Kyzylorda-news.kz. Бірер ай бұрын аймағымыз бойынша  мектеп оқушылары арасында орын алған оқыс оқиға елді елең еткізгені мәлім. Еске сала кетейік, 6 сәуірде Қазалыдағы екі мектептің оқушылары арасында жанжал туындап, оның соңы төбелеске ұласқан болатын. Ресми органдардың мәліметінше, бұл мәселеге байланысты бүгінде Қылмыстық кодекстің 293-бабына сәйкес тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл – елдің ертеңі саналатын бүгінгі жасөспірім жеткіншектердің болашағы үшін алаңдауымызға негіз боларлық мәселе болып саналады.

Қараусыз қалса, қауіп көп...

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Атаулы күннің бекітілуінің түпкі мәні біз ойлағандай той тойлау емес екені жасырын емес. Бұл күн балалардың болашағына назар аударып, олардың арман-мақсатына, мүмкіндігіне зер салуымыз және сол арқылы тиімді шешімдер қа-былдауымыз үшін бекітіліпті. Ал біздің елде ата-аналардың басым көпшілігі маусымның бірінде балаларын қыдыртып, тойдырып, бір күндік демалыс жариялауды әдетке айналдырғаны рас. Қалған күндері баланың пікірімен санасып, қауіпсіздігін, мүмкіндігін, жетілуін ойлауды екінші орынға ысырып қоятындар да аз емес. Соның салдарынан балалар арасында оқыс оқиғалар кездесіп, оның соңы орны толмас өкінішпен аяқталу үстінде.
Сәуір айының басында көршілес ауданда орын алған оқиға да баланың қараусыз қалуынан, ата-ана бақылауының әлсіздігінен болған. Бұл ретте аймақ басшысы мәселені бірден жіті назарға алып, шұғыл жиын өткізгенінен хабардармыз. Сонда облыс әкімі бұл жағдайда ата-аналар өз жауапкершілігін сезіну керектігін ескерткен еді.

– Бәріміз де ата-анамыз. Әрбір ата-ана азанда мектепке шығарып салған баласының үйге есен-сау оралатынына сенімді болуы керек. Ал полиция мен мектеп бұған қол жеткізе алмай отыр. Қызылорда қаласы мен Қазалы, Жалағаш ауданы бойынша полиция басқармаларының жауапкершілігі қаралсын. Сонымен қатар, аталған мектеп директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары да осы жағдайға жол бергендері үшін тиісті шараларын алсын, – деген еді облыс әкімі.

Дәл осы жиыннан кейін қоғамда резонанс туғызған іске қатысты сең қозғалып, нақты шаралар қабылдана бастағаны мәлім. Бірден айтып өту керек, бұл жағдай жеткілікті деңгейде бақылау болмағандықтан, бейқамдықтан орын алған. Ең маңыздысы, соққыға жығылған баланың ата-анасы полицияға арызданбаған. Дегенмен, аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес құзырлы органдар тарапынан жан-жақты жұмыстар қолға алына бастады. Шұғыл жиналыста аймақ басшысы аудан әкімдерінен, полиция департаменті басшылығынан, білім басқармасынан есеп сұрап, жағдайға нақты әрі шынайы баға беруді талап етті. Төбелестің шығу себебін анықтап, жағдай ушыққанша бақылау жасамаған барлық жауапты басшыларға қатаң әрі шұғыл шара көруді тапсырды. Шұғыл жиналыста берілген тапсырмалардың орындалуы, жалпы ахуал облыс әкімінің күнделікті қадағалауында. Қазір облыс көлемінде тапсырмаға сәйкес іс-шаралар жүргізіліп жатқаны рас.

Әрине, біз бір жақты ойлаудан аулақпыз. Біріншіден, ата-аналар әлеуметтік-тұрмыстық жағдайға байланысты балаларын қараусыз қалдырады. Ол жасырын емес және баршаға ортақ мәселе. Қайбір жылы елімізде бір үйдің отқа оранған үш бірдей бейкүнә бүлдіршіндері де ата-анасы түнгі ауысым бойынша жұмысқа кеткенде ажал құшты емес пе?! Сөз жоқ, аталған мәселеге мемлекет те, ата-ана да кінәлі... Ал, ата-анасын тыңдамайтын, сөйтіп қоғамдық резонанс туғызатын оқиғаларға ұрынатын балалардың мәселесі бөлек тақырып. Ол біз ойлағаннан да күрделі мәселе.

Екінші мәселе – балалардың еңбекке ерте араласып немесе еркінен тыс жұмысқа жегіліп, денсаулығына зиян келетіндей деңгейде қиындық көруі. Мұндай оқиғалар әсіресе үлкен қалаларда көп кездеседі. Сон¬дықтан базарларда, көлік жуу орындарында, кафелерде, демалыс парктері мен компьютерлік клубтарда бала еңбегін заңсыз пайдалануды болдырмау қадағалаушы, құқық қорғаушы және уәкілетті органдардың қатаң бақылауында. Біздің де бірқатар ауылда балалардың жазғы демалыс уақытында кесек құйып, шөп орып, оны сатып жүргені белгілі. Жас жеткіншектердің ата-анасына бір мезгіл көмектескені дұрыс шығар. Бірақ жыл сайын бұл жұмыс қайталана берсе, бала еңбегі арқылы кәсіпкерліктен табыс табу дағдыға айналса, ұшпаққа шықпайтынымыз анық. Балалар тақырыбы туралы әлеуметтік мәселелерді осылай тізбектей беруге болады.

Балаңыз бақылауыңызда болсын

Психологияда «Біздің білмейтініміз – нені білмейтініміз» деген ұғым бар. Сарапшылар да «ата-аналардың көпшілігі балаларының нені білетінін және нені білмейтінін білмейді» дегенді алға тартады. Мамандардың пікірімен келісуге болады. Расында да біз баламыздың неге қызығып, нені оқып, нені көріп жүргенін бір сәт тереңірек ойлап көрдік пе?

Қазір оқушыларды айтпағанда екі-үш жастағы бала ұялы телефоннан «Ютуб»-ты еркін ашып, қалаған видеосын көреді. Ал оқушылардың пайдаланатын әлеуметтік желілерінің саны тіптен көп. Оған соңғы жылдары тікелей эфир арқылы видео түсіріп, оны таратуға ыңғайлы «Тик-ток» әлеуметтік желісі қосылды. Қазір екі оқушының бірі осы «Тик-токты» пайдаланады. Жақсы бағытта пайдаланса, жақсы ғой әрине. Кейде мектеп оқушыларының заманауи бидің жетегіне еріп, ыңғайсыз іс-әрекеттер жасап, теріс қылық көрсетіп жүргенін естіп, байқап жатамыз. Мұндайда ата-анасы, аға-әпкесі қайда қарап отыр деген ой пайда болады.

«Жүз жаңа оқулық» жобасына енген кітаптарды оқу әрбір ата-ана үшін өте тиімді. Жақында мемлекеттік қызметтегі әріптесіміз атақты Эллиот Аронсонның «Көпке ұмтылған жалғыз» атты кітабы туралы ой бөлісті. Кітаптың түйіні «Біз бүгін істеген ісімізге ертең ұялмауымыз немесе өкін-беуіміз керек» дегенге саяды екен. Ал ұялмауымыз немесе өкінбеуіміз үшін не істеуіміз керек? Кітап авторының айтуынша, ол үшін әр ісімізге есеп беріп, әрекеттерімізді күнделікті қатаң бақылауда ұстағанымыз дұрыс. Осы ойды балаларымыздың тәрбиесі турасында сабақтап көрейікші.

Қарапайым мысал, баламыз телефон сұрады. Біз көңілжықпастықпен бердік. Ол ұялы телефонды қалағанынша пайдаланды. Кейін біз не үшін сұрап, қалай пайдаланғанын тексердік пе? Мысалы, баламыз бос уақытын қалай жоспарлап жүр, ол сабақта, сабақтан тыс уақытта немен айналысып, не айтып, не жазып жүргенін білеміз бе? Білмесек, білу – біздің міндетіміз. Кейін ұялып, өкініп қалмас үшін қазірден бастап баламыздың жеке қызығушылығы мен қажеттілігіне, бос уақытын жоспарлауына жіті көңіл бөлгеніміз дұрыс. Осы орайда психолог маманның пікіріне жүгінейік.

– Жасыратыны жоқ, кейбір ата-аналар балаларымен дұрыс сөйлеспейді, олардың өсіп келе жатқанына, жетілу кезеңін өткеріп жатқанына көп мән бермейді. Мәселен, кибербуллинг, яғни ғаламторға тәуелділік немесе әлеуметтік желі мәселесін алайықшы. Бұл мәселе әр отбасыға түрлі жолдармен әсер ете алады. Бірақ оны жеңуге болады. Ол үшін адам өз-өзіне сенімді болуы керек. Тіпті отбасындағы ең сенімді қарым-қатынас кезінде ата-аналар кейде балаға қауіп төндіретін қатерді уақытында байқай алмайды және оның алдын-алуды әрдайым білмейді. Баладағы мазасыз мінез-құлық, депрессия, мектепке барғысы келмеу – баланың агрессияға ұшырауының ең айқын белгілері. Сондай-ақ егер бала интернетте уақытты өткізуді ұнатса және оны кенеттен тоқтатса, себебін анықтау маңызды, – дейді білікті психолог Сымбат Әбдрахманова.

Иә, психолог маманның сөзінің жаны бар. Әр ата-ана баласымен досындай, сырласындай жақын сөйлесуі керек. Егер мұндай қарым-қатынас болмаса, онда бала өзгемен сөйлесуі, сырласуы мүмкін. Ал өзге адамның немесе өзге жүйенің сіздің балаңызға өзіңіздей жанашыр болмайтыны бесенеден белгілі. Сондықтан халқымыздың «баланың бас ұстазы – ата-анасы» деген тағылымына сүйеніп, жеке жауапкершілік танытуымыз, баланы ата-анасы ретінде бақылауда ұстауымыз қажет. Сонда ғана күрделі мәселелерге кездеспейміз.

Өзіңізден бастаңыз

Қазір өзіне берілген уақытты өзгенің өміріне арнайтындар көп. Көп адам біреуді сынауға, мінеуге, ақыл айтуға бейім болып алды. Біреу ақылды шынымен ақылды болып айтады, ал келесі біреу ақылды болғансып айтады. Сөз бен іс ұштасса, қанекей. Көп нәрсе өзгеріп, құндылықтарымыз құлдырамайтын еді.

Ата-аналар да баласына ақыл айтады. Ол қалыпты жағдай. Бірақ кей ата-ана сол ақылды өзі істемейді. Сөзі мен ісі қабыспайтындықтан бала да ата-ана тарапынан айтылған ақылға мән беріп, қажетіне жаратпайды. Осы орайда философияда «Өзіңізден бастаңыз!» деген қағида бар екені еске түседі. Мұны адам психологиясына, іс-әрекетіне қатысты пайымдауға да болады. Қарапайым тілмен айтсақ, әкесі темекі шегіп, оны баласына зиян, шекпе дегеніндей немесе анасы үйдің тазалығына мән бермей, қызына тазалық сақта деп бұйырғандай ғой. Мұндайда бала айтылған ақылды сапалы орындай ма? Міне, мәселенің мәнісі осында. Жауабын өзіңіз саралап көріңіз.

Өмірден тағы бір мысал келтірейін. Ауданымызда былтыр «Балалар жылына» орай «Кітап оқы да, тұлға бол!» атты жоба жүзеге асырылды. Жобаның мақсаты – балаларға көркем әдебиетті оқыту, кітаппен дос болған балаларды ынталандыру. Осы жобаны ақын Нұрмат Мансұровпен бірге жүзеге асырып жүріп екі нәрсені анық аңғардым.

Біріншісі, ата-анасы тұрақты түрде кітап оқитын баланың өзі де ата-анасы секілді тұрақты түрде кітап оқиды екен. Бұл «әр бала көргенін істейді» дегеннің өмірдегі шынайы көрінісі. Мұндай балалармен пікірлескенде, сөйлескенде ата-аналарының жақсы қасиеттерін мақтанышпен айтқанына көңіліңіз толып, көзіңіз сүйсінеді. Ата-ана үшін нағыз бақыт осы шығар, бәлкім...

Екіншісі, ата-анасы мүлдем кітап оқымайтын баланың өзі де кітап оқымайды екен. Мен бұл жерде өз бетінше ізденіп, дағдыланған кейбір ынталы балаларды қосып тұрғаным жоқ. Мұны түсінбеу мүмкін емес. Қарапайым өмірде де көріп жүрміз ғой, ата-анасының қателігін қайталайтын балаларды. Бұдан түйетініміз – «Өзіңізден бастаңыз!» қағидасының өмірде, оның ішінде бала тәрбиесінде алатын орны ерекше. Расында да біз өзіміз үлгі көрсетіп, өнеге болмасақ, бала өзгеге қарап бой түзейді. Сосын өсе келе ата-анасын тыңдамайды, өзінікін ғана дұрыс санап, шешімді де жеке дара қабылдайды. Мұның соңы қателікке ұрыну, құқық бұзушылық немесе қылмыс жасау, ажырасу секілді әлеуметтік мәселелерге тіреледі. Сондықтан Жүсіпбек Аймауытовтың «Баланы бұзуға, түзеуге болатын бірден-бір шарт – жас күнде көрген өнеге» деген сүбелі сөзін негізге алуымыз қажет.

Жоғарыда айтқанымыздай, балалар үшін ең алдымен жақындарының қолдауы мен назары маңызды. Әр отбасында баланың тәлім-тәрбиесіне, денсаулығына, білім сапасына, қызығушылығына ерекше назар аударылса, елімізде төрт құбыласы тең отбасылар көбейері анық. Өмірдің өзі дәлелдегендей, әр бала – бір жұлдыз екенін ескерер болсақ, ерте жастан баламен сөйлесіп, сырласып, ашық байланыс орнатып, ішкі жан дүниесіне тереңнен үңілуіміз керек. Қорыта айтқанда, баламыздың қауіпсіздігі бәрінен маңызды екенін тек «Балалар жылында» немесе бірінші маусым күні ғана емес, әркез қаперде ұстағанымыз дұрыс.

 

 

 

 

 

 

Тағы да оқыңыз: