Kyzylorda-news.kz. Қазір балалар қысқы демалыста. Әйтсе де, шаңғы теуіп, сырғанаққа барудың қаупі жоқ емес. Осы орайда ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының инфекциялық емес аурулар мониторингі бөлімінің бас маманы Қуаныш Әлімбетов қысқы демалыс кезінде балалардың саулығы үшін ата-аналарға біршама кеңес береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, қыста көктайғақтан және ауа райына байланысты бала түгілі ересектердің жарақаттанып қалу қаупі жоғары.

«Егер балаңыз конькимен, шаңғымен немесе шанамен сырғанағысы келсе алдымен ойын құралдарын тексеру керек. Шаңғы баланың аяғына сенімді әрі дұрыс бекітілуі тиіс. Ал коньки аяқ өлшеміне сай тұруы керек. Шанамен немесе шаңғымен сырғанау үшін таңдап алынатын аумақ міндетті түрде жолдан, тал-тоғайдан алыста болуы тиіс», – дейді ол.

Қуаныш Әлімбетовтың айтуына қарағанда, әсіресе көлік құралдарына тіркеліп, шаналарды бір-біріне байлау қауіпті. Конькимен арнайы жабдықталған орындарда немесе мұз айдындарында сырғанау керек.

«Шаңғымен және конькимен сырғанау, сондай-ақ тайғақ табаны бар аяқ киімді кию – аяқ сынуының негізгі себептері. Сынықтың барына күдіктенген кезде дәрігерге баруды кейінге қалдырмаңыз. Қар үстіндегі ойын, көздің зақымдануына әкелуі мүмкін, сондықтан ересектер балаларға майда болса да мұз бөлшектері араласқан қарды лақтырмау керектігін ескерткені жқн. Жылдың суық мезгілінде негізгі қауіп-қатер көктайғақтан келеді. Біріншіден, балаға аяқ киімді дұрыс таңдап алыңыз: жұмсақ резеңкеден немесе термоэластопластан жасалған, өкшесіз қабырғалы табаны бар аяқ киім кигені дұрыс. Екіншіден, көктайғақ кезінде үлкен қауіп-қатерді сатылар туғызады. Мүмкіндігінше, сатыдан түскен немесе шыққан кезде аяқты баспалдақтың бойымен қойып, абайлап түсу керек», – дейді ол.

Маман өз сөзінде қыста жарақаттар тізіміне «мұзға жабысу» қаупі де қосылатынын атап өтті. Балаға аязда дымқыл қолмен, не тілмен темір конструкцияларды ұстап, жалауға болмайтынын ескерту керек. Сонымен қатар, жол-көлік жарақаттары да тіркелуі мүмкін. Балалар көлік жақындап келе жатқанын көре тұра, тезірек өтіп кетуге асығады. Ал тайғақ жолда жүргізуші тежеуге үлгермеуі мүмкін. Балаға міндетті түрде жол жүру ережелерін сақтау қажеттігін ескерту керек.

«Тағы бір көп кездесетін қысқы жарақат – үсік. Оған ауаның төмен температурасымен бірге, дымқыл ауа райы, ылғалды киім немесе тығыз аяқ киім себеп болуы мүмкін. Көбінесе қол мен аяқтың саусақтары, бет, мұрын, құлақ үсиді. Жағымсыз салдарлардан аулақ болу үшін баланы серуендеуге дұрыс киіндірген жөн: аяғын қыспайтын және су өткізбейтін аяқ киім, жылы астарлы су жұқпайтын материалдан жасалған бас киім қажет. Теріні арнайы балалар кремімен қорғау керек», – дейді Қуаныш Әлімбетов.

Тағы да оқыңыз: