Kyzylorda-news.kz. Бүгінде Қызылорда облысында кәсіпкерлік саласын дамыту негізі қалыптасып, жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында тиісті шаралар атқарылып келеді. Оған бизнес жобаларды мақсатты түрде игеріп, өз алдына дербес кәсіп ашуды қолға алған азаматтар қатарының күн санап артуы дәлел. Сондай кәсіпкерлердің қатарында жалағаштық кәсіпкер – Еркебұлан Каиповта бар.
Кәсіпкер кент орталығынан «Ботақан» сауда және балалар ойын сауықтыру орталығын ашқан. Қазіргі уақытта аталған нысанның құрылысы аяқталып, барлық қажетті жабдықтармен жабдықталып, ел игілігіне табысталуға дайын тұр.
– Бұл нысанды ашудағы мақсатым – кәсіпкерлік саласының дамуына үлес қоссам деймін. Онан соң аудандағы кішкентай балалар осында келіп уақыттарын тиімді өткізсе нұр үстіне нұр. Мұнда балалардың көңілін көтеретін әртүрлі жабдықтар орналасқан. Сондай-ақ, балалардың қауіпсіздігі де ескерілді, – деді кәсіпкер.
Айта кетейік, орталықтың жоба құны 200 млн теңгені құрайды. Кәсіпкердің айтуынша, жаңа нысанның әр қабаты балалар ойын алаңы, сауда орны, тамақтануға арналған орын секілді түрлі мақсатқа бағытталған. Бұл балаларға арналған ойын орталығы ауданның кәсіпкерлік саласына жаңа леп әкелді десек те болады. Жоғары сапалы жабдықтармен жасақталған ойын-сауық орталығы балаларымыздың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Ата-ана үшін баланың қуанышты жүзін көру үлкен бақыт. Бұл орталықта ойын алаңдарының түр-түрі қарастырылған және отбасымен тамақтануға да жағдай жасалған.
– Мұнда тек қана балаларға арналған ойын алаңы ғана емес, ата-аналарға арналған күту залы, тамақтануға арналған орын және т.б. қарастырылған. Қазіргі кезде нысан толықтай аудан халқына сапалы қызмет көрсетуге дайын. Алдағы уақытта тұрақты 10 адамды жұмыспен қамту жоспарда бар, – деді ол.
Кәсіпкерлікті дамыту – нарықтық дамытудың кепілі. Облыстағы кәсіпкерлік саласының дамуы бүгінде сан қырынан көрініс тауып келе жатқандығы қуантарлық жағдай. Әрі қарай да жаңа жобалар жалғасын тауып, жұмыс орындары ашылып, жұмыссыз жандар жұмыспен қамтылатын болса, кәсіпкерлік саласының дамуы арқылы елдің жағдайы да жақсара түспек.
Аружан Мырзалықызы