Kyzylorda-news.kz. «Nur Otan» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясында балалар құқығын қорғау жөніндегі аймақтық кеңестің Қазалы ауданында көшпелі отырысы өтті.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Әліби Әбиев ашып беріп, «Nur Otan» партиясының әлеуметтік аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдауды көздеген «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында ауданда атқарылған жұмыстар жөнінде айтып өтті.
Кеңес төрағасы, облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Райкүл Байназарова сөз алып, күн тәртібінде көрсетілген мәселелерге кеңінен тоқталды. Ол өз сөзінде бұл бастама тікелей көп балалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға жүйелі қолдау көрсетуге бағытталғанын атап өтіп, осы бағытта баяндама жасау үшін хабарламашыларды таныстырып өтті.
Күн тәртібіндегі мәселеге байланысты аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Совет Бабанаев хабарлама жасады. Хабарламадан белгілі болғандай ауданда 17 мыңнан астап отбасылар бар. «Зорлық зомбылықтың» алдын-алуға бағытталған ақпараттық жұмыстарға 3 млн теңге қаржы бөлінген. 26 отбасы мүшесі тұрақты жұмыспен қамтылған. Әлеуметтік әлсіз топтарды баспанамен қамту мақсатында аудан орталығындағы ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, баспана кезегінде тұрған 57 отбасын уақытша тұрғын үймен қамтып отыр. Міне осындай айтулы істер ауданда көптеп саналады.
Жиын барысында Әйтеке би кентінің әкімі Қайрақбай Орынбасаров, аудандық білім бөлімінің бас маманы Қуаныш Ерімбетов, жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция тобының аға инспекторы Махаббат Бегалиева, «Шапағат» мүгедек балаларды сауықтандыру орталығының директоры Шынар Жеңсікбаева, жастар ресурстық орталығының директоры Асылхан Дәрібаев және «Арал балалары» қайырымдылық қоғамдық қорының төрайымы Құралай Исаева хабарлама жасап, атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
Қатысушылардан күн тәртібінде көтерілген мәселелерге байланысты түрлі сауалдар қойылып, тиісті сала мамандарынан тұщымды жауаптар алынды. Бұл бағыттағы атқарылған жұмыстар алдағы уақытта өз жалғасын табатын болады.