Kyzylorda-news.kz. 18 жасқа дейінгі балаларды амбулаториялық деңгейде тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тізбесіне 192 атау енгізілді. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және стандарттау департаменті директорының міндетін атқарушы Александр Костюк айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның атап өтуінше, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында МӘМС жүйесіне қатысушы пациенттер 62 ауру бойынша тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі.

«Сонымен қатар пациенттерді инфекциялық, протозойлық және паразиттік аурулар, гельминтоздар, грибокты инфекциялар, ас қорыту, қан жүйелерінің, ағзалардың аурулары және иммундық механизмге әсер ететін жекелеген бұзылулар, жүйке жүйесі, көру, есту және тыныс алу ағзаларының, тері және теріасты клетчаткасының, несеп-жыныс жүйесі, сүйек-бұлшық ет жүйесі және тіндердің аурулары, сондай-ақ жүрек-қан тамыры аурулары кезінде тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жоспарлануда», – деді Александр Костюк.

Ол үшін ҚР ДСМ бұйрығымен бекітілетін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге арналған препараттар тізімі МӘМС жүйесі аясында бірыңғай дистрибуция жүйесі арқылы сатып алынатын 225 атауға кеңейтіледі. Олардың 161 атауы ересек пациенттерді, 192 атауы балаларды емдеуге арналған.

Ал «СҚ-Фармация» ЖШС Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Берік Шәріптің айтуынша, 157 жаңа атау, оның ішінде анағұрлым жиі қолданылатын қызуды түсіретін және қабынуға қарсы құралдар сияқты дәрі-дәрмектер, сондай-ақ антибиотиктер қазіргі уақытта сатып алынған.

«Препараттар бірыңғай дистрибьютордың қоймаларына келіп түсті, жөнелтілуге дайын. Бірыңғай дистрибьютор тізімінде енгізілген өзгерістер күшіне енгеннен кейін тағы 82 позиция сатып алынады», – деді ол.

Тағы да оқыңыз: