Kyzylorda-news.kz. 12 сәуір – ғарышкерлер күніне арналған іс-шаралар Байқоңыр қаласында жоғары деңгейде өтті.  Мереке күні Байқоңыр қаласында ғарыш саласы қызметкерлерінің, ардагерлерінің және тұрғындарының қатысуымен мерекелік салтанатты шара өтті.

Гагарин ескерткішінің алдынан бастау алған мерекелік шараға Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай, Байқоңыр қаласы әкімшілігі Басшысының міндетін атқарушы Никоай Адасев, мекеме басшылары қатысып мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.

Митингке қатысушылар мен Юрий Алексеевич Гагарин және ғалым – конструктор, КСРО Ғылым академиясының академигі Сергей Павлович Королевтің ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылды.

Сондай - ақ мереке күні аясында Қайрат Нұртай ғарыш айлағының №1 алаңы, «Гагарин стартында» өткен салтанатты шарада «Кеңес адамының ғарышқа батыл қадамы басталды» ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысып, ғарыш саласы қызметкерлерін құттықтады.

Мұнан соң Байқоңыр қаласы орталық алаңында концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Оған Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай, қала әкімшілігі басшысы Константин Бусыгин, Қазақстан велосипед спорты Федерациясының бас хатшысы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ж.Сүлейменов қатысып,  қала тұрғындары мен ғарыш саласы қызметкерлерін мерекемен құттықтап, игі тілектерін білдірді.

– 63 жылдан бері әлемдегі ең бірінші және ірі ғарыш айлағы болып саналатын «Байқоңырдан» бүгінге дейін 133 ғарышкерлер көкке көтеріліп, ғаламның шексіз кеңістігін бағындырып қайтты. Олардың қатарында қазақ ғарышкерлері Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мусабаев және Айдын Айымбетов еліміздің мақтанышына айналды. Қазіргі таңда ірі «Бәйтерек» ғарыш жобасы қолға алынуда. Жұлдызды қалашықты дамыту ісіндегі барлық маңызды жобалар Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен іске асырылуда. Ғарышты игеру бізге байланыс пен телехабар ұйымдастыруда, Жерді қашықтықтан зондтауға, әртүрлі объектілердің тұрған жерлерін жоғары дәлдікпен анықтауға, метеорологияны және көптеген басқа салаларда да жаңа міндеттерді шешуге мүмкіндік ашады, сондықтан, «Байқоңыр» ғарыш алаңын одан әрі пайдалану бойынша стратегиялық маңызы зор. Сіздерді бүгінгі мерекемен құттықтап, аманшылық, бақ-береке, бірлік тілеймін, – деді облыс әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі  Қайрат Нұртай. 

Мерекелік жиында айтулы күнге орайластырылған велосипед спортынан Қазақстан Республикасының Чемпионатының бірінші кезеңі  жасөспірімдер арасындағы 50 км топтық-айналмалы жарыс жеңімпаздары марапатталды. Атап айтсақ, «Белсенді шабандоз» болып Даниил Зинкевич пен «Жарыс көшбасшысы» ретінде Мансұр Бисембай танылды. 

Кеш соңында «Жұлдыздарға қадам» вокалдық шығармашылықтың халықаралық фестиваль-байқауының жеңімпаздары жиналған қауымға мерекелік концерттік бағдарламаларын ұсынды.
 

Тағы да оқыңыз: