Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда қаласы әкімдігі жанынан құрылған жедел топ жастар мен жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында түнгі рейд жұмыстарын жүргізді.
Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Жанмұрат Сейілов жетекшілік ететін жедел топ құрамында қалалық полиция басқармасы, білім бөлімі, қоғамдық даму бөлімінің қызметкерлерінен жасақталған. Балалар қауіпсіздігін бақылау мақсатында арнайы құрылған жедел топ қаладағы бірнеше мөлтек аудандар мен көңіл көтеретін орындарды аралап, заңды өкілінің қарауынсыз жүрген кәмелет жасына толмаған 15 жасөспірімді анықтады. Аталған балалардың ата-аналары шақыртылып, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 442-бабының 2-бөлігі бойынша хаттамалар толтырылды.
Рейдтің мақсаты − қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу. Қазақстан Республикасының заңына сәйкес кәмелеттік жасқа толмаған жастардың түнгі 23:00-ден кейін заңды өкілінсіз көшеде немесе ойын сауық орталықтарында жүрмеуін тексеру және қадағалау.
Айта кету керек, жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен қылмысты алдын алуға бағытталған шаралар күнделікті жүргізілетін болады. Сондықтан барша ата-аналардан балаларды беймезгіл уақытта қараусыз қалдырмауды сұраймыз.
