Kyzylorda-news.kz. Бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті халыққа Жолдауын Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері мен этномәдени бірлестік мүшелері тыңдады.

«Президент Жолдауында елдің әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуға арналған бірқатар игі бастама жарияланды. Жолдаудың негізгі бөлігі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған. Сонымен қатар, мемлекеттік басқару ісін жаңғырту, өнеркәсіпті күшейту, білім және ғылым, бизнес салаларына айқын тоқталды. Мемлекет басшысы еліміздің толыққанды дамуы үшін жасалатын қадамдарды қадап тұрып айтты. Түйінді мәселелер Жолдауда нақты көрсетілді», - деді «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов. 

Корей этномәдени бірлестігінің мүшесі, тіл жанашыры Елена Пак білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту, зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу сынды бастамалар бір серпілтіп тастағандығын алға тартты.

Жолдауда тіршілік көзінің түйіткіліне тоқталған Президент сырттан келетін судың азайып бара жатқандығын мәлімдеді. Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер. Осы ретте неміс этномәдени бірлестігінің белсендісі Светлана Крюгер бұл бастамалар су мәселесін шешуге оң ықпалын тигізеді деген пікірін білдірді.

Әлеуметтік жағдайы жақсы елде міндетті түрде қоғамның басқа салалары бойынша да жетістіктері көп болады. Бүгінгі Жолдау соның жарқын бастамасы болды.

Тағы да оқыңыз: