Kyzylorda-news.kz   Байқоңыр қаласындағы «Академик С.Жиенқұлов атындағы Байқоңыр жоғары колледжі» білім беру мекемесінің акт залына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың басшылығымен, облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастырумен тағылымды іс-шара өткізілді. 

«Туған жерге тағзым» атты онкүндік аясында  Жаңақорған ауданының тумасы, елімізге белгілі сазгер, әнші, ғалым Жаңақорған ауданының және Түркия мемлекеті Афион қаласының «Құрметті азаматы», Бүкілодақтық халық шығармашылығы фестивальдарының екі дүркін лауреаты, Республикалық «Жігер» фестивалінің дипломанты, Саратов қаласында өткен Жас сазгерлер байқауының жүлдегері, Қазақстан Республикасының мәдениет министрлігімен Қазақстан Республикасы мәдениет пен өнерді қолдаудың мемлекеттік қорының «Мәдениет қайраткері» құрмет белгісінің иегері, Түркістан қаласындағы Қазақ-Түрік Халықаралық университетінің доценті, жүзге жуық әндердің авторы әрі орындаушысы Сауранбек Елеуов пен Шиелі ауданының тумасы, Бүкіл одақтық, республикалық ән-термеші байқауы «Жігер» фестивалінің лауреаты, Қызылорда облысының Қарақалпақ Республикасында өткен онкүндігіне қатысушысы, термеші, мамандығы ауыл шаруашылығының маманы болғанымен өнерді жанына серік еткен азамат Сәрсенбек Баймағамбетов ат басын тіреп, шығармашылық кеш тарту етті.

Кешті Жаңақорған ауданының тумасы, бірнеше жыл Жаңақорған аграрлық-техникалық колледжін басқарып, қазіргі таңда зейнеткерлік демалыстағы қоғам белсендісі, «Денешынықтыру саласының үздік қызметкері» төсбелгісінің иегері, Қызылорда облыстық белбеу күрес федерациясының Президенті Мадияр Ахметов жүргізіп отырды.

Өз кезегінде Сауранбек Еркінбекұлы баян аспабының сүйемелдеуімен және эстрадалық бағытта «Апатайы анашым», «Айналайын»,  «Армысыңдар адамдар», «Әке даусы», «Ғанидың жұлдызы»,  «Сырдария», «Жаным-ау түсінбедің» әндерін нақышына келтіріп орындаса, ал Сәрсенбек Сәбекұлы қазақтың қара домбырасымен «Жел және мен», «Таң қалма», «Тайбурылдың шабысы-ай», «Білмейді», «Қара мең» әндерін шырқады. Колледж оқытушылары мен студенттері өнер қайраткерлері орындаған туындыларға тәнті болып, тамсана қол соқты. 

Колледж ұжымы өнер иелерінің жанды дауыста шырқаған әндеріне сүйсініп, өз ризашылықтарын білдірді. Өз кезегінде колледж директоры Әнуар Дауленбаев өнер қайраткерлеріне рухани демалыс сыйлағаны үшін алғыс айтып, шапан жауып, колледждің 20 жылдық мерейтойына орай шығарылған «Білім әлеміндегі – 20жыл» атты кітапты тарту етті. Кеш соңы естелік суретке түсумен жалғасын тапты.
 

Тағы да оқыңыз: