Kyzylorda-news.kz Осыдан 67 жыл бұрын жер кіндігі саналатын «Байқоңыр» ғарыш айлағынан алғаш ракета ұшырылды. Ғылым жетістігі саналатын Қызылорда облысындағы «Байқоңыр» ғарыш алаңы әлемдегі тұңғыш әрі ең ірі ғарыш айлағы. Аумағы 6717 шаршы шақырымнан асады. Ұзындығы солтүстіктен оңтүстікке – 75 шаршы, батыстан шығысқа дейін 90 шақырымға жуықтайды.

«Байқоңыр» ғарыш айлағының іргесі 1955 жылы қаланған. Ғарыш алаңы Қызылорда облысы Қармақшы ауданының аумағында орналасқан.

Ғарыш айлағының Байқоңыр қаласы аумағынан салынуының да өзіндік себебі бар. Бірінші кезекте ғарыш алаңы орналасқан аумақты елді мекендерден қашық орналасуы, экватор жазықтығына жақындығы, ракетаның ұшырылуы мен ғарыштық обьектілердің қонуының қолайлылығы сынды факторлар себеп болған.

Облыстық архив қорының деректеріне қарасақ, 1957 жылдың 4 қазанында «Байқоңыр» ғарыш алаңынан тұңғыш ғарыш ракетасы сәтті ұшырылды. Ал 1961 жылдың 12 сәуірінде адамзат тарихында тұңғыш рет Ю.Гагарин «Восток» ғарыш кемесімен ғарышқа аттанды. «Байқоңырдан» Күннің, Айдың, Шолпанның алғашқы жасанды серіктері, «Восток», «Союз» ғарыш кемелері, «Салют», «Мир» орбиталық станциялары, жұмыс жүргізуге арналған «Протон», «Прогноз», байланыс мақсаты үшін пайдаланылатын «Молния», «Горизонт», т.б жасанды Жер серіктері ұшырылды.

1991 жылғы 2 қазан. Қазақстанның тарихына алтын әріптермен жазылған бұл күні «Союз ТМ-13» кемесімен  тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ұшты. Осы ұшырылым барысында республиканың бірінші ғылыми-зерттеу жұмыстары жүзеге асты, ғарышта 7 күн 22 сағат 13 минут болып жерге оралды. Тоқтар Әубәкіровке Кеңес Одағының батыры, «Халық қаһарманы», сондай-ақ, «Қызылорда қаласының құрметті азаматы» атағы  берілді.

Талғат Мұсабаев ғарышқа үш мәрте ұшып, сол жақта 341 күн 9 сағат 48 минут 41 секунд болып қайтты. Ол «Гиннес рекордтар кітабына» енген. Осы күнге дейін Т.Мұсабаев секілді ешкім ғарыш кеңістігінде ұзақ уақыт болып көрмеген. Ғарышкер – «Халық қаһарманы» атағының, «Отан», 1-дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері.

Айдын Айымбетов 2015 жылы 2 қыркүйекте «Байқоңырдан» халықаралық ғарыш станциясына аттанды. Ол ғарышта он күн болып, маңызды зерттеулер жүргізді. Кеңістікті игеруге сіңірген аса зор еңбегі, көрсеткен батырлығы мен ерлігі үшін А.Айымбетовке 2015 жылы «Халық қаһарманы» атағы берілді.

Алғашқы ғарыш сапарынан бері 500-ден аса ғарышкер аспан әлеміне сапар шегіп, ғылыми-зерттеулер жүргізді.

Тәуелсіз Қазақ елінің ең үлкен жетістіктерінің бірі – ғарыш кеңістігін игеру екені сөзсіз. Осы жолда күні бүгінге дейін қыруар жұмыс атқарылып, қазақ ғалымдары өлшеусіз үлес қосуда.Осылайша ғылымның ең озық саласы елімізде көкжиегін кеңейте бастады. Қазір «Байқоңыр» ғарыш айлағы қазақтың ғана емес, әлемнің игілігіне айналды.

Бүгінде әлем бойынша ғалымдар аспан әлемін зерттеуде. Әлем – жұмбақ дүниелерден құралған. Ғалымдардың жер туралы да, ғарыш кеңістігіне қатысты ашқан ғылыми жаңалықтары да аз емес. Сондықтан ғарыш әлемі туралы зерттеулерге үңілуді жөн санадық.

Ғаламды миллиондаған атом құрайды. Галактика, жарқыраған жұлдыз және планета. Сондай-ақ ғалам үдемелі түрде кеңейіп, өз аумағын шексіз де шетсіз етуін жалғастыруда. Әлі өз шешімін таппаған теория көп. Олар тереңінен зерттелмей, әлі ашылмаған сандық іспеттес жабулы күйінде қалуда. Бұл мақаламызда ғылым саласындағы қызықты ашылуларды талқылайтын боламыз.

Электромагнитті сәулелену. Танымал фантастикалық фильмдердің көбінде электромагниттік сәулелену – кейіпкерлердің жанын алатын, супер қаһармандарға айналдыратын немесе оларды уақытты ауыстыра алатын, болашаққа не болмаса өткен уақытқа қайта алатын жұмбақ күш ретінде көрсетеді. Мұның шын мәні неде?

ЭМС – бұл фотондардың, жарықты құрайтын элементар бөлшектердің ағындары. Фотондардың толқын ұзындығы мен жиілігі айтарлықтай өзгереді, сол себепті ғалымдар фотондарды жеке электромагниттік диапазондар бойынша жіктеуі қажет болады.

Адамның көзі электромагниттік спектрдің өте аз бөлігін ғана көре алады. Бұл – көрінетін сәулелену немесе оптикалық диапазон деп аталады. ЭМС-тің көп бөлігі бізге көрінбейді. Бұған, мысал ретінде, радиотолқындар, рентген сәулелері, инфрақызыл сәулелерді жатқыза аламыз.

Жарық жылы. Астрофизикада жарық жылы – жарықтың вакуумдағы кедергісіз жолдың бір жылда өтетін қашықтығы. Жарықтың абсолютті жылдамдығы, яғни вакуумдағы электромагниттік толқындардың таралу жылдамдығы тұрақты болғандықтан, жарық жылы шамамен 9,46 триллион шақырым болатынын есептеу қиын емес.

Түсінікті болу үшін: күн сәулесі жер бетіне 8 жарық минутта, 20 жарық секундта жетеді, ал бізге ең жақын жұлдыз – Альфа Кентавриге дейінгі қашықтық 4,37 жарық жылы. Егер біз жер бетінен айға сәулесі қатты жарық жағатын болсақ, ол 1,24 жарық секундтан кейін ғана айға жетеді. Ал Марсқа дейін жердің бетінен жағылған сәуле 3 жарық минуты, 28 жарық секундында жетеді.

Қараңғы энергия. Қазіргі заманның космологиялық теорияларына сәйкес, біздің ғалам барлық бақыланатын объектілерді құрайтын 5% бариондық материядан, 25% ауырлық күші арқылы жазылған қараңғы материяның және жалпы көлемі 70%-ды құрайтын қараңғы энергиядан тұрады.

Бұл ұғым Эйнштейннің «қателік» деп есептеген теориялық зерттеулерінің нәтижесінде пайда болды. Ол теориялық зерттеулердің нәтижелері қажетті нәтижеге сәйкес келуі үшін теңдеулеріне қосымша константа енгізді. Кейіннен ол нәтижесіз қадамынан ұялып, оны өміріндегі ең үлкен қателік деп санады. Уақыт өте келе, бұл сала дамып, біршама жетілген астрофизикалық деректерді ала бастадық. Ғалымдар физикаға «қараңғы энергия» ұғымын енгізді. Ол – белгісіз күш, бұл ғаламды үдемелі түрде кеңейтуге мәжбүр етеді, сондай-ақ өзінің қасиеттерінің арқасында «жалған» Эйн- штейн константасымен сипатталады.

Қара энергияның қандай екендігі туралы консенсус әлі жоқ. Алайда көптеген ғалым бұл бүкіл әлемде біркелкі таралып отыратын, өзгермейтін энергия тығыздығы деп ойлайды.

Қараңғы энергия ауырлық күшінен басқа қарапайым заттармен мүлде әрекеттеспейді. Сондай-ақ бүкіл бақыланатын ғаламның шамамен 68,3%-ын құрайды. Бұл материяның немесе энергияның басқа түрлеріне қарағанда әлдеқайда көп.

Әлем әлі тереңінен талдау мен анықтауларды қажет етеді. 2023 жылдың нәтижесі бойынша ғарыш небәрі 5%-ға зерттелеген. Жердің бетін түгел зерделеп болмадық. Десек те гравитациясыз кеңістік туралы пайымдаулар да өз ретінде әлем ғылымының жетілуіне өз үлесін қоса бермек.

 

Қорлан САРЫ
Фото: sputnik.kz

Тағы да оқыңыз: