Kyzylorda-news.kz. Әке – асқар тау. Әке – сүйеніш, әке – тірек. Әке – шаңырақтың егесі. Сондықтан әкелерді құрметтеу – сіз бен бізге міндет. Шаңыраққа тірек болған асыл азаматтарды 365 күн бойы құрметтеп, қадір тұтсақ та артық етпес-ау, сірә! Бірақ биылдан бастап үкімет қаулысына сәйкес, еліміз жыл сайын «аналар күні» мен «әкелер күнін» арнайы мереке ретінде тойлайтын болды. Осы жылдан бастап мерекелік күндердің күнтізбесі «әкелер күні» мерекесімен толықты.
Біз анасы бар адамдар қартаймайды десек, әкесі бар адамдардың аласармайтынын да анық білеміз. Себебі, қай кезеңде де әкенің маңызы ешқашан жоғалмаған. Оның отбасында да қоғам алдында да маңызы зор. Дана халқымыз әкені «асқар тау» деп бекер айтпаса керек-ті. Расында, әке деген – таудан да биік асыл адам. Алып анадан туса, батыр әкеден туады. Ақынның да, батырдың да, дананың да, дараның да әкесі бар. Себебі барлық мықтыны әке тәрбиеледі. Әке – ұлттың айнасы, тәрбиенің, өнегенің бастауы. Тарихқа көз жүгіртсек, «Әкелер күні» мерекесі ең алғаш араб елдерінде аталып өтілген көрінеді. Бұл үрдіс өз жалғасын тауып, түркі халқына да жеткен. Кейіннен дамыған елдердің барлығы да әкелерге тағзым етіп, бұл күнді арнайы дата ретінде белгілеп тойлайтын болған. Міне, биылдан бастап біздің еліміз де ең алғаш рет «Әкелер күні» мерекесін тойлады. Бұл күннің мереке ретінде белгіленгеніне қуанған жұрт өз қалаларында осынау бір мерекені думандата қарсы алды. Мәселен, астаналықтар алаңға шығып, өз әкелеріне сый-сыяпаттарын табыстаса, ару қала Алматының тұрғындары түрлі іс-шара ұйымдастырып, мерекені есте қаларлықтай етіп өткізді. Киелі Шиелі халқы да «Әкелер күні» мерекесін тойлауда қалыс қалған жоқ. Оның бір парасы жуырда Байсын ауылында көрініс тапты.
«Әкелер күні» мерекесін ерекше күткен байсындықтар ең алғаш рет өткізіліп тұрған айтулы датаны ерекше атап өтті. Байсын ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен 16 маусым күні ауыл әкімі Балдаурен Шәкіртаев, Байсын ауылдық мәдениет үйінің басшысы Қуаныш Махашев және бір топ мәдениет қызметкерлері сол ауылда тұратын, көпке үлгі, ел аузында жүрген, көпбалалы бірнеше әкені «Әкелер күні» мерекесімен арнайы құттықтады.
Ең әуелі ауыл басшысы Балдаурен Шәкіртаев 45 немере, 15 шөбересі бар Жантөре Бердібаев есімді көнекөз қарияның үйіне кіріп, ақ батасын алып, өзінің ыстық ықыласын жеткізіп, шапан жапты. Мұнан соң мәдениет қызметкерлері ақсақалға арнау айтып, оның жары Нұршат Арыстанбековаға ақ жаулық жауып, саулық сұрасты. Сондай-ақ ауыл әкімінің атынан арнайы алғыс хат табысталды. Құттықтау рәсімі Таубай Палмағанбетов есімді ауыл тұрғынының үйінде өз жалғасын тапты. 30 немере, 5 шөбере сүйіп отырған батагөй қарияға да ерекше құрмет көрсетіліп, арнайы алғыс хат берілді. Ауылдағы көпбалалы әкелердің біріне айналып, 4 қыз, 2 ұл тәрбиелеп отырған Мұхит Файзоллаевқа да арнайы сый-сияпаттар табысталып, алғыс хат берілді.