maslihat_sailauy

Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Камалов Бақытжан Жарылқасынұлы бүгін Астана қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының 32-ші сессиясына қатысты. Мекеме басшысы сессия жұмысына қатысты өз пікірін білдірді. 

«Сессия жұмысына мыңнан аса адам қатысты. Олар "Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму" тақырыбында өз ойларын ортаға салды. Бірінші күні делегаттар мен сарапшылар арасында пікірталастар ұйымдастырылды. Ал екінші күні, яғни бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен сессияның пленарлық отырысы болды. Жаңа Қазақстанда Қазақстан халқы Ассамблеясына жаңа міндеттер жүктелді. Қазақстан халқына ортақ ұлттық құндылықтарды қалыптастыру керек! Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясында осындай бастама көтерілді. Сондай-ақ сессия барысында бірлікті нығайтуға қатысты тапсырмалар жүктелді. Басты міндет - арандатушылық пен сепаратизмнің алдын алу.
Ресей-Украина арасындағы жағдай бейбітшіліктің бәрінен қымбат екенін көрсетті. Былтыр қаңтар оқиғасы кезінде де тұрақтылық пен татулықтың қадірін ұғындық. Содан бері саяси жүйе толық жаңғырды. Енді ділге, дінге бөлінбей біртұтас ұлт болып, дамудың даңғыл жолына түсуіміз керек. Бұл ретте Қазақстан халқы Ассамблеясына артылар жүк ауыр. Кезекті 32-сессияның «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» деген ұранмен өтуі де содан.
Сессия барысында Президент Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіндегі бірқатар басымдықты айқындап берді. Атап айтқанда, Президент бірлігіміз бен татулығымызға сына қаққысы келетін кез келген арандатушылық әрекетке батыл түрде тосқауыл қою, этноәлеуметтік шиеленістің шығу себептерін жою үшін нақты шаралар қабылдау қажет екеніне тоқталды. Сонымен қатар көпмәдениетті ортаны дамытып, барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеруі үшін жүйелі қадамдар жасау керектігін айтты. Тіл – халықтың жан-дүниесі, рухани негізі мен ел еркіндігін, ұлттың ұлылығын танытатын басты күш, ұлт болмысын ұғындырып, жалпы жұртты төңірегіне топтастырушы, біріктіруші. Сондықтан мемлекеттік тілді білу – өмір талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттілігі. Тілді өмірдің барлық саласында қолданып, аясын кеңейту жолында әрбір қазақстандық өзінің азаматтық міндетін атқарғанда ғана ол нәтижелі болатынына күн сайын көз жеткізіліп келеді», - деді Бақытжан Камалов.

Тағы да оқыңыз: