Kyzylorda-news.kz Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің бастамасымен "Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыру аясында еліміздің барлық өңірінде балалар арасындағы құқық бұзушылықтардың, жазатайым оқиғалардың және кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстардың алдын алуға бағытталған ауқымды профилактикалық және ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталған жұмыстардың басты мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, суға бату, биіктіктен құлау, суицид, жол-көлік оқиғалары және өзге де қайғылы жағдайлардың болуына жол бермеу, сондай-ақ балаларға қатысты жасалатын қылмыстардың алдын алу.
Профилактикалық іс-шаралар азаматтар көп жиналатын орындарды қамтиды. Атап айтқанда, базарларда, теміржол және автовокзалдарда, саябақтарда, демалыс орындарында, ойын-сауық нысандарында және басқа да қоғамдық кеңістіктерде полиция қызметкерлері тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Іс-шаралар барысында азаматтарға балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша негізгі талаптар түсіндіріліп, ақпараттық жадынамалар мен брошюралар таратылуда.
Сонымен қатар қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған тақырыптық баннерлер орналастырылып, радиода және LED-экрандарда профилактикалық аудио және бейнематериалдар, сондай-ақ ақпараттық хабарламалар тұрақты түрде көрсетіліп жатыр.
Жазғы демалыс уақытында балалардың бос уақытын дұрыс ұйымдастыру мен олардың қауіпсіздігін бақылау мәселесіне ерекше назар аудару қажет.
Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі ата-аналарға балалардың қауіпсіздігіне барынша жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Сурет: Рolisia.kz
