Kyzylorda-news.kz. Өмірде жақсылыққа зәру, қиындықпен күн кешіп жатқан жандар қаншама?! Олардың ауыр тағдыры естіген жанды бей-жай қалдырмасы белгілі. Әсіресе баспананың азабын тартып, үйден-үйге көшіп, пәтер жағалап күн кешіп жүрген жандар Жиреншенің «Өз үйім – өлең төсегім» деген сөзін айтуды аңсайды. Осы ретте Бала би ауылының тұрғындары, жанашыр жастары бірігіп қос бірдей отбасыға баспана кілтін табыстап, қуаныш сыйлайды.
Ынтымақ пен бірлікті ту еткен Бала би ауылының әкімгершілігі бастаған, кәсіпкер, ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы К.Әшірбекова, сонымен қатар ауылдағы барлық игілікті іске жұмылған ағайын, жанашыр жастар жағы бірлесіп, қос отбасына баспана тарту етіп көпке үлгі көрсетті. Көңіл қуантарлық іс-шараға ауыл әкімі Х.Тәжиев, ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Жұманазаров, әйелдер кеңесінің төрайымы К.Әшірбекова, ауыл имамы Қ.Білімов, ардагер А.Әлиев екі отбасын қуанышқа кенелткен сәтке куә болып, баспаналы болған қос отбасын құттықтады.
Алдымен мүмкіндігі шектеулі жанның бірі Ермек Қасымбековке бағасы 1,5 миллион тұратын 5 бөлмелі баспананың кілті табысталды. Кейіпкеріміз Ермек мүмкіндігі шектеулі бола тұра бойындағы қажыр-қайратын қара жұмысқа жұмсап, бірнеше жыл жалданып мал бағып адал еңбек етіп шеттей бала-шағасын асырап келеді. Жырақта жүрсе де бұл кісінің жалғыз арманы жайлы баспана болатын.
Әйтсе де, «Адамнан сұрасаң екі көзің шығады, Алладан сұрасаң екі бүйірің шығады» деген емес пе халқымыз? Күндіз-түні Алладан жайлы баспана тілеген ол жақында күтпеген қуанышқа кенелді. Яғни, Ермек пен Қарлығаштың жағдайын жақсы білетін ауыл тұрғындары, жаны жайсаң жастар бастама көтеріп, бірлесіп, жұдырықтай жұмылып жаңа баспананы өткен аптада салтанатты түрде табыс етті.
Онда ауыл әкімі Х.Тәжиев құттықтау сөз сөйлеп, «жаңа пәтер игілікке жарасын!» деген тілек білдірсе, ал ауыл ардагері А.Әлиев ақ батасын берді.
Мұнан соң тұрмысы төмен отбасының тағы бірі – Гүлназия Талмановаға да бағасы 1 миллион тұратын үш бөлмелі баспананың кілтін табыс етті.
– Мұндай жағдайда қуанышымды қалай жеткізерімді де білмей тұрмын. Осы күнді қанша күттім. «Жеке баспанам болады» деген ойымды тек арманым ғой деп қана елестетуші едім. Бірақ, қолы ашық, жүрегі жайсаң жандардың арқасында, демеушілердің қолдауымен және ауыл әкімгершілігінің араласуымен бүгін сол арманыма жетіп, төбем көкке бір елі ғана қалып тұр. Осындай жастар бар жерде еліміздің еңсесі биік, болашағы нұрлы боларына, әрбір біз сияқты кісілердің ескерусіз қалмайтынына кәміл сенемін, – деп қуаныштан көзіне жас ала отырып бар алғысын жеткізді, - дейді Гүлназия Талманова.
Осынау ізгі ниетпен қайырымдылық жасап, көмек қолдарын созып жатқан ауыл тұрғындарына, жомарт азаматтарға, жаны жайсаң жастарға шексіз ризашылығын білдірген қос қоныстың иелері Ермек пен Гүлназия жанашыр жандарға көптен-көп рахмет айтып, қуаныштан еріксіз көздеріне жас алды.
– Қазақ халқы қашан да ынтымақ, бірлік мәселесіне ерекше мән беріп, оны тірліктің тұтқасы, өмірдің өзегі ретінде бағзы заманнан бағалап келген. Ауыл тұрғындары мен жастардың бірлігі мен ынтымағының арқасында қос бірдей отбасы бүгінде баспаналы болды. Қоныстарыңыз құтты болсын! Игі бастаманың бастаушысы болған барлық азаматтарға алғыс білдіремін. Осындай игі істер алдағы уақытта да жалғасын таба берсін, – дейді ауыл әкімі Х.Абдуллаханұлы.
Айта кетейік қос бірдей баспанаға ауыл имамы Қ.Білімов «Талаптан» мешітінен төрт төсеніш берген. Одан бөлек әкімгершілікте қоғамдық жұмыс жасайтын Қ.Ахметова, А.Өткелбаева, А.Қуанышбайқызы бастаған кісілер бірлесіп қос баспананы сырлап, әктеу жұмыстарын жүргізуге атсалысқан.
«Көптің батасы қабыл» дейді қазақ. Жұртшылықтың алғысы мен ризашылығына бөленіп жүрген жандарға біздің де тілеріміз көп-ақ. Әр қазақты жалғызы санаған Сабыр Адайдың сөзінен үлгі алған, игілікті істі пенделік мұраты деп білген ауыл тұрғындарына алғыс білдіріп, жастардың жолына, қадамына жеміс тілейміз. Шара соңында ауыл ақсақалы А.Әлиев құтты баспана болсын деген тілеулестікпен ақ батасын берді.
