Kyzylorda-news.kz Жуырда Қызылордада корей киносы фестивалі аясында Оңтүстік Кореяның танымал «Бақытты кілт» («Luck Key») фильмінің көрсетілімі өтті.
Көрермендердің жүрегін жаулаған бұл туынды алғаш жарыққа шыққан сәтінен бастап 7 миллионнан астам көрермен жинап үлгерген еді. Енді қызылордалық көрермендер де бұл қызықты комедиялық боевикті тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Фильм режиссер Ли Ге Бёктің қолынан шыққан, ал басты рөлде танымал актер Ю Хэ Чжин ойнайды.
Сюжеті қарапайым, тіпті классикалық деуге болады. Басты кейіпкер – жолы болмаған, сәтсіздікке ұшыраған жас актер. Ол өмірден түңіліп, өз-өзіне қол жұмсауға бел буады. Алайда тағдыр оған тосын сый дайындайды: қоғамдық моншада ол өзге бір келушімен — сәнді киінген, ауқатты ер адаммен — абайсызда шкафтың кілттерін ауыстырып алады. Осылайша, сәтсіз актер Чэ Сон есін жоғалтқан элиталық жалдамалы киллер Хён Уктың орнына түсіп, оның өмірін иемденеді. Мұндай есін жоғалту мен тұлға алмасу тақырыптары кинода жиі кездескенімен, корей режиссерлері бұл сюжетке өзіндік ерекшелік пен сүйкімділік қоса білді. Сондықтан фильмді көру көрермен үшін қызықты әрі көңілді әсер сыйлайды.
Өмірден түңілген жас актер киллердің өмірін пайдаланып, біраз «шығынсыз» өмір сүргісі келеді. Әрине, бәрі жоспарлағандай бола бермейді. Оқиғалар шиеленісіп, бірінен соң бірі күлкілі жағдайлар орын алып жатады. Бұл фильм – жеңіл, позитивті, сәтті әзілдерге толы, корей комедияларына тән сәл «ақылға қонымсыз», бірақ тартымды сюжетті картина.
Актерлік шеберлік те жоғары деңгейде екенін атап өткен жөн. Кейбір актерлерді бұған дейін басқа фильмдер мен дорамалардағы қосалқы рөлдерден көргенмін, бірақ «Бақытты кілтте» олар өзін жаңа қырынан көрсете білді.
Фильм аяқталған соң Қызылорда облысының корей жастары ұйымының мүшелері бірауыздан пікір білдірді.
– Фильм өте ұнады. Актерлер де, сюжеттің өзі де керемет. Көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын, өмірге шабыт беретін оқиға. Бұл фильм өмірде кез келген сәтте бәрі өзгеруі мүмкін екенін, ал адамда ішкі қайсарлық болса, ол қандай қиындық болса да жеңіп шығатынын көрсетеді. Осындай туындылар жиі өткізілсе екен дейміз, – деді олар.
«Бақытты кілт» — бұл жай ғана жеңіл комедия емес. Бұл – ең күрделі, шым-шытырық өмірдің өзінде жаңа мүмкіндік бар екенін еске салатын туынды. Ол үшін тек батыл қадам жасап, кілтті тауып, оны дұрыс бағытта бұру керек.