Kyzylorda-news.kz. Қазақ әуелден-ақ «Келіні жақсының керегесі алтын» деп босағадан аттаған жас жанның тәрбиесі мен көрген-түйгеніне мән берген. Ғасырдан бері келе жатқан осы үрдіс бүгінде өз маңызын жойған жоқ. Жуырда ата-бабадан қалған қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын ұлықтап, берік ұстанып, сәні мен салтанаты жарасқан қазақ келіндерін насихаттау мақсатында және Шиелі ауданының 95 жылдығына орай, Иіркөл ауылдық округі, Ы.Жақаев ауылында аудан әкімдігінің қолдауымен, Жастар ресурстық орталығы және «Жастар арасында жас отбасы, неке құндылықтарын насихаттау бағытында шаралар ұйымдастыру» әлеуметтік қызметі жобасы аясында «Қызылорда облысының жастар одақтары» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Үлгілі келін - 2023» атты аудандық жас келіндер байқауы өтті.
Бастарына ақ жаулық тағып, келген жанға ерекше ізетпен сәлем салып сызылған қазақтың келіндерін көргенде, үлкендердің көңілі өсіп қалғаны шындық. Ауданға қарасты әр ауылдан келген 12 келін, 12 әулеттің күлімдеген күні, шашылған жап-жарық шуағы. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп отырған байқаудың негізгі мақсаты – отбасылық құндылықтарды насихаттау, ұмыт қалған салт-дәстүрлер мен ас түрлерін, жөн-жоралғыларды қайта жаңғырту, келіндердің қоғамдық белсенділігін арттыру. Шынын айту керек, қазіргі таңда отау құрған жастар арасында ажырасу көбейді. Әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталатын көрінеді. Ұйымдастырушылар осындай шаралар арқылы ажырасудың алдын алуды, отбасылық бірлік пен татулықты, отбасылық құндылықтарды нығайтуды көздейді.
Кіл жүйрік келіндердің өнерін көріп, сындарлы сайысты тамашалауға аудан әкімінің орынбасары А.Алдабергенов, аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы К.Есенбаев, жастар ресурстық орталығының директоры Е.Әбдеш, сондай-ақ көптеген ауыл тұрғындары мен бірқатар сала мамандары қатысты. Байқау басталмас бұрын өңір басшысының орынбасары А.Алдабергенов сөз алып, сайысқа қатысушы жас келіндерге сәттілік тіледі. Ал жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарларды анықтап, әділ бағасын беру үшін айтыскер ақын, ҚР мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегінің» медалінің иесі, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» К.Жүсіп, облыстық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Г.Айдарбекова, аудандық әйелдер кеңесінің төрағасы Н.Палымбет, Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру музейінің директоры Қ.Ыханова, «Арман» мәдениет үйінің директоры, аудандық мәслихат депутаты Н.Шалекеева қазылық етті.
Үздік келінді «Таныстыру», «Өнерлі менің отбасым», «Қазақтың ырымдары», «Үй тапсырмасы» секілді төрт бөлімнен тұратын сын анықтады. Қатысушылар байқау шарттары бойынша алдымен өздерін жыр-шумақтары арқылы таныстырды. Байқау барысында барлық қатысушылар өз қолдарынан жасалған дәмді тағамдарын төрешілерге көрсетіп, оң бағасын алудан да қалыс қалған жоқ. Тартысқа толы байқауда келіндердің сахна мәдениеті мен, өзін-өзі ұстау әдебі де назардан тыс қалмады. Бұрынғысынан өзгерек өткен бәйге соңында келіндерге қара қылды қақ жаратын әділ қазы мүшелері сондай-ақ аудан әкімінің орынбасары А.Алдабергенов түрлі алғыс хат пен сый-сияпат табыстады. Қазылар алқасының шешімімен I орынды Бала би ауылының тұрғыны Арайлым Нұрланқызы жеңіп алды. II орынды Жуантөбе ауылының намысын қорғаған Жанар Күлекенова иемденді. Ал III орынға Ақнұр Сәкенқызы мен Салтанат Шорманова жайғасты. Сайысқа қатысушы барлық келіндерге ынталандыру сыйлықтары мен номинациялар табыс етілді.
