Kyzylorda-news.kz ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті барлық блогерлерді, инфлюенсерлерді және медиа саласының қатысушыларын балалардың құқықтарын сақтауға және қолданыстағы заңнаманы қатаң ұстануға шақырды.

− Әлеуметтік желіде баласының құқықтары бұзылғанын мәлімдеген ананың видеоүндеуі тарады. Бұл — танымал блогерлердің бірі жариялаған, кәмелетке толмаған баланы түсірген бейнематериал. Комитет төрағасы Насымжан Оспанова баланың анасымен тікелей байланысқа шығып, жан-жақты көмек ұсынды — психологиялық және заңгерлік көмек қарастырылды. Қажет болған жағдайда Комитет баланың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін ресми түрде сот процесіне қатысуға дайын, − деп жазылған комитет хабарламасында.

Комитет барлық блогерлерді, инфлюенсерлерді және медиа саласының қатысушыларын балалардың құқықтарын сақтауға және қолданыстағы заңнаманы қатаң ұстануға шақырады. Жақсы ниетпен түсірілсе де, балалар қатысқан контентті жариялау олардың психологиялық жай-күйіне теріс әсер етіп, құқықтық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

− Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 145-бабына сәйкес, кез келген адамның, соның ішінде баланың бейнесін жариялау тек оның немесе заңды өкілінің келісімімен ғана жүргізіледі. Сондай-ақ, «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңға сәйкес, баланың бейнесі қолжетімділігі шектеулі жеке дерек боп саналады және заңмен қорғалады. Құрмет, қорғау және қауіпсіздік – әрбір баланың құқығы. Бұл құқықтар шынайы өмірде де, цифрлық кеңістікте де қамтамасыз етілуі керек, − дейді комитет.

Фото: freepik

Тағы да оқыңыз: