Байқоңырда Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аталып өтті – Kyzylorda News
Басты бет

Байқоңырда Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аталып өтті

08.12.2021, 15:40

1071 0

Kyzylorda-news.kz. Байқоңыр қаласындағы мәдениет сарайында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аталып өтті.

Салтанатты іс-шараға Қармақшы ауданының әкімі Қ.Нұртай, Байқоңыр қаласы әкімшілігі басшысының орынбасары Н.Адасев, Арал ауданы әкімінің орынбасары Б.Жұмағұлов, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілінің қызметін қамтамасыз ету басқармасының басшысы Ж.Абатов және қала тұрғындары, желтоқсаншылар, мекеме қызметкерлері, сондай-ақ Қармақшы ауданынан барған ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Аудан басшысы Қайрат Ырзақұлұлы қала тұрғындарын ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен құттықтап, қала әкімшілігінің басшысы Дмитрий Константиновичке Байқоңыр қаласының және Төретам, Ақай елді мекендерінің әлеуметтік экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Қармақшы ауданының Құрмет грамотасын табыстады. Одан бөлек, Байқоңыр қаласында табысты еңбек етіп жүрген қызметкерлерге алғыс хат тапсырды.
Сондай-ақ, айтулы іс-шарада қала әкімшілігі басшысының және Арал ауданы әкімінің орынбасарлары құттықтау сөз сөйлеп, мерейлі мерекеге орай бірқатар сала үздіктерін марапаттады.

Іс-шарада Сыр сүлейлерінің алтын сынығы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Бидас Рүстембеков, Республикаға белгілі жырау Айгерім Ешбаева және басқа да жыраулық өнерді дәріптеген жыршылар жырдан шашу шашса, Байқоңыр қаласы мен Қармақшы, Арал аудандарының өнерпаздары өз өнерлерін көрсетіп, жиылған көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлады.

Сонымен қатар, іс-шара аясында Қармақшы ауданының ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай этнографиялық экспонаттардан көшпелі көрме ұйымдастырылды.