Kyzylorda-news.kz. Байқоңыр қаласының орталығында орналасқан Г.М.Шубников атындағы парк алаңында «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы «Достық туралы шартқа» қол қойылғанына 30 жыл» атауымен ескерткіш қойылып, салтанатты түрде ашылу рәсімі болып өтті.
Екі ел арасындағы достық шартының көрінісі ретінде Байқоңыр қаласы бүгінде әлемге аты әйгілі ғарыш орталығына айналды. Бүгінгі таңда біздің мемлекеттеріміздің тату көршілік және әріптестік қатынастарының арқасында қала мен ғарыш айлағын кешенді дамытудың екіжақты шаралары қабылдануда. Алдағы уақытта бүгінгі ашылған ескерткіш екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың көрінісі ретінде айрықша символға айналары сөзсіз.
Салтанатты шараға басқарма басшысы Н.Мақұлбеков пен қала әкімшілігінің басшысы К.Бусыгин қатысып, ескерткіштің ашылу рәсімін өткізді. Сонымен қатар, шараға қаланың алдыңғы буын ақсақалдары, белсенді топ өкілдері, жоғарғы оқу орындары мен мектеп оқушылары да қатысты.
Шара қатысушылар екі ел арасындағы достық қарым-қатынас мәңгі боларына сеніммен қарап, орталық саябақ бойы келешекте үлкен алма бағына айналуының алғы-шарты ретінде алма көшеттерін отырғызды.

