Kyzylorda-news.kz «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті.
Жиынға облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов, психологиялық қолдау орталықтары мен құқық қорғау органдары өкілдері қатысты.
Онда кеңес мүшелері алдымен Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру жолдарын пысықтады. Сонымен қатар балаларды психологиялық қолдау орталықтарының жұмыс сапасын күшейту, мектептерде суицидтің алдын алудың бірыңғай әдістемесін енгізу мәселелерін талқылады.
Кеңес төрағасы Райкул Байназарова: Президент Жолдауы - бұл мемлекетте болып жатқан ауқымды өзгерістерді көрсететін және болашаққа жаңа бағдарлар белгілейтін бағдарламалық құжат. Мемлекет басшысы жаһандық сын-қатерлер мен тұрақсыздыққа қарамастан, Қазақстан алға жылжуы тиіс екеніне баса назар аударды. Ол биліктің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, қауіпсіздік пен дамуды қамтамасыз ету миссиясын нақты белгілеп берді. Біз «AMANAT» партиясы Президент бастамаларын қолдаушы ретінде Жолдауда көзделген әрбір міндеттің табысты іске асуына ат салысуымыз керек,- деді.
Өз кезегінде кеңес мүшелері қоғамның барлық топтарын алға қойылған мақсаттарды талқылауға және орындауға тартудың маңыздылығы жөнінде өз пікірлерін білдірді.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Шолпан Жүнісова баяндап өтті. Бөлім басшысының айтуынша балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету жөнінде өңірде облыстық психологиялық қолдау орталығы жұмыс жасайды. 2024 – 2025 жылдарды қоса алғанда психологиялық қызметпен 20000-ға жуық оқушы қамтылған. Оның ішінде 476-сы жеке кеңеске келген. Жыныстық сауаттылық, ерте жүктілік, зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында 4000 қыз баламен кездесулер жүргізілсе, өңірдегі орын алған суицид және буллингпен зорлық – зомбылық жағдайларынан кейін 40 орында поственциялық шаралар өткізіліп, оған 85 000 жасөспірім, 6200 ата-ана, 3400 педагог маман қатыстырылған.
Жасөспірімдер арасында суицидтің алдын алу мақсатында Орталықтың үйлестіруімен орта білім беру ұйымдарының 96 582 жасөспірімдер арасында яғни, 5-11 сынып оқушылары, кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының 16 808 білім алушылары сауалнамадан өткізілген. Сауалнама қорытындысы бойынша 364 білім алушы психологиялық қолдау тобына, 3541 білім алушы бақылау тобына алынған. 142 білім алушыға бастапқы медициналық кеңес берілсе, 113 білім алушы психикалық сала мамандарының көмегіне жүгінген, 55-і ем алған.
Білім беру ұйымдарының психологиялық қызмет жұмысын үйлестіру, әдістемелік көмек көрсету мақсатында 6 жоба жүзеге асырылуда. Олар ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен «Kivа» буллингке қарсы бағдарламасы 6 жалпы орта білім беру ұйымында және облыстық білім басқармасының бастамасымен “CODO” компаниясының «АСППМ” жобасы 62 жалпы орта білім беру ұйымында жүргізуде. Орталықтың бастамасымен өңірдегі педагог-психологтарды кәсіби шыңдау мен жасөспірімдердегі суицидтің, жыныстық азғындаушылықты болдырмау және алдын-алуда «SAVE» пилоттық жобасын және жалпы орта білім беру ұйымдарында «Репродуктивті денсаулық. Өмір дағдылары» жобасы, кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарында «Отбасын жоспарлау мектебі» жобасы енгізген.
Жиын соңында кеңес мүшелері тарапынан жұмысты жетілдіру бағытында ұсыныстар ортаға салынып, кеңес хаттамасына енгізілді.