Kyzylorda-news.kz Ақпарат алмасу, жаңалықтан қалыс қалмау, уақытпен бірге қадам басу – барлығы да телекоммуникация саласының арқасында жүзеге асып отыр. Қазіргі цифрлы дәуірде интернетсіз, яғни желілік байланыссыз өмірді елестету мүмкін емес. Осы үлкен саланың Қазақстандағы басты тірегі, байланыс саласының көшбасшысы – «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы екені баршаға мәлім.

Жуырда ғана жұмысын бастаған «Caspian Services Asia» ЖШС-на қарасты бірнеше нысанның өткен апта соңында ресми түрде лентасы қиылды. Облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешов пен облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеумбетов және зиялы қауым өкілдері арнайы іс-сапармен келіп, жаңа ғимараттардың ашылу салтанатына қатысты. Сонымен қатар инвестор салған асфальт зауыты да жұмысын бастады.

Қазақтелеком – еліміздің түкпір-түкпірін бір желіге тоғыстыратын алып құрылым. Қала мен ауылдың арасын жалғап, тұтас бір ұлттың өмір сапасын арттырып отырған стратегиялық маңызы бар сала. Интернет, телефон, теледидар, цифрлық технологиялар, түрлі ақпараттық сервистер – бәрі де осы компания арқылы халық игілігіне ұсынылуда. Бүгінде ел экономикасының дамуы, кәсіпкерлік бағыт пен мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі – тікелей байланыс саласына тәуелді.

Білім – білігін осындай жауапты да күрделі салаға арнап, ел игілігі жолында табанды еңбек етіп жүрген жандар аз емес. Солардың қатарында «Қазақтелеком» мекемесінің Жаңақорған аудандық бөлімінде 20 жылдан аса қызмет етіп келе жатқан білікті маман Бағдат Кадыров жөнінде айрықша тоқталуымыздың жөні жоқ емес. Бағдат бұл салаға 2002 жылы келді. Ол жылдары елдімекендер түгілі, аудан орталығының өзінде интернет пен байланыс бүгінгідей кең көлемде дамымаған, мүмкіндігі де шектеулі болатын. Ұялы байланыс толық қолжетімді еместін, қарапайым телефон желісінің өзі тұрақсыз еді. Сол уақытта байланыс саласында қызмет ету – үлкен жауапкершілік пен төзімділікті талап ететін ауыр мехнат болатын. Қыстың қақаған аязында, жаздың аптап ыстығында айдалаға сым тарту, істен шыққан желіні қалпына келтіру, апатты жағдайларды қалыпқа келтіру – саланың бейнетке толы машақатын көсе-көлденеңдеді.

Жиырма үш жылға жуық уақыт ішінде ол қарапайым маманнан тәжірибесі кемелденген, аудан аумағындағы байланыс жүйесінің сенімді тірегіне айналды. Бүгінгі таңда интернет – адам өміріне аса қажет өмірлік ресурс. Онлайн білім, қашықтан жұмыс істеу, электронды қызмет, банк операциялары, сауда, медицина, мемлекеттік қызмет – барлығы интернет арқылы жүзеге асады. Қазіргі қоғамда интернетсіз жүйе – дамудан шет қалмақ. Осы тұрғыда ауыл-аймақты интернетпен қамту – әлеуметтік тұрғыдан аса маңызды міндет.

Бағдат Қадыров ауылдардың байланыс жүйесін дамыту ісіне де тікелей атсалысып келеді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде бүгінде көптеген ауыл тұрғындары интернет игілігін көріп отыр. Бұрын қалаға барып қана шешілетін мәселелер қазір ауылдан шықпай-ақ онлайн түрде орындалады. Оқушылар қашықтан білім алып, ынталы жастар заманауи кәсіппен айналысып, ал ауыл тұрғындары жақын-жуықтарымен бейнеқоңырау арқылы еркін сөйлесіп отыр. Шалғай ауылдарға талшықты-оптикалық желі жеткізу – аса ауыр, күрделі жұмыс. Жер бедері, ауа райы, техникалық қауіпсіздік, ұзақ қашықтық – бәрі де кедергі. Қыс-жаз демей, белгіленген аймаққа бетон бағаналар орнатылады, жүздеген шақырым сым тартылады, жүйелер тексеріліп, ретке келтіріледі. Мұның барлығы нақты есеп, жоғары дәлдік, үлкен тәжірибе мен жауапкершілікті талап етеді. Осы міндеттердің үнемі басы қасында жүрген – Бағдат Қадыров әріптестері арасында да үлкен беделге ие. 

Маман желінің дұрыс тартылып, әр жүйенің қауіпсіз іске қосылуын қадағалап отырады. Ауыл тұрғындарының интернетке қосылып, әлеммен байланысқа шығуы – осы тынымсыз еңбектің нәтижесі. Қазіргі таңда Жаңақорған кентіндегі «Саяжай» мөлтекауданына талшықты интернет желісі тартылуда. Бұл – аудан үшін маңызды әрі ауқымды жобалардың бірі. 

Бүгінде 512 үйге желілік жұмыстар жүргізіліп, жыл соңына дейін толықтай аяқтау жоспарланып отыр. Бұл ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш, әрі жаңа мүмкіндіктердің бастауы. Талшықты интернет – жылдамдығы жоғары, тұрақты әрі сапалы байланыс. Оның көмегімен онлайн оқу, бейнебайланыс, кәсіпкерлік, цифрлы қызмет түрлері толық іске асады. Бұл тек тұрмыстық қолайлылық емес, аудан экономикасының дамуына да оң әсерін тигізетін маңызды қадам.

Осы жобаның әрбір кезеңін бақылап, құрылысшылардың жұмысын үйлестіріп, техникалық стандарттың толық сақталуына жауапты болып жүрген Бағдат аға тұрғындардың ұсыныс-тілегін тыңдап, жұмыстың сапалы атқарылуына бас-көз болып келеді.

ҮНДЕМЕЙ БІТЕТІН ҮЛКЕН ІС

Байланыс саласының мамандары көбіне халыққа көріне бермейді. Бірақ олардың еңбегі – қоғам үшін аса маңызды. Олар апат болған сәтте де, төтенше жағдайда да, боран мен дауылда, күн-түн демей, желінің үзілмеуі үшін тынымсыз еңбек етеді. Көпшілік жайлы интернетті пайдаланып отырған сәтте, сол игіліктің артында қандай еңбек жатқанын пайымдай бермейді.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – осындай көзге көрінбейтін, бірақ күрделі еңбектің иесі. Атақ арттыруды емес, елдің алғысын алуды – ең үлкен марапат санайтын қарапайым да қажырлы маман. Оның басты мұраты – халыққа сапалы қызмет көрсету, байланыстың үзілмеуін қамтамасыз ету. 

Бүгінде Жаңақорған ауданында мыңдаған отбасы интернет арқылы білім алып, кәсіп жүргізіп, елмен және әлеммен байланыс орнатып отыр. Кәсіпкерлер онлайн саудаға көшті, мемлекеттік қызметтер электронды форматта көрсетілуде. Мұның барлығы – телекоммуникация саласының, оның ішінде Бағдат сынды мамандардың тынымсыз еңбегінің арқасында жүзеге асып жатыр.

Қазақтелеком – ел дамуының күретамыры. Ал оның тынысын бірқалыпты ұстап тұрған қарапайым еңбек адамдарына құрметіміз ешқашан төмендемек емес.

Жәмила ЕРМАХАН

Фото: автордікі

Тағы да оқыңыз: