Kyzylorda-news.kz. «Балалар жылына» орай Қызылорда облысының білім басқармасының ұйытқы болуымен тағы бір тағылымды шара өтті. Білім басқармасы және қала әкімдігінің Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ұйымдастырған «Kinotime» танымдық іс-шараcы балаларға айрықша көңіл-күй сыйлады.
«Жібек жолы» кинотеатрында көрсетілген қызықты фильмді облыстық девиантты мінез-құлықты балаларға арналған мектеп-интернаты мен кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы тәрбиеленушілері және қаладағы бірқатар мектептің оқушылары тамашалады. Шара аясында демеушілер барлық оқушыларға тәтті сусындар мен дәмді тағамдар ұсынып, ерекше тарту жасады.
Фильмнің көрсетіліміне «Аңсар М» ЖШС бірлескен директоры Манат Алмашева, АҚ «КСЖ «NOMAD LIFE» сақтандыру компаниясы Қызылорда филиалының директоры Ғани Қарғабай қолдау көрсетті.
Игі іске атсалысқан жомарт жандар жеткіншектерге қуаныш сыйлап, осы арқылы өздері де керемет әсер алғанын және балаларға әрдайым қолдау көрсететінін жеткізді.
Өз кезегінде балалар да фильмнен алған әсерімен бөлісіп, тамаша көңіл-күй сыйлаған азаматтарға алғыстарын білдірді.

