. Жүргізілген сауалнама нәтижесі соны көрсетіп отыр. Одан бөлек, қоғамда қалыптасқан басқа да таптаурындар әсер етеді. Сондықтан да, баланың психологиясын түсінбегеннен кейін, олармен қалай қарым-қатынас жасау керегін білмей жатады. Сол себепті де, тәрбилеудің ең оңай түрін, яғни зорлық көрсету, ұрып-соғу тәсілін қолданады.
Бала – ересек адам емес, оның өмірлік тәжірибесі де аз, сондықтан да оның көп дүниені түсінбеуі, сұрағының көп болуы заңды. Ата-ана осы мәселені жақсы ұғынуы керек. Ал оның ата-ананы тыңдамауы, шу шығаруы өзін әке-шешесінің түсінбегенінен туындайды. Енді бір себеп ретінде отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайының төмендігін айтар едім. Ал үшіншіден, жүйенің дұрыс емес екенін, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес жұмыстарының дұрыс жүргізілмей жатқанын да атап өту керек. Бірақ, проблеманың бәрі бала психологиясын жете түсінбегендіктен туындайтынын еске салғым келеді. Осылайша, мәселенің бәрін тек ұрып-соғу арқылы шешу әдісі ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса береді. Тіпті, қазір баласына ұрып-соғумен тәрбие беру қалыпты жағдайға айналып кеткен. Өйткені, кішкентай кезінде оларды да ата-анасы соққыға жыққан. Сондықтан да, мұндай ата-аналар балаларды тәрбилеудің басқа жолын білмейді.
- Баланы ұрып-соғу, оған физикалық зақым келтіру оның психологиясына, психикасына қалай әсер етеді? Осыған тоқталып өтіңізші...
- Балаға физикалық, психологиялық және жыныстық зорлық көрсеткен кезде, оның жеке шекарасы бұзылады. Кейін ол қоғамда, адамдармен араласқан кезде жеке шекараның не екенін біліп, оны қорғай алмайды. Өмір жолында кездескен адамдардың бәрі оны ренжітеді, көңіліне қаяу түсіреді. Ал ол мұның бәріне ата-анасының ұрып-соққанына шыдаған сияқты төзе береді немесе агрессивті реакция танытады. Салдарынан әр нәрсеге агрессивті көзқарас танытатын не өзін жәбірленуші сезінетін адам өсіп шығады.
- Қазақта «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөз бар. Өзіңіз айтқандай, зорлық көрген бала өскеннен кейін өз баласын ұрып-соғатын болады. Зорлық көрсетудің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуын қалай тоқтатамыз? Мүмкін, ата-анаға қандай да бір шара қолдану керек шығар?
- Қазір бізде баласын ұрып-соққан ата-ананы жазалау тәжірибесі ғана қолданылады. Бұл проблемамен күресте мұны тиімді тәсіл деп айтпас едім. Біріншіден, ата-ананы жазаламастан бұрын, оларға психологиялық көмек көрсетілуі тиіс. Себебі, ол да жаңа атап өткеніміздей, бала кезінде өзінің ата-анасы тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшыраған болуы мүмкін. Осыны зерттеу керек. Мәселен, оларға психологпен терапия немесе лекциялар тыңдауға мүмкіндік, бағыт-бағдар берілуі керек. Оларды түзеу жұмыстарына тартып, айыппұл салғаннан гөрі, бала тәрбиесіне қатысты лекция тыңдатқан дұрысырақ болар еді. Бұл тек қана баланы емес, бірінші өзін түсінуге, кейіннен баланы түсінуге мүмкіндік береді. Өйткені, ата-ананың миында бұған дейін зорлыққа қатысты белгілі бір әдеттер қалыптасты ғой, соны өзгерту керек. Міне, ата-ананың зорлық-зомбылыққа көзқарасын өзгерту арқылы біз психологиялық және физикалық сау адамдардың көбеюіне жағдай жасаймыз.
- Мамандар отбасында зәбір көрген балалармен жұмыс істеген кезде нені ескеруі керек?
- Мамандар ата-анасынан таяқ жеген, зорлық-зомбылық көрген балалармен жұмыс істеген кезде оның адам ретінде «тұтастығын» қайтадан қалыптастыруға тырасады. Себебі, психикалық не физикалық зәбір көрген баланың жан дүниесінің парша-паршасы шығып, шашылып қалады. Мәселен, терапия кезінде бала өзінің қорқынышын қағазға түсіреді. Кейін біз мұнымен жұмыс істеп, оны басқа позитивті дүниеге айналдыруға тырысамыз. Бірақ, бұл жерде тек баламен ғана емес, анасымен де қатар жұмыс істеу керек. Өйткені, баланың психологиясымен жұмыс істеп, қалыпқа келтіргенмен, анасының психологиясы өзгеріссіз қалса, онда пайда жоқ.
Жалпы, ата-ана баламен дұрыс қарым-қатынас құруға талпыну керек. Мысалы, баланы ұрып-соғып, жекіп-ұрысқаннан гөрі, оған қандай мәселеге тап болғанын айтуына мүмкіндік беріп, қандай жағдай болса да, мәселенің шешілуіне көмектесетінін ешқандай агрессиясыз жеткізу қажет. Ата-ана мен баланы бір-бірімен тіл табысуға, сөйлесуге үйрету керек.
Оған қоса балаға өз құқығын қорғауды, өзіне не қажет екенін білуді үйрету керек. Сонымен бірге, ата-анасы баласына өзінің іш-киімін ешкімге ұстатпау керегін айтуы тиіс. Бала бір нәрсе айтса, оның сөзін бөліп тастамай, соңына дейін тыңдау керек. Бұлар қарапайым көрінгенімен, бала психологиясы үшін өте маңызды. Көзқарасы мен ойын ата-анасына айта алатын болса, кейін басқа ортада да өз ойы мен көзқарасын оңай жеткізетін болады.
- Бір кездері сіздің «111» call-орталығында жұмыс істегеніңізді білеміз. Қай кезде жұмыс істедіңіз? Сондағы тәжірибеңізбен бөлісе аласыз ба? Балалар жиі хабарласушы ма еді?
- Қазақстанда зорлық-зомбылық көрген бала «111» сенім телефонына хабарласа алады. Мұның жарнамасы теледидардан да беріліп жүр. Мен осы орталықта жұмыс істеп жүрген кезде бізге Қазақстанның түкпір-түкпірінен балалар хабарласатын.
Мен онда елімізде «көк кит» ойыны белең алған 2017-2018 жылдары жұмыс істедім. Ойын арқылы балаларға манипуляция жасап, өздеріне зарар келтіруге мәжбүрлеп, тапсырмалары тіпті өзіне қол салуға дейін апарып жатты. Өз-өзіне қол жұмсағысы келген көптеген жеткіншек бізге хабарласатын. Тіпті, 16 жастағы бір қыз қорабымен дәріні ішіп алып хабарласса, енді бірі 9-қабаттан секірмекші болды. Екеуінің де жағдайы ұқсас, отбасындағы түніспеушіліктің жоқтығы, баланың қалауына назар аудармайтын ата-ана, жақын араласып, сырын айтатын достарының жоқтығы себеп болған. Міне, осындай жағдайлар өмірден баз кешіп, қол жұмсауға итермелеген. «Көк киттің» де әсері жоқ емес.
Жалпы, отбасындағы не қоғамдағы зорлық-зомбылықтың көбеюі оның қалыпты жағдайға айналып бара жатқанын көрсетіп отыр. Бұл жерде бұқаралық ақпарат құралдарының да рөлін атап өткім келеді. Зорлық-зомбылық жайлы БАҚ-та көп көрсетіледі. Оны көбі соншалық, әбден етіміз үйреніп кеткен. Ғалымдар жүргізген бір тәжірибе жайлы айтып өтейін. Олар маймылды отырғызып қойып, оған атыс-шабыс киносын көрсеткен. Алғашқы минутында-ақ жаңағы маймыл өз-өзінен құтырып, қорқып, шыңғыра бастаған. Көрдіңіз бе, анау атыс-шабыс, қанның оған қалай кері әсер еткенін.
Жалпы, мұндай жағдайда денсаулық, білім, БАҚ саласының мамандары, әлеуметтік қызметкерлер мен психологтер бірлесе жұмыс істеуі керек. Мәселен, мектептер көбіне өздерінің абыройы үшін жасырып, үнсіз қалуға тырысады. Ауруханалар да өздеріне жауапкершілік алмас үшін араласқысы келмейді.
Ал, біздегі БАҚ репортаждарда көбіне зорлық-зомбылық көрген, яғни жарақат алған баланы, арақ ішетін әкесін көрсетіп жатады. Бұл тек зорлық-зомбылықтың көбеюіне әкеліп соғады. Мұны азайту керек. Керісінше, осындай жағдайға ұшыраған отбасы мәселесін қалай шешті, міне, осы дүниелерді көптеп жазып, көптеп көрсету керек. Мысалы, баланы қалай тәрбиелеу керегіне қатысты нақты мысалдар арқылы, белгілі бір адамдардың тәжірибесін түсіру, жазу арқылы бүге-шүгесіне дейін көрсеткен дұрыс болар еді. Одан кейін бала тәрбиесіне қатысты арнайы бағдарламалар да жоқтың қасы. Мәселен, Ұлыбританияда «Super nanny», «101» деген танымдық бағдарламалар бар. Міне, бізге де сондай ағартушылық бағыттағы бағдарлама, жоба қажет-ақ. Сондықтан, БАҚ-та фактілерден гөрі, проблеманың шешу жолдарын көбірек жазып, көрсету керек деп ойлаймын.
- Сұхбатыңыз үшін рақмет!
P.S. Отбасында не басқа жерде зорлық-зомбылық көрген балалар «111» сенім телефонына хабарласып, көмек ала алатынын еске саламыз.