Kyzylorda-news.kz «Бала – барым» деген халқымыз ежелден ұрпағының тәрбиесін ұмыт қалдырмаған. Ертеңіне елеңдеген ел есті сөз айтып, есіктен шықпаған елеулісіне отбасы, руы, ауыл-аймақ, тіпті ұлт болып алаңдаған. Бала өсіру бейқамдықты көтермейді. Қорғансыз қалған кішімен ісі болған үлкендердің үрейлі әрекетіне кім кінәлі? Қайтпек керек? Жасыл өскінді тоңдырмай, шешек атқан гүлді солдырмауда солқылдақтық танытатыныз не? Адамдарды айыптауға емес, мәселені байыптауға тырыстық...

Бала құқығын қорғау міндет

Бала – әрбір ата-ананың өз перзенті болғанымен, оларды қорғау бүкіл әлем алдында тұрған міндет.

1949 жылы қарашада Әйелдердің халықаралық демократия федерациясы кеңесінің сессиясында қабылданған қарар маусымның бірінші жұлдызын дүниежүзілік балаларды қорғау күні атауы осының негізі.

1989 жылы Біріккен ұлттар ұйымының Бас Ассамблеясы Бала құқықтары жөнінде конвенция қабылдады. Келелі құжатта балаларды соғыс қаупінен қорғау, денсаулығын сақтау, демократия негізде тәрбие, білім беруді жүзеге асыру идеялары қамтылған. Конвенцияға қол қойған Қазақстанда да олардың құқықтық негізін қамту, отбасын қолдау, аналарды қамтамасыздандыру, ерекше қиын жағдайға душар болғандар қамқорлық таныту міндеттелген.

Орны толмас оқиға болмасын десеңіз...

Әлеуметтанушы Мерген Есбергеннің пікіріне құлақ түрдік. Қаузаған тақырыптарыңыз қоғамның сызды жарасы. Балапанын қорғай алмайтын бүгінгі қоғамның ертеңіне үміт күтуі де орынсыз. Осындай орны толмас оқиғалардың негізгі себебі әлеуметтік жағдаймен жалғасуда.

«Отағасы отбасына жететін қаржыны құйса, әйел неге жұмысқа шығады? Ері не ақша бермейді, не жеткілікті таба алмайды. Сондықтан, қыздар тұрмысқа шығар алдында, өзіңді қамти алатын кәсібің, қабілетің бар ма? Тұрмыс құрған ортаң саған лайық па? Азаматың материалдық жағынан қамтамасыз ете ала ма? Осының бәріне назар аударыңыздар?» – дейді.

Мерген Жұмамұратұлы  «Бір қозы туылса, бір түп жусан артық шығады» деп бала туа берудің түсінігі ескіргендігін ашына айтады. Өз жағдайы, денсаулығы болмаса, ата-ана баланы қалай бағады? Бұның барлығының әсері бар. Толыққанды тәрбие толыққанды отбасында болатынын атап өтті.

Баланы қауіпсіздікке тәрбиелеу маңызды

«Бұл материалдық жағдайға маңыз береміз деп, жіберген қателік» деген пікірде қазалылық ұстаз Ақмарал Жәнібекқызы.

«Баланы дүниеге әкелу басқа да, бағу, тәрбиелеу басқа. Біздің ата-аналарды кейбірі тәрбиені материалдық өлшеммен өлшейді. Кішкентайларды қандай да қауіптен қорғауға дайын болуымыз керек. Ондай жағдай орын алса, шығу жолдарын да әрдайым түсіндіруді неге ойға алмаймыз? Мектепте қауіпті жағдайға кездессе, қатты дауыстап, көмек сұрау, ата-ана мен бала арасында ортақ құпия сөздер ойлап табу, танымайтындардан тәтті, қажетті заттар алмау, еліткеге ермеу, көлігіне отырмау сынды тыйымдарды тәрбие жұмыстарында үнемі айтып отырамыз», – дейді Әйтеке би кентінің тұрғыны.

Тәжірибелі мұғалім ата-ана назар аударатын, аудармайтын баланың айырмасы үлкен келетінін айтты. «Ата-ана осалдығын, шаршаған уақытты кішкентайлар өте жақсы пайдаланады. Қаперден шығару – уыстан шығаруға әкелмесін», – дейді сөзінде Ақмарал Қаманова.

Арам пиғылдылардан абайлаған жөн

Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінің тұрғыны Маржан Естемірқызы өзі кездескен жағдайды баяндады. Үй мен мектеп арасы жақын болғандықтан, немересі көрші бала екеуі қайта береді екен. Бір күні 3-сыныпта оқитын қызы үйге келе жатқанда, ересек кісі қолына кішкентай балапан ұстап, балаларға көрсеткен. Әлгі бейтаныс адам оқушыларға балапанды сипап көруге рұқсат беретінін, үйінде тағы да, көптеген балапан, күшік, мысық та барын айтады. Абырой болғанда, балалар қызығушылық танытса да, тез шешім қабылдап, кері бұрылып, үйлеріне жүгіріп жеткен. Жағдайды естіген ата-анасы оқиға орын алған жерден ешкімді таппаған. Ойында не болғанын кім білсін?..

Ер беріспей, шекіспейді

«Буллинг» сөзі қазір көпке таныс. Үйге таяқ жеп, не көмек сұрап келген балаларға «Ер беріспей, шекіспейді» деген сыңаржақ пікірді ұстаным етіп, салқынқандық таныту соңы күтпеген қиындыққа ұшыратуда.

«Буллингтің құрбаны болғандардың бірі менмін. Алыс ауылдан аудан орталығына көшіп келдік. Сыныптағы Жанар деген қыз бәрімізге қысым көрсететін. Қайтарда ұрып-соғып, жақсы заттарымызды тартып алады. Қажетсіз бұйымдарын, қолданған көне-қопсы киімдер, таусылған заттар, шаш қыстырғышы сияқтыларды адам сенгісіз бағаға сататын. Сол ақшаны күн сайын әкеліп беруіміз керек, олай етпесек, өсе береді, өсе береді... Ата-анама айта алмадым. Бір сыныптасым айтып еді, Жанардың жақындары қыздарының сөзін сөйлеп, барлығын мұғалімге жапты. Мектеп те ештеңе істей алмады», – дейді қазалылық Мейрамкүл Қалиақпар.

Күшпен, сөзбен қорқытудың заманауи түрі әлеуметтік желі арқылы өрбуде. Мәлесен, темекі тарттыру, ұятты көріністерді түсіріп алып, бопсалау, кибербуллинг. Аяқ астынан көңіл күйі өзгерген балаңызды өтпелі кезең көрінісіне салып, қамсыз жүруге болмайды. «Бала досты сырттан іздемеуі керек» дейді Қазалы ауданының Жанқожа батыр атындағы №70 мектептің психологы Лиля Арзахметова.

«Бала буллингке түскенде физикалық немесе психологиялық агрессияға ұшырауы мүмкін. Жалқыға жалпы жабылып, жәбір көрсе, оны сол жағдайдан алып шығатын ата-анасы. Сенім телефондары, сенім жәшіктері, мектеп психологы, мұғалім, жақындар жағдайын жеңілдетуі мүмкін. Алайда, ол ең үлкен қолдауды перзент тек, әкесі мен анасынан табады», – дейді маман.

Психолог екеуара сенімді қарым-қатынас орнату маңыздылығын жеткізді. «Көбіміз баланы жақсы жаңалық үшін мадақтағанмен, жамандары үшін жазалайтынымыз, өзін құнсыздандыруға әкеледі. Әділ және әділетсіз сынға жауап беруге, агрессияны қабылдауға үйрету де маңызды» – дейді.

«Менің балам жаман болуы мүмкін емес»

Баланың құқығын қорғау, зорлық-зомбылыққа жол бермеу, оның алдын алу, қатыгездікке жол бермеуді жүйелі іске асырылуға атсалысатын мамандардың бірі – жасөспірімдер инспекторы.

«Айта, айта Алтайды...» деп басталатын сөз бар еді қазақта. Полицейлер пікірі осы жолдарды ойға оралтты.

Мерей Асағазинаның айтуынша, жасөспірімдер зорлық-зомбылыққа тап болмас үшін түрлі профилактикалық шаралар жүргізіледі.

«Менің балам жаман болуы мүмкін емес» деп, жылаған қаншама ата-ананы көрдік. Баланы сізбен бірге кім, не тәрбиелеп жатыр, білмейсіз... Назар аударыңыз, желіден көргенін жақынына жасап, «тәжірибесі» тәртіпсіздік тудырған қанша бала бар. Бақылаңыз. Ештеңе болашағыңыздан артық емес», – дейді жасөспірімдер инспекторы.

«Жоқ» демеу әлсіздерді қалыптастырады

Соңғы уақытта «жеке шекара» деген ұғым жиі қолданылып жүр. Жанқожа атындағы №70 мектептің психологы Айгүл Жұбаназарова жеке шекараға мынандай анықтама берді. Жеке шекара – әр адам өзін іштей жайлы сезіну үшін жеке басы, кеңістігін қорғауға орнатылған қамал. Жеке шекараны құру эмоциялық, физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Сізге ұнамайтын, қызығушылығыңызға кедергі келтіретін барлық жайсыздық, оны бұзуға жатады. Мәселен, есікті қақпай кіру, бала рұқсатынсыз ата-ананың бетінен сүюі сынды ұсақ-түйектер жеке шекарасын белгілеуді білмейтін, өзгелерге «жоқ» деп айта алмайтын, болашақта буллингке, басқа да, жағдайға ұшырайтын әлсіздерді қалыптастырады.

«Үлкенді сыйла» деген ділдің де, шекарасын ажыратып, анықтатудың кезі келді. «Әйеліңе балаң жоқта ұрыс, Балаңа адам жоқта ұрыс» деген нақыл көшпелі халқымыздың өмір сүру көрінісінен қалыптасқан тұрмыстық-пәлсапалық пікірі болса керек.

Тыйымға мән берген жөн

ЮНИСЕФ шығарған «INSPIRE» балалардың құқығын құрметтеуде олардың негізгі құқықтары бар екенін түсінуге және түсіндіруге ықпал ету, оларға абыроймен және құрметпен қарауға үндейді. Балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық әрекеттері түрлі жағдайда орын алуы мүмкін жағдайларды топтастырады. Мәселен, бала үйде жақынынан, көшеде тәттіге, ақшаға алданып, мектепке барар жолда қылмыскердің қолынан немесе өз құрбы-құрдастарынан, ересек немесе өзінен жасы үлкен балалардан, интернет арқылы да мағлұмат алуы мүмкін. Сондай-ақ жыныстық қанау, сату мақсатында ел немесе шетелдік адамдарынан көруі мүмкін ықтималдықтарды тізбелейді.

«Қызды қырық үйден тыю, қала берді қырық құлдан тыю» деген сөзді соңына қалдырған қазақ этнопедагогикасы ұлын – мұраты, қызын – ұятына санап, тәрбиеге терең мән берген. Ал, балапандарды аяусыз азаптап, «ұя бұзғандар» қатары соңғы жылдары, өкінішке орай, азаймаса, кемімей отыр.

Ең қауіптісі, статистикалық мәліметтер зорлық-зомбылық фактісіне тек, бөтен адам ғана емес, баланың ата-анасы немесе отбасы мүшелері, айналасындағы жақын адамдар да, тікелей қатысты болып отырғанын көрсетуде.

Бала құқығын қорғау жөніндегі міндеттерді жүзеге асыратын ұйымдар ісі өмірлік қиын жағдайдағы балаларды оңалту бағытында оң шаларалар жасағанымен, оның жанына түскен жараны жаза алар ме екен? Тағы да ойға «Он үшке толған қызыңды бөтен үйге қондырма, Он үшке толған ұлыңды бөтен үйден тойдырма» деген тәмсіл оралады.

Қоғам қауқарсыздық танытуда

Қазақстанда педофилия мәселесі өзектілігін жоймай келеді. Соңғы 5 жылда қылмыстың бұл түрі алдағы жылдармен салыстырғанда, сәл азайғанымен, тамырына түбегейлі балта шабуға қоғам қауқарсыздық танытуда. Бұл тұрғыда әлем жұрты қандай жаза беретініне назар салдық.

Педофилдердің тізімі Польшада толық мағлұмат фотосуретімен әділет министрлігінің сайтында жарияланады. Бұл сипатта онша ауыр емес, қылмыс жасағаны үшін жауапкершілікке тартылған адамдар туралы да, ақпарат анық көрсетіледі.

Германияда алты айдан он жылға дейін жаза беріледі. Жәбірленуші қайтыс болса, қылмыскер өмір бойы бас бостандығынан айырылады. Назар аударарлығы, жаза мерзімін өтеген сотталушыны сот түзелмеген деп таныса, оны түрмеде қалдыру уақыты ұлғаяды. Хирургиялық кастрация да қолданылады. Ұлыбританияда мұндайларға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы кесіледі. Химиялық кастрация бірден түрмеден шыққаннан кейін қолданылады. Франциялық педофилдер 15 жылға сотталады. Іс аса ауыр деп танылса, 30 жылдан – өмір бойына бас бостандығынан айырылу қарастырылады.

Оңтүстік Кореяда 13 жасқа толмаған балаларды зорлық көрсеткендер өлім жазасына кесіледі. Ал бас бостандығынан айырылған қылмыскерлерге шартты түрде мерзімінен бұрын босату мүмкіндігі берілмейді. Индонезияда соттау, мәжбүрлі химиялық кастрациядан бөлек дүре соғу жазасы әлі бар.

Құқық бұзушы жазасын өтегеннен кейін, дәрігерлер мен сот қоғамға қауіпті емес деп ұйғарым жасамайынша, қылмыскер бостандыққа шыға алмайтын ел Чехия. Көршілес Ресейде топтық сипаттағы зорлық немесе қайта қылмыс жасағандарды өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы заң жобасын қабылдаған.

Азғындарды көпшілік алдында жазалайтын мемлекет – Иемен. Мұнда өлім жазасы барлық ақпарат құралдарынан тікелей эфирде халыққа көрсетіледі. Педофильдер өлім жазасына кесілетін елдер қатарында Қытай, Оңтүстік Корея, Африка, Латын Америкасы елдері, Иран, Ирак, Сауд Арабиясы, Пәкістан, Куба, сонымен бірге Қатар, Судан, Тунис, Бангладеш және Кувейт бар. Нигерия мен Оңтүстік-Шығыс Африкада қылмыскерді халық өзі жазалап, тірідей өртейді. АҚШ-та бұл санаттағылар қылмысы үшін бір емес, бірнеше рет өмір бойына бас бостандығынан айырады.

Қырғызстанда педофилдерге жаза ретінде химиялық кастрацияны қолданылады. Жасөпірімдерді жазықсыз жазалағандарды өлім жазасына кесу туралы референдум өтуге ел белсенділері күш біріктірген. Тәжікстанда кішкентайларды қорлағандар ұзақ жылдан бері 7 жылдан –20 жылға дейін түрмеге тоғытылса, енді 25 жылға дейін ұзаған.

Жыныстық зорлық-зомбылық жасағандар Өзбекстанда үш жылға сотталады. Балалар мен жасөспірімдерге зорлық-зомбылық көрсеткендер 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады немесе 1-3 жылға дейін арнаулы орында жазасын өтейді. Өзбектер кәмелетке толмаған балалар түсірілген порнографиялық материалдарды тамашалау, тарату, оған қатысуға 5 жылдан 7 жылға дейін сотталуға мерзім кеседі.

Қазақстанда балаларға жыныстық қысым көрсеткен адамдар өмір бойына олармен жұмыс істеу құқығынан айырылады. 2018 жылдан бастап, жыныстық қысым жасаған адамдарға химиялық кастрация жазасы енгізілді. Бас бостандығынан айырылады.

Жыл басында мәжіліс бала өлтіру және педофилия үшін өмірлік жаза қарастыратын заң жобасын мақұлдады. Енді кәмелетке толмаған не дәрменсіз күйдегі адамды азаптаған, денсаулығына зиян келтіргендерге бас бостандығынан айыру көзделген. Ал жас баланы өлтіргені немесе педофилия үшін өмір бойы бас бостандығынан айырылады.

Денсаулыққа жеңіл зиян келтіргендерге 200 АЕК айыппұл немесе 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс сондай-ақ 50 тәулікке дейін қамау жазасын қайта қалпына келтіру ұсынылған. Ұрып-соққандар 80 АЕК-ке дейін айыппұл, 80 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс немесе 25 тәулікке дейін әкімшілік қамау қарастырылған.

Түйін: Сандарды сөйлетсек, соңғы 3 жыл ішінде елімізде балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық бойынша үш мыңға жуық қылмыс тіркелген. Тіркелмегені қанша?.. Үрейлі көрсеткіш үлкен жауапкершілікті жүктейді. Тақырып тоғысқан түрлі мәселе барын көрсетуде.

Сақтықта қорлық жоқ. Әркім өз баласын, жақынын бақылаудан шығармауы тиіс. Уақыт тауып, телефон шалып, немесе қосымша арқылы қайда отырғанын білу қажет.

Екінішіден, мемлекет алдында аналар жағдайын жақсарту міндеті тұр. Егер, балалар кәмелеттік жасқа толғанша, ақы төленсе, үйде отыруға әйелдердің көбі әзір.

Тағы бірі – қиындық ертегі айтпайтын үлкендерден келді ме деген нұсқа. «Лақтарым, шұнақтарым, есікті аш, қарақтарым» дейтін ертегідегі ешкінің төлдерін өзгелерден қорғауда айтатын сөзі, «...Апаң келсе есік аш, қасқыр келсе мықтап бас» деп өрбитін санамақты бала санасына құйып отырсақ, жағдай бүгінгідей қиындамас пе еді...

Камила МАҚҰЛБЕК

Тағы да оқыңыз: