Tauelsizdik

Kyzylorda-news.kz Кеше Шиелі ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Айтбай Жандарбековтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.

Мәжілістің күн тәртібінде «Телекоммуникация саласын дамыту» мәселесі қаралды.

Қазіргі таңда телекоммуникация саласын дамыту, тұрғындарды сапалы интернетпен және тұрақты мобильді байланыспен қамтамасыз ету — уақыт талабынан туындаған маңызды міндеттердің бірі. Себебі интернеттің қолжетімділігі тек байланыс құралы ғана емес, білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік қызметтер көрсету, кәсіпкерлік салаларын дамытуға және ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға тікелей ықпал етеді.

Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттер талқыланып, жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар берілді.

Сонымен қатар, күн тәртібінен тыс қосымша үш мәселе қаралды.

1.«Мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлік мақсатында берілетін жеңілдетілген несиелер» мәселесі бойынша аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Жомарт Ақбергенов баяндама жасады. Баяндама барысында кәсіпкерлікті қолдау тетіктері, жеңілдетілген несие алу мүмкіндіктері және мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы сөз болды.

2.«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар туралы аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбеков хабарлама жасап, бағдарлама аясында жүзеге асырылған жобалар мен алдағы жоспарларға тоқталды.

3.«2027 жылдың І жартыжылдығына мерзімді басылымдарға жазылу барысы туралы» аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Кенжехан Есенбаев баяндап, баспасөз басылымдарына жазылу науқанының қазіргі жағдайы мен алдағы міндеттерді жеткізді.

Мәжіліс қорытындысында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков қаралған мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, олардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Аудан басшысы, әсіресе, тұрғындарды сапалы интернетпен қамту жұмыстарын жандандыру, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін арттыру, кәсіпкерлікті қолдау және мерзімді басылымдарға жазылу науқанын тиісті деңгейде ұйымдастыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, әрбір тапсырманың орындалуына жауапкершілікпен қарап, белгіленген жұмыстарды уақытылы әрі сапалы жүзеге асыруды міндеттеді.

Фото: Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Тағы да оқыңыз: