Kyzylorda-news.kz. Өткен жылы Аралда 6  балалар ойын алаңы ашылған.  Бұған қоса түрлі спорттық алаңдар пайдалануға берілді. Ал биыл балаларға шаттық сыйлайтын тағы бір орталық өз жұмысын бастады. 

Жаз келсе ойын баласы үй бетін көрмей ойнауды жаны қалайды.  Ауыл баласы алаңсыз далада доп қуып, асық атып ойнайды. Ал қалада  зымырай жүйткіген көлік баланың алаңсыз ойнауына қауіп төндірмей қоймайды. Мұндайда қала баласы қайда барады? Аралда жұрт «маяк» деп атап кетке демалыс паркі бар. Мұның ішіне кірсеңіз  гүлзармен көмкерілген. Балалар ойынынан қажетті әткеншек, алуан түрлі ойыншық мен машина жеткілікті. Балалар ғана емес үлкендердің де демалатын сүйікті орынына айналған демалыс орын кәсіпкер Мейрамбек Төлепбергенге тиесілі. Қарапайымдылығымен танылған жанды бір көргенде осындай керемет дүниені жасап отырған басшы деп ойламай қаларыңыз анық. Себебі ол ешқашан көкірек керіп кербезденіп көрмеген. Алдына келген адаммен жылы шырайда сөйлесіп, парктің көркейту –көгалдандыру жұмыстарының бәрін өз қолымен жасап отыратын қарапайым жан.

Мейрамбек Қуантқанұлы бар саналы ғұмырына ауданның кәсіпкерлік саласында қанат жаюуына арнап жүрген кәсіпкердің бірі. Ес біліп етек жиғалы кәсіпкерлікке бет бұрған ол Арал қаласындағы демалыс паркінің жұмысын жандандырып,  келушілердің жанына жайлы орталыққа айналдырған. «Театр киім ілгіштен басталады» демекші, саябақтың көркі желек жайған жасыл ағаштар мен гүлзар екені белгілі. Бұл тұрғыда кәсіпкер ауыз толтырып айтарлық іс тындырды. Анығын айтар болсақ жыл сайын көктемде егілетін көшет саны көбейіп, бүгінде саябақта жайқала өсіп тұр терек пен қызыл тал, ақ тал алыстан көздің жауын алады. Осында демалуға асыққан жұртшылықтың жанына лаззат сыйлайтын гүлзардағы алуан түрлі гүлдің санында есеп жоқ. Осының арқасында аралдық балақайлар демалысын үлкен қалаға өткізуға асықпайтын болған. Өйткені ойын баласына қажетті қаладағы өмір өзіміздің Аралда да бар. 

–Балалардың балалық шақтың бал қызығына тоймай ойнауына мұнда бар жағдай жасалған. Аттракцион, тир мен балаларға арналған көлік, гидроскутер әр балақайдың көңілінен шығады. Соңғы екі жылда кешкі уақытта келіп дымалатын адам саны артты. Саябақ қала алыс жақын ауыл адамдарының сүйікті демалыс орнына айналды. Парк ішінде жайлы орындықтар мен самалжайлар да бар. Жас-кәрі де келіп тынығатын саябақта сауда дүкендері де орын тапқан. Мұнда бірнеше адам өз шаруашылығын түзеп жұмыспен қамтылып отыр, – дейді кәсіпкер. 

Осынау игі істің басында жүрген кәсіпкердің әр ісіне жұртшылық сүйсіне қарайды. Себебі ол өзінде ғана болсын демей, өзгелермен де жақсы амалдарымен бөлісе білетін жомарт жан. Қолынан келгенше әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, жетім-жесірлерге көмек беріп, қайырымдылық жасағанды әдеткен айналдырған. Десе де, «Оң қолым бергенді сол қолым білмесін» демекші, қайырлы ісін жарнамалауды жаны сүймейді. 

Жомарт жүректі кәсіпкер отбасында бақытқа бөленген отағасы. Жары Анар екеуі төрт бала тәрбиелеп отыр. 

– Мен балаларыма жастайынан еңбекті сүюге, табиғатты аялау және қоғам игілігі үшін жақсылық жасауға үйретіп келемін. Балаларым барын бағалай білетін, туған жері үшін қызмет ететін саналы ұрпақ болса деймін. Олар әрбі нәрсенің еңбекпен келетінін түсінсе ешқашан ақ жолынан адаспайды, – дейді ол.

Мейрамбек өзінің игі ісімен отбасына ғана емес өскелең ұрпаққа үлгі болып отыр. «Атаңның баласы болма, адамның балаы бол» деген әпсана сөзді ұстаным еткен кәсіпкер өмірін ізгілік істермен өре білген өрелі іс иесі көпке үлгі болары сөзсіз.
Сол сияқты жеке кәсіпкер Бексұлтан Мусаев жеке қаражаты есебінен «Играй-ка» ойын-сауық орталығын ашып, балаларға шаттық сыйлады. 

«Көптен бері балалар ойын-сауық орталығын ашуды жоспарлап жүрдік. Жан-жақты зерттеп, мұқият сүзгіден өткізген соң ғана қолға алдық. Себебі мұнда кішкентай балақайлар келеді. Оларға жайлы жағдай мен қауіпсіздік шаралары бірінші кезекте сақталуы керек. Біздің ойын-сауық орталығы көлемі жағынан кең. Балаларға емін-еркін ойнауға жағдай жасалған. Бір мезетте 50 баланы қабылдауға мүмкіндік қарастырп отырмыз», – дейді кәсіпкер. 

«Играй-ка» балаларға арналған ойын-сауық орталығында балалардың уақытын қызықты да көңілді өткізуіне арналған батутты аймақ, лабиринттер, ойын комплекстері мен әткеншектер, сырғанақ, өрмелеуіш сынды заманауи үлгідегі барлық ойын құрылғыларымен жабдықталған. Мұнда келушілер балаларды ойнатып қана қоймай, жылдам тамақ түрлерін де тұтына алады. 

«Келушілерге барлық жағынан жайлы жағдай жасағымыз келді. Көбіне балалар қызық қуып ойнап жүргенде үлкендер жағы шаршайды. Сондықтан олардың отырып демалып, тамақтануы үшін асхана жұмысы да іске қосылды. Асханада фаст-фуд тағамдар ұсынылады. Және түрлі сусындар да бар»,  – деді Бексұлтан. 

Мұндағы түрлі тербелмелі әткеншектерде ойнау үшін бір балаға екі сағаттық ойынға 1000 теңге төлем жасайсыз. Ал мүмкіндігі шектеулі балалар мұнда тегін ойнап, өз уақытын қызықты өткізе алады. Жұма күні күндізгі сағат 11.00 мен 18.00 аралығында 50 пайыздық жеңілдік те қарастырылған.   Балалардың қауіпсіздігіне жауап беретін арнайы 4 қызметкер бар. Олар қызық қуып жүрген бүлдіршіндердің тосын жағдайға тап болмасы үшін жауапты. 

«Алдағы уақытта тағы да әткеншектер мен түрлі ойнауға арналған құрылғыларды алдыруды жоспарлап отырмыз. Қазір күн жылып келеді. Ойын орталығының іші ғана емес, сыртында да ойнайтын құрылғылар, батут келетін болады. Және барлықғы қауіпсіздік үшін арнайы қоршалады», – деген Бексұлтан өз жоспарларын да ортаға салды.

Орталықта ақыл-ойды дамытатын ойын түрлері де бар. Барлығы жас ерекшеліктеріне қарай қарастырылған. Балаларға жайлы жағдай жасау елдің келешегінің кемелділігін айқындай түссе керек. Бүгін өзіне керектіні қоғамнан ала алған балақай, ертең барын елге беретін азамат болып өсеріне сенеміз. Осы тұрғыда балаларға арнап ойын орталығын іске қосып, бүлдіршіндерді қуантып отырған кәсіпкер Бексұлтан Мусаетың алдағы жұмысының нәтижелі боларына сенім мол.

Тағы да оқыңыз: