Kyzylorda-news.kz  Жыл сайын айналаны көкке ораған көктемнің мамыры аяқталысымен барлық бала жазғы демалысқа шығады. Қыстың ызғарында жылы шырай жазды аңсаған бала-көңіл көрші-көлем болып, қазалылықтар "Мотор", "Ақ арық", "Қара арық", "ЮпиАлтай" атап кеткен каналдарды жағалап, шомылып, қол-аяғын сор басқан оларды ата-анасы көріп, суға барғандарын білмесі үшін шімішкі майын жағып алатын еді. Ол шақта ойын баласы, артық ой жоқ болған соң тіршілік нәрі болған судан да қауіп барын ұқпадық. Бүгінде елімізде сақтық шараларынан бейхабар қаншама бала-балғын дәл осылай ойнаймын деп барып, ажалдың орына түсіп, су айдындарында келместің кемесінен орын тауып жатыр. Әне-міне дегенше, биылғы суға шомылу маусымы да, басталғалы тұр.

2023 жылы елімізде – 242 адам суға батып көз жұмған. Оның ішінде, 77 жасөспірім бар. Бұл деректерді 2021 жылмен салыстырсақ, ересектердің өлімі – 43, кәмелетке толмағандар арасында қауіпсіздік ережелерін сақтамағандар қатары – 41 пайызға азайған. Сондықтан, жергілікті жердегі су айдындарында адамдардың қаза болуына жол бермеу үшін Қазалы аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бүгінде азаматтардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешенін жүйелі жалғастырып келеді.

Төтенше жағдай бөлімі мамандарының айтуынша, адамдардың суға кетіп қайтыс болуының басты себебі – рұқсат етілмеген жерге түсу болып отыр. Суда адамдардың қаза болуының негізгі себебі, қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзуы болып табылады. Атап айтсақ, оған бірінші себеп, өзен немесе каналдардың кез келген, әрі зерттелмеген ағысы жылдам, терең, жағалары тік жар жерлеріне суға түсуі. Ал, екіншісі, спирттік ішімдік ішіп суға шомылуы. Сондай-ақ, ата-ананың бақылаусыз қалдырған балалардың су жағасына баруы мен суға түсуі және олардың жүзе білмегендігі қайғылы оқиғаларға әкеліп соқтыруда.

– "Ажал айтып келмейді" дейді. Дегенмен, су айдындарындағы қауіпсіздікті қадағалап, адам шығыны орын алмауына барынша жұмыс жасаудамыз. Қазалы ауданы Төтенше жағдайлар бөлімі мен №9 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлерімен бірлескен рейд жұмыстары жасалып, шаралар да жүргізілуде. Соның өзінде өткен жылы суға шомылу орындарында 8 адам батып кетті. Биыл да 3 адам. Оның ішінде, 1 ересек, 2 бала. Адам баласы үшін өмірінен артық ештеңе жоқ. Бірақ, сол өмірін тәуекелге тігетіндер саны азаймай тұр. Әр шомылу маусымы басталар алдында барлық аймақта түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Суға батып кетудің алдын алу үшін бірнеше ережелерді қатаң ұстанған жөн. «Суға түсуге тыйым салынады» деген белгілер орнатылған жерлерде шомылуға тыйым салынады. Мәселен, жүзудің шекарасын белгілейтін қалқы белгілерден кейін жүзуге; жалған дабыл айқайларын беру; су айдындарын ластауға және қоқыстауға, кір жууға, шомылуға бөлінген орындар мен оған іргелес жатқан оның ішінде ағыспен 500 метрге дейін жағажайлардан жоғары аумақтарда көлік құралдарына от қоюға, жууға және жөндеуге, суға кіруге және алкогольді және есірткіге мас күйде шомылуға, тексерілмеген және жабдықталмаған жерлерде сүңгуге, балаларға ересектерсіз суға кіруге болмайды, – дейді Қазалы ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Бүркіт Сұлтанай Серікқалиұлы.

Жалпы, елімізде төтенше жағдайлардың түрі бойынша адамдардың судағы қазасы бірінші орында тұр. Жергілікті жердегі су айдындарында, әсіресе, Сырдария өзенінде жыл сайын азаматтардың әртүрлі себептермен қайғылы жағдайлар орын алуда. Осының алдын алуда ауданда көптеп істер атқарылуда. Мәселен, арнайы бассейндер ашылып, "Қашқан көл" сынды жағажайлар да жасалған.

– Бұрын бала күнімізде канала жағалап, шомылып жүре беруші едік. Сонда бәріміз жүзуді өзімізше үйреніп алушы едік. Телефонда, әлеужелі де жоқ. Сол себепті, күндіз-түні даладағы ойыннан шынығатынбыз, шыны керек. Тіпті, "Суға батып кетіпті" деген сөзді өте сирек еститінбіз. Ал, қазір тиісті сала мамандарының тынбай етіп жатқан еңбегіне, ескертпелеріне қарамастан суға кетушілерді жиі еститін болдық. Қазір ауданда балаларға бар жағдай жасалған. Жүзіп үйренемін десе, бірнеше бассейн бар, бұйырса, тағы біреуі ашылғалы жатыр. Соның ішінде, "Хан" спорт орталығында кей мектеп оқушылары жүзуден сабақ алып та жүр. Одан қалды бұрынғыдай, ала-жаздай шаңға батпайды, жасанды газон футбол алаңдары да көп. Жалпы, ауданда бала қауіпсіздігі үшін барлығы қарастырылған десем болады. Дегенмен, апат айтып келмейді. Балаларымызға, өз өмірімізге сақтықпен қарайық, – дейді Әйтеке би кентінің тұрғыны Нұрдәулет Күмісбай.

Адамдарды түрлі төтенше жағдайлардан құтқаратын мамандық иелері кейде өз бастарын қатерге де тігеді. Ал, жаз мезгілі келе сала, олардың жұмыстары қиындап, бір тәулікте құтқару қызметіне хабарласатын адамдардың саны күрт көбейіп кететін кездер де болады екен.

Төтенше жағдайлар қызметкерлері бүгінгі таңда өздерінің қиын да, жауапты қызметінде тек, өрт сөндіру жұмыстарымен айналысып қоймай, жол апатына ұшыраған және жоғалған азаматтарды іздестіруге атсалысып келеді. Қазіргі таңда, Төтенше жағдайлар комитеті судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамай, көз жұмған адамдардың санының артқанына және де, жасөспірімдер мен кішкентай бүлдіршіндердің ата-анасының қарауынсыз қалып, терезеден құлау жағдайларына жиі ұшырауына алаңдайды. Негізінен, суда адамдардың қаза болуына себеп болатын жағдайларға шомылу кезінде сіңірі тартылып қалу, есінен айрылу, басы айналу және тағы да өзге жағдайлар әсер етуі мүмкін.

«Сақтықта қорлық жоқ» демекші, балалардың қауіпсіздігіне ең алдымен, ата-аналары жауапты. Олар қауіп-қатерден аулақ болуы үшін қауіпсіздік ережелері туралы үнемі балаларына ескертіп отыруы керек. Сондықтан, судағы апаттан қорғанып, қайғылы жағдайлар орын алмас үшін қауіпсіздік ережелерін сақтаған жөн дегенді тілге тиек етеді мамандар.

Тағы да оқыңыз: