Kyzylorda-news.kz Қазір отандық ойыншық индустриясы қалыптасып, дамып келеді. Алайда Қытайдан келетін арзан ойыншық түрлеріне бәсекелесу оңай емес. Айтқым келгені бұл емес, бір ойыншықтың пайдасынан көрі зияны көп болып тұр. Мұны біздің ата-аналар жақсы біледі. Бірақ...

Ойыншық баланың көңiлiн аулап, ойын сергітіп, дүниетанымын қа­лып­тастырады. Қимылы дамиды. Қол­да­рымен, саусақтарымен жұмыс істеу барысында баланың миы да дами­ды. Ойыншық баланың ойлау қабілетін дамытып, оның шеберлігін, дағдысын қалыптастыруға көмектеседі. Қысқасы, баланың өсіп-жетілуінде аса қажетті көрнекілік құралы. Бірақ өспірім үшін қауіпті тұстары да жоқ емес. Бүлдіршін қолына тиген кез келген затты ауызына салып, тістелей бастайтыны анық. Ал оның құрамында улы химиялық заттар болса ше?

Мұны Жаңақорған аудандық тауар­лармен көрсетілетін қызметтердің са­пасы мен қауіпсіздігін бақылау бас­қармасының бас маманы Гүлбану Мамбетова да растап:

– Балалар үшін ойыншықтардың маңызы зор. Бізде қарапайым халық ойыншықтың сапасына назар ау­дар­майды. Тұтынушылар ойын­шық­ты сатып аларда оның сапасына, бояуы­на, зат таңбасының болуын қадағалағаны дұрыс. Мысалы, кейбір ойыншықтарды қолға ұстағанда бояуы қолға жағылып кетеді. Бұл аса зиян­ды. Ойыншықтардың жарқын түсті­леріне жақындамаңыздар. Әсіресе жасыл, ақ, қызыл түстері жасанды деуге болады. Олардың құрамында хи­миялық формальдегид, фенол сын­ды қоспалары болады. Ол қос­па­лар ойыншықтың құрамында 30 пайыздан аспау керек. Ең қауіптісі, пластмассадан жасалған түрлері. Кез келген тауардың зат таңбасында оның атауы, өндірушісі, мекен-жайы, шыққан күні мен сақтау мерзімі көрсетілуі қажет. Қаптама техникалық регламентке сай болған жағдайда ғана сатып алуға кеңес беремін. Сондай-ақ тұтынушы сәйкестік сертификатын сұрағаны абзал. Ол сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжат, – деді.

Расында Қытайдан келетін ойын­шықтардың құрамында фенолдың көр­сеткіші де бірнеше есе көп екен­дігі және шығатын дыбыстардың талаптан асып түсетіні де белгілі болды. Тіпті нәрестелерге арналған сыңғырлақтардың келешекте баланы керең, саңырау қылатыны да анықталып отыр. Жұмсақ резеңке ойыншықтарын бояйтын заттар құрамындағы кадмий мен қорғасын мөлшері де қалыпты деңгейден әлдеқайда асып түскен. Мұндай улы ойыншықтар баланы тек қана аллергиялық ауруға ұшыратып қоймайды, онымен қоса асқазан, ішек дерттеріне де ұшыратады.

Осы мәселені назарға алған Еуро­одақ елдері улы материалды қол­дануға қатаң тиым салып, шекарасынан кір­гізбеуге бекінген-ді. Алайда әлі күнге дейін Қытайда ойыншық индустриясы қарқынын төмендеткен жоқ. Біздің елімізге келіп жатқан ойыншықтардың барлығы дерлік Қытайдан келетінін ескерсек, ойланатын жайт.
Бүгінгі жасөспірімдер «Шрэк», «Өр­­мекші адам», «Спандж Бопты» айна қатесіз таниды. Кез келген үйге бара қалсаңыз, Халк, Шредер, Бэт­ман, Супермен және т.б. кейіпкерді бейнелейтін ойыншықтар мен мульт­фильм дискілерін табуға болады. Осы тұста, американдық зерт­теушілердің пікіріне назар аударсақ, жасөспірімдер телеаудиторияның ең белсенді көрушілері екен. Әрбір бала шамамен өз уақытының 30 пайызын экранның ал­дын­да өткізеді. Ол орта есеппен мектепке барғанша 5 мың сағат, мектеп бітіргенше 19 мың сағат теледидар алдында отыратынын көрсетеді.

Қай дәуірде болмасын адамзат алдында тұратын ұлы міндеттердің ең бастысы – өзінің ісін, өмірін жалғастыратын саналы да парасатты, салауатты ұрпақ тәрбиелеу. Ғұлама ғалым, классик жазушы Мұхтар Әуезовтың «Ел болам десең – бесігіңді түзе» деген ұлағаты сөзінің өзінде қаншама мән-мағына жатыр. Ал сол бесікті, сол ұрпақты түзу жолға салуға атсалысатын бірден-бір нәрсе – ол ойыншық.

Қазақтың қай бүлдіршіні болсын ойыншықпен ойнап өсетіні белгілі. Ойыншық тәрбиенің бастауы болса да, үлкендер оны баланы жұбату мен алдап, көңілін аулаудың құралы ретінде пайдаланып, «ойыншық қой» деп немқұрайлы қарап келді. Ал, шын мәнінде, бала мен бірге өзіміз де алданып жатқанды мүлдем аңғармаймыз. «Википедиа» сөздігінде «Ойыншық – баланың дүниетанымын кеңейтуге көмектеседі, белгілі бір мақсаттағы, ойластырылған әрекетке үйретеді, қиялын дамытып, еңбекке сүйіспеншілігін, білуге құмарлығын қалыптастырады» деп тамаша сипаттама беріліпті. Ал дүкен сөрелерінен дәл сондай сипаттағы ойыншықты табу қиынға соғатыны сөзсіз. Себебі бүгінде ойыншық нарығында шетелдің өнімдері самсап тұр. Осылайша, атыс-шабысқа толы және мүлдем тәрбиелік мәні жоқ «Трансформер», «Өрмекші адам», «Шрек», «Бэтмен», «Спанч боб» сияқты шетелдік мультфильмдердің кейіпкерлері ұрпақ тәрбиесін улап қана қоймай, баланың ұлтжанды, адамгершілігі мол азамат болып ер жетуіне балта шауып отыр. Бұған тосқауыл қоятын ата-ана тым бейқам.

«Тәрбие басы – тал бесік» дегендей, балаға «сен қазақсың, қазақша сөйле» деуді қатырамыз да, нақты іс-әрекетке келгенде «ауызды қу шөппен сүртеміз». Қазақ баласына – қазақы ойыншық керек. Бұл бағытта жасалынып жатқар тірлік мүлде жоқ деуге келмейді. Білуімізше, қазақ бала­ларының ұлттық дүниетанымына отандық ойыншықтар арқылы ықпал ету жолында «Атакәсіп-Астана», «Тәлім-таным», «Балбала» сынды серіктестіктер белсенді атсалысуда. Динара Ахметкәрімованың жетекшілігіндегі «Тәлім-таным» әріптерді қазақша сөйлетсе, Қыдырәлі Болмановтың «Балбаласы» қазақша сөйлеп, қатты қуындырғаны бар. Ал, Сәкен Болыс басқаратын «Атакәсіп-Астана» төл ойыншықтарды түгендеп, түрлендіріп жүр.

Сәкен мырза ұлттық нақыштағы ойыншықтың ұрпақ тәрбиесіне берер маңызын былай деп түсіндіреді: «Адамдар ойыншыққа жай ғана ойыншық деп қарайды. Осы көзқарастың үлкен қателiк екенiн бiле бермеймiз. Өйткенi сол «жай ғана ойыншық» келешекке басталатын соқпақ емес пе? Жеті жасқа дейiн түрлi ойыншықтарды ермек ететiн бала айналаны, қоғамды ойын арқылы қабылдап, түйiндейдi. Мәселен, құрастырмалы ойыншық арқылы «сабақты иненiң сәттiлiгiн» түсiнсе, қуыршақты киiндiре отырып, сұлулық пен жылулықты бiледi.Тiлiнен, дiнiнен, салт-дәстүрi мен дiлiнен алыстаған қазаққа қандай жолмен өшкенiн жандыруға болады деп жүрiп, жiптiң ұшығын тапқандай болдым. Ол мынау – ұлттық ойыншық екен. Бала сәби күнiнен ұлттық аспаптарды көзбен көрiп, қолмен ұстап өсуге тиiс. Атауларын жатқа айтып, құлағына сiңiрген бала ұлтын сүймеуi мүмкiн бе? Сонда мынау асатаяқ, шаңқобыз, жетiген, дабыл, сақпан, кекпiш деп бала күнiнен бiлiп, түсiнiп өсе берсе, атының өзi санасына сiңе берсе, қайткен күннiң өзiнде де ұлттық пайымына әсер етпей қоймайды».

«Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан тусын». Қазақ баласын «ұлттық» ойыншық аясында тәрбиелеуге баршамыз жауаптымыз. Қоғам мен мемлекет те. Отандық ойыншық саласы көш соңында қалып қойғандықтан оған тың серпiлiс беру аз еңбектi талап етпейдi. Бала – болашақтың айнасы деп жүрген Үкіметтегі ел ағалары мен халық қалаулылары ойыншық мәселесіне шұғыл назар аударып, бүлдіршіндерімізді тек қана отандық ойыншықпен ойнатуға ықпал жасаса деген зор үміт бар. Ал, әзірге мәселе шетелден алып келінетін ойыншықтардың қауіпсіздігіне келіп тірелмек.  

Осыдан бірнеше жыл бұрын елде балалардың ойыншықтардан улануы ғылыми дәлелденіп, «Ойыншық қауіпсіздігі туралы» заң да қабылдадық. Алайда бұл заңға пысқырып жатқан кәсіпкерлер де жоқ. Ал, шетелдік алпауыт компаниялар сапасыз ойыншықтарын өткізуге мүдделі. Мәселен, Қазақстандағы ойыншық нарығының 90 пайызға жуығы Қытайлық өнімдерге тиесілі. Бүгінде Аспан асты елінде 6000-нан астам ірілі-ұсақты ойыншық шығаратын кәсіпорын тіркеліпті. Олардан түсетін таза табыс 15 млрд. доллардан асып түседі екен.

Ащы болса да, шындық. Біз Қытайдың ең сапасыз ойыншық өнімдерін тұтынушылардың біріміз. Еуропа елдеріне Қытай тек қана «ЕС» маркасы бар сапалы ойыншықтарды экспорттайды. Себебі, онда заң қатты, талап қатаң. Бізде шекарадан-ақ жолы кесілуі тиіс сапасыз тауарлар қара базарды жаулап алған. Сапасыз деу жұмсақ айтылған. Құрамында қорғасын, сүрме, мырыш, сынабы бар улы ойыншықтар. Мамандардың айтуынша, қорғасын баланың тірек-қимыл аппаратына, мінез-құлқына әсер етеді. Ал, канцерогенді сүрме элементі өсіп келе жатқан сәбидің жыныстық жетілуіне, өкпе рагына шалдығуына ылып келуі мүмкін. Мырыш теріні зақымдап, қан қысы ауруын тудырса, сынап баланың ақыл-ойының жетілуін тежеп, көру қабілетін нашарлатады. Осы улы ойыншықтарды балалар ауызына салса не болатынын көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Мамандар тыңдар құлақ болса құрамы күмәнді тауарларға қатаң бақылау қажеттігін айтып дабыл қағуда. Алайда, нәтиже жоқ.

Жалпы, балаларға ойыншық алып беруге келгенде, жағымсыз иісіне мән бермей жалтырақты жағалаймыз. Қалтаның қалыңдығынан емес, амалдың жоқтығынан. Әйтпесе, ауқатты отбасыларға арналған брендті дүкендер жоқ емес. Бар. Тіпті бірен-саран «Айгөлек», «Тазша бала», «Алдар көсе» тағы сол сияқты отандық өнімдердің өзі кем дегенде 7-8 мың теңге тұрады. Бұл қарапайым отбасы үшін аз ақша емес. Осының барлығы кең-байтақ жері бар қазақ елінің ұрпағы, келешекте мемлекеттің тұтқасын ұстайтын бүгінгі кішкентай жеткіншектердің әлжуаз да ауру болып, жат елдің боданында өсуі үшін әдейі жасалып жатқан Қытайдың қитұрқы саясаты болуы әбден мүмкін. Ойлантарлық жәйт.

Бұрын ата-аналар қонақ барса да, қонақ келсе де балаларын бөлек бөлмеге кіргізіп, ым-жымын білдірмей тыныштандыратын. Есігін құлыптамаса да ешбірі сырт­­қа шығам деп жыламайды, шулаған дауысын да естімейсің. Барған үйдің бала­сымен бауыр басып, ойынға кірісіп кететін. Қазір балдырғандар сұра­са да, жыласа да, тіпті бір жерден құласа да телефон беріп уатады. Ұядан ұялы телефонмен қанаттанған ұрпақты ойыншықпен алдау қиынға соғып тұр­ға­ны жасырын емес. Ойыншық алып бергеннің өзінде сол ойыншықтар қан­шалықты сапалы? Оның бағасына ғана емес, сапасына мән беретін ата-аналар бар ма?

Денсаулық сақтау министр­лігіне қа­рас­­ты Санитариялық-эпидемио­логия­лық бақылау коми­тетінің қызметкерлері ай сайын ойыншықтардың қауіпсіздігіне мониторинг жүргізеді. Осылайша, 2022 жылдың 2 айында республика бойынша 397 үлгі іріктеліп, зерттелді, оның 173-і талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды. «Ойыншықтарды әркім өз қалауымен таңдайды: біреу белгілі бір өндіруші ком­панияға, басқалары бағаға, ал кей­бірі сыртқы келбетіне назар аударады. Алайда сатып алу кезінде барлық ата-ана­лар сатушылардан бірдей қуыр­шақ­тар­дың немесе ойыншық маши­на­лардың қауіпсіздігін растайтын құжат­тар­ды талап етпейді. Бірақ балалар ойын­шық­тары, ең алдымен, заң бойынша қауіпсіз болуы керек. Ойыншықтарды елі­міздің аумағында сатпас бұрын Ке­ден ода­ғының «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» техникалық регла­мент­індегі қауіпсіздік талаптарына сай болуы керек. Санитарлық-эпидемиялық қыз­меттің қызметкерлері ай сайын ойын­шықтардың қауіпсіздігіне мони­то­ринг жүргізеді. Осылайша, 2022 жыл­дың 2 айында республика бойынша 397 үлгі іріктеліп, зерттелді, оның 173-і та­лап­тар­ға сәйкес келмеді, бұл 43,5%-ды құрады. Оның ішінде, отандық – 1 (0,5%), ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер – 16 (9,2%), басқа елдер – 156 (90,1%). Не­гі­зінен, бұзушылықтар: таңбалауға қа­тысты – 100%, ор­ганолептика­лық көр­­­сеткіштер бо­йынша – 3,4%, сани­та­р­лық-хи­миялық көрсеткіштер бо­йын­­ша – 8% (ойыншықтың құрамында Қытай мен Өзбекстан Республикасында өн­ді­рілген ойыншықтарда фенол, формаль­дегид, бензол, метил спирті, гептан дең­ге­йінің артуы анық­талды)», деп атап өтті Сани­­­тария­лық-эпидемиологиялық б­а­қы­­лау коми­теті мамандары.

Сонымен қатар санитарлық сала ма­мандары тексеріс нәтиже­сінде сауда кәсіп­орын­­дарынан екі айда сатудан 3,6 кило ойын­шық алынып тасталғанын айтты.

«Балаларға қауіпсіз емес тауар­ларды сату­мен айналыса­тын барлық кәсіпкерлік субъек­­тілеріне бұзушылықтар­ды жою туралы нұсқама беріл­ді. Сауда кә­сіп­орын­­дарында екі айда сатудан 3,6 кило ойын­шық алынды. Бұл құжаттарсыз са­тыл­ған және талаптарға сәйкес кел­мей­тін тауарлар. Олардың ішінде, FREEZE II қуыршағы, өндіруші ел Қытай, бензолдың концентрациясы 4,25 мг/дм3, рұқсат етілген концентрациясы 0,01 мг/дм3 аспайды, «Лариса MONSTER GIRL» қуыршағы, өндіруші: Қытай, 0,049 мг / дм3 бензол концентра­ция­сы анықталды, рұқсат етілген концентрациясы 0,01 мг/дм3 аспайды, метил спир­тінің концентрациясы 2,98 мг/дм3, рұқ­сат етілген концентрация­сы 0,02 мг/дм3 аспайды, «Мини W ТОБОТ» автомобиль трансформаторы, өндіруші ел – Қытай, формальдегидтің концентрациясы 0,2 мг/л, рұқсат етілген концентрациясы 0,1 мг/л-ден аспайды, «Әскери жиынтығы» өндіруші мемлекет – Қытай, гептан концентрациясы 0,163 мг/дм3, рұқсат етіл­ген концентрациясы 0,1 мг/дм3 аспауы тиіс. «Вкусняшка» ан­тистресс ойыншығы, өндіруші ел – Қытай, фенолдың концентрациясы 1,08 мг/м3, рұқсат етілген концентрациясы 0,05 мг/м3 артық емес, Funny Musician балалар ойыншығы формальдегидтің концентрациясы 0,12 мг/л, рұқсат етілген концентрациясы 0,1 мг/л-ден аспауы керек. Mittivoy балалар ойын­шығы формальдегидтің концентрациясы 0,18 мг/л, рұқсат етілген концентрациясы 0,1 мг/л. Пластмассадан жасалған балаларға арналған машиналар жиынтығы GT.POLICE CAR, SUPER RACING SET, 3 жастан асқан балаларға арналған, шыға­­рылған елі – Қытай, 0,039 мг/дм3 бензол концентрациясы анық­тал­ды, рұқ­сат етілген концентрациясы 0,01 мг/дм3», делін­ген комитет өкілдері тарат­қан мә­ліметте.
Сондай-ақ Қырғыз Респуб­ликасы Экономика және коммерция минис­трлі­гінің уәкілетті органы ойыншықтар бо­йынша берілген сәйкестік сертификаттарын кері қайтарып алған.
Huoerguosiboqi international trading limited өндірушісінен – жұм­сақ ойын­шық­­тар, әртүрлі батарея ойын­шық­тары, қуыр­шақтар, темір жолдар, әртүрлі ойын­­­шық көлік техникасы, дизайнер­лер, музыкалық ойын­шық­тар, доп ойын­шықтары, ойыншық жабдықтары, ба­ла­лар ыдыстары және т.б. бар. Айта кететін жайт, ойыншықтар кейде адам өліміне алып келуі мүмкін. Сондықтан оны таңдауда мұқият қарау керек, сатушылардан оның қауіпсіздігін растайтын құжаттарды талап етуді ұмытпаңыздар. Өйткені сіздің таңдауыңыз – балалар алдындағы үлкен жауапкершілік», дейді Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Санитариялық-эпидемио­логия­лық бақылау комитетінің қызметкерлері.

Иә, ойыншық баланы жан-жақты тәрбиелеу мақ­сатына пай­дала­ныла­ды. Оның дү­ние­танымын кеңей­туге кө­­­мек­­теседі, бел­гілі бір мақсат­тағы, ой­­лас­ты­рыл­­ған әрекетке үйре­теді, қия­­­лын же­­­тілдіріп, еңбек­ке сү­йіс­пен­­­­­ші­лігін, тех­­­­ни­каға қызығу­шы­­лы­ғын, бі­луге құ­мар­­лығын, аңғар­ғыш­­­­тығын қа­­лыптас­ты­рады, талғам­паз­­дыққа тәр­­бие­­­лейді, өнерге ынталанды­рады. Ойын­шықпен ойнауға белгілі жағ­дайда педагогикалық, эсте­­ти­калық, гигие­на­лық, техникалық талап қойыл­ады, сон­дай-ақ ол баланың жас ерек­­шелігіне қа­рай өзгеріп отыратыны жасырын емес.

Бұл ретте психолог мамандар ойын­шық­пен ойнау баланың дамуына оң әсерін тигізіп қана қоймай, оның қор­ша­ған ортамен тығыз байланыс орнатуына көмектесетінін алға тартады.

«Өйткені ойыншықпен ойнау айналаны тануға көп көмектеседі. Ойнау ар­қы­лы қолдың моторикалары мидың жақ­сы жұмыс істеуіне әсер етеді де, ба­ла­да ло­ги­калық ойлаулар пайда бола бас­тайды. Сол логикалық ойлау­дың негізінде балалар қуыр­шақ­тармен сөйлеседі. Ойын­­шықтарға өзінің әңгімесін айтады, реакциясын, қарым-қатынасын көр­се­теді. Соның негізінде бірте-бірте тұлға болып қалыптасып, айналасымен де сөйлесіп, араласа бастайды. Ойыншық таң­дағанда ең бірінші баланың өміріне қауіпсіз болуын қадағалау қажет. Дене­сін немесе басқа жерін зақым­да­май­тын­дай үш­кір ойыншықтар алмаған абзал. Со­ны­­мен қатар химиялық тұр­ғы­дан залал келтірмейтін, әртүрлі бояу­лар бол­­­майтын, өткір иістері шық­пай­тын ойын­­­шықтар таңдаған дұрыс. Бала­лар­дың жас ерекшелігіне қарай кіш­кен­тай балаларға жұмсақ және аузы­нан үлкен ойыншықтар алу керек. Өйт­ке­ні олардың жұтып қою қаупі бар екенін ескерген жөн», дейді PhD доктор, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық бі­лім академиясының жетекші эксперті Балабек Кеніштайұлы.

Баланың қалыпты дамуына әсер ете­тін ойыншықтың да түрі көп. Мысалға, дидактикалық ойыншықтар баланың ойлау қабілетін, дұрыс сөйлеу мәнерін дамытуға, оның білімін, шеберлігін және дағдысын қалыптастыруға көмектеседі. Ойнай жүріп бала затты танып біледі, оның түрін, түсін, көлемін ажыратады, есептік арақатынасымен, санымен, кеңіс­тік жайлы түсінікпен танысады. Ди­дактикалық ойыншық­тар­ға бір түсті және түрлі түсті сақи­налардан жасал­ған ко­нусты күм­бездер, бірінің ішіне бірі са­лы­натын әртүрлі тостағандар, бөшке­­лер, шарлар, матрёшкалар, әртүрлі серіп­пелі, бұрандалы ойыншықтар жатады. Со­нымен қатар бейнелік ойын­шық­тар­­дың да тәрбиелік маңызы зор. Оған (киім-кешек, үй жиһазы, ыдыс-аяқ) адам­­дар мен жануарларды, табиғат элемент­те­рін бейнелейтін фигуралар жата­­ды. Бұл қуыршақтармен ой­на­ған бала­лар­дың қоршаған орта жайлы түсінігі ай­қын­­далып, ұғымы кеңейе түседі, ой-өрісі мен қиялы дамып, сөздік қоры ар­тады. Балалардың ойын бары­сын­да көп күш жұмсамай-ақ еңбек про­­це­сін бейнелеуіне мүмкіндік бере­тін тех­ни­ка­лық ойыншықтардың да пайдасы зор. Ойын баласы­ның көп қызығатын, көп қол­данатын ойыншықтарының бірі – конструкторлық ойыншықтар. Олар­­дың өзі – (құрастырмалы, алмалы-сал­малы) тақырыптық, сұлбалық не­месе әмбебап конс­трукторлар болып бөлі­не­ді. Құрастырмалы алмалы-салмалы ойын­шықтар мектеп жасына дейінгі бала­лар­ға арналады. Олар арнаулы бе­кіт­кіштер ар­қылы құрастырылатын азда­ған бөлшектерден тұрады.

Мемлекет басшысының өзінің жолдауында «Бала тәрбиелеу – болашаққа ең үлкен инвестиция. Біз бұл мәселеге осылай қарап, балаларға жақсы білім беруге ұмтылу керек» – деп қадап айтты. Ендеше, елдегі 1,5 млн. бүлдіршінді дені сау ұлт етіп тәрбиелейік десек, бұл мәселені кейінгі ысыруға болмайды. Ештен кеш жақсы әлде де...

Міне, осылайша балаларымыздың санасын улап жатырмыз. Соңын салдарынан балғын кейіпкер-ойын­шықтардың іс-қималын қайталап, бейә­деп көрсетіп жататыны рас.
Атқарушы билік осы мәселені ескеріп отандық ойыншық индустрия­сының дамуына дем бергені дұрыс. Сосын ойыншықтың сапасына тиісті орындар айрықша көңіл бөлуі керек. Өйткені ойыншық – ұлттық қауіпсіз­діктің басты белгісіне айналды.

Әсел РЗАЕВА

Фото: zhanaqorgan-tynysy.kz

Тағы да оқыңыз: