Kyzylorda-news.kz Өткен жылы Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясында Шардара су қоймасына вегетациялық кезеңіне 3,7 млрд. м3 судың түсетіні келісілсе, нақты 4,8 млрд. м3 су түсіп, 130 пайызға орындалған. «Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының Келінтөбе магистралды каналына су беретін канал» жобасын жүзеге асыруға 2024 жылға республикалық бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, игерілді. Жоба аясында ұзындығы 6,1 шақырымды құрайтын айналма канал қазылған. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов мәлімдеді.

– Жобаны толықтай пайдалану үшін каналдың сағасына гидротехникалық құрылыс салу қажеттілігі туындауына байланысты жоба-сметалық құжаты әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізу үшін облыстық бюджеттен өтінім ұсынылды. Жоба іске асқанда, Жаңақорған ауданының 30 мың га егістік жерлерін вегетациялық кезеңде суландыруға мүмкіндік береді. Өткен жылы су үнемдеу технологияларын пайдалану көлемі барлығы 4,4 мың гектарға жеткізілді. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 3,5 мың гектарға артық. Күріш шаруашылығында су үнемдеудің бірден бір жолы ол егістікті лазерлік тегістеу. Өткен жылы егілген күріш егістігінің 55 мың гектарына лазерлік тегістеу жүргізілсе, алдағы 5 жылда 72 мың гектарға жеткізу жоспарлануда. Кешенді жоспарға сәйкес, Су шаруашылығы комитетімен Қызылорда облысы аумағындағы 16 магистралді және шаруашылықаралық каналдарды цифрландыру жұмыстарының жоба-сметалық құжаттамаларын әзірленуде, – деді Бахыт Дүйсенұлы.

Егін шаруашылығын дамыту және егістік алқаптарын әртараптандыру – Мемлекет басшысының Жолдауында ерекше мән берілген мәселелердің бірі. Суармалы егіншілікке негізделген Қызылорда облысы үшін бұл бағыттағы жұмыстар аса маңызды.

– Аймақта жыл сайын егін алқаптары ұлғайып келеді. Өткен жылы 189,4 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Ал, негізгі дақыл - күріштің көлемі 85,6 мың гектарды құрады. Өткен жылы Мемлекет басшысының қолдауымен және Үкіметпен дер кезінде жүргізілген келіссөздер нәтижесінде, егіс алқаптары сумен толық қамтамасыз етіліп, су тапшылығы орын алған жоқ. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, су үнемдеу технологияларын пайдаланып егілген егіс көлемі 4,4 мың гектарға жеткізілді. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 3,5 мың гектарға немесе 5 есеге артты. Осы орайда суды үнемдеу және егісті әртараптандыру мақсатында өңірде 5 мың гектарға су үнемдеу әдісімен жүгері, малазықтық дақылдар егу бойынша 3 ірі инвестициялық жобалар іске асырылуда, – деді, Бахыт Дүйсенұлы.

Облысы аумағындағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдардың жалпы ұзындығы - 3445 шақырым. Оның 1024,5 км республикалық, 555 км облыстық, 1965,5 км аудандық маңызы бар автомобиль жолдары. 2024 жылы 95 жобаға 300 км аса құрайтын автомобиль жолдары мен көшелер және көпір өткелдері жөндеуден өткізіліп, нәтижесінде сапалы жолдардың үлесі 92 пайызды құрады. Қаланың күре жолы саналатын әуежайға кірме жолы мен Көшербаев, Қожа Ахмет Яссауи, Жаппасбай батыр көшелеріне кеңейту жұмыстары жүргізілді. Ал биылғы жоспар Тәуелсіздікке 25 жыл көшесін кеңейту жұмыстарын аяқтап, және Әбілхайыр хан көшесінен Саламатов көшесіне дейін Сырдария бөгеті бойымен жол салу.

– Қала тұрғындарының көкейінде жүрген мәселелердің бірі темір жол өткелдерін салу болатын. Аталған мәселені шешу мақсатында 2024 жылы Қызылорда қаласында жер асты және Арал мен Жаңақорған аудандарында аспалы темір жол өткелдерінің құрылысы басталды. Сонымен қатар, Республикалық маңызы бар «Қызылорда-Жезқазған» күре жолы біраз жылдардан бері күрмеуі шешілмей келген, халықтың арасында біраз талқыға салынған мәселелердің бірі болды. Осы орайда аймақ басшысының тікелей қадағалауымен республикалық маңызы бар жолдың құрылысы қанағаттанарлық. Бүгінгі таңда «Қызылорда» автобус паркі» ЖШС-і қалалық 32 маршрутты қамтып отыр. Қызылорда қаласында «Экотакси» қызметін құру жобасы бойынша 100 дана электромобиль алынып, Қызылорда қаласының тұрғындары мен қонақтарына қызмет көрсетуде. Биылғы жылдың және бір жаңалығы мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-министр Олжас Бектеновтың қатысуымен Қызылорда қаласындағы «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа жолаушылар терминалының ашылу салтанаты өтті. Аталған жаңа жолаушылар терминалы, «Болат Өтемұратов қоры» жеке қорының демеушілігімен салынды. Темір жол көлігі саласы бойынша айта кетсем. 2024 жылы «Қызылорда-Семей» жолаушылар пойызының жаңа вагондарының тұсаукесер рәсімі өтті. Осы бағытта 44 вагон сатып алынды, – деді Бахыт Дүйсенұлы.

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Тағы да оқыңыз: