Kyzylorda-news.kz. Енді азаматтар баланың тууын тіркеу қызметін eGov.kz порталына кірмей-ақ, неғұрлым ыңғайлы проактивті форматта ала алады. Бұл туралы eGov.kz порталында хабарланды.

Ақпаратта «Азаматтар eGov.kz порталына кірмей-ақ, баланың тууын тіркеу қызметін неғұрлым ыңғайлы проактивті форматта ала алады. Баланың тууы бойынша проактивті қызметінде SMS хабарламалар мен хабарландырулар қолайлы процесске оңтайландырылды» делінген.

Бала туғаннан кейін бір тәулік ішінде ақпараттық жүйе медициналық мекемеден хабарлама алып, баланың ата-анасына қызмет көрсету үшін қажетті ақпаратты алу мақсатында кезең-кезеңімен 1414 нөмірінен SMS жібереді. Бұрын азаматтар SMS хабарламаларды басқа форматта алатын. Енді процесс әлдеқайда жеңілдеді, әлдебір әріптерді көрсету талап етілмейді, тек қойылған сұрақтарға жауап беру керек.

Қызметті пайдалану үшін мобильді азаматтар базасында тіркеуде болу қажет, тіркеусіз SMS хабарлама келмейді. Қызмет тегін көрсетіледі, тек телефон нөмірінде теңгерім болу керек.

«Қызмет көрсету үшін қажетті мәліметтер әртүрлі мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алынады, ал жетіспейтін мәліметтер баланың ата-анасынан SMS-арқылы сұралады. Қызмет көрсету нәтижесінде азаматтар баланың туу туралы куәлігінің (қағаз түрінде) дайын екендігі туралы SMS хабарлама немесе бас тарту себебі көрсетілген дәлелді жауап алады», – делінген жазбада.

Тағы да оқыңыз: