Kyzylorda-news.kz.  ҚР Президенті Қ.Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көптеген мәселелер көтерілді. Атап айтсақ, жаңа экономикалық саясатты жүргізу, мемлекетті басқару ісіне өзгерістер енгізу және алда өткізілетін сайлау процестері туралы айтылды. Бұл туралы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің философия және әлеуметтік – гуманитарлық пәндер кафедрасының профессоры Баймырза Қожамберлиев мәлімдеді.

Жалпы бұл Жолдауда ел халқының әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесі басты назарда болды. Әсіресе, жұмыссыз жастарды кәсіпкерлік саласына икемдеу арқылы оларға төмендетілген пайызбен несие беру, жоғары оқу орындарына бөлінетін грант санын көбейту, ең төменгі еңбекақы деңгейін 70 мың теңгеге көтеру, сондай-ақ ұлттық қор есебінен әр балаға қаржы аудару туралы шешім қоғам арасында үлкен қолдауға ие болды.

Сонымен қатар Жолдаудағы ең бір жағымды жаңалық бірінші сыныптың табалдырығын аттаған балалар тек қазақ тілінде білім алатын болады. Шыны керек, бұл мәселе көптен бері халық арасында талқыға түскен еді. Өз басым бала бірінші кезекте өз ана тілін жетік меңгеруі керек деп ойлаймын және бұл шешімді толық қолдаймын. Мемлекет басшысы Жолдауда жер мәселесін де қозғап, заңсыз және игерілмеген жерлерді келесі жылдың соңына дейін мемлекетке қайтару туралы тапсырма жүктеді. Жолдауда айтылған әрбір мәселе халық арасында кеңінен талқыға түсіп, еліміздің дамуына әрбір азамат өз үлесін қосу керек.

Тағы да оқыңыз: