Kyzylorda-news.kz Қазақстандық стандарт бойынша Байқоңыр қаласында мектепке дейінгі мекемелердің саны артып келеді. Бұған дейін қалада екі балабақша ғана жұмыс істесе, соңғы екі жылда облыс әкімдігінің қолдауымен үш жаңа балабақша ашылды. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыс әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай айтты.

– Алдағы уақытта тағы бір мемлекеттік балабақшаның ашылуы жоспарлануда, бұл өз кезегінде балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткішін арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, қалада қазақстандық мектеп ашу мәселесі жан-жақты қарастырылып, нақты шешімдер қабылдануда. Бұл бастамалар балалардың сапалы білім мен тәрбие алуына мүмкіндік беріп, қазақстандық білім беру жүйесінің дамуына және ұлттық білім стандарттарының нығаюына зор үлес қосады,-деді, Қайрат Ырзақұлұлы.

Үкіметаралық комиссияның шешімі бойынша «Байқоңыр» кешенінде туристік қызметті жүзеге асыратын ұйымдар ретінде «Бәйтерек» БК» АҚ және «Инфракос» РМК бекітілді.

– Туристер үшін қалаға және ғарыш айлағына электронды рұқсаттамаларды рәсімдеу процесі жеңілдетіліп, рұқсат алу мерзімі қысқартылды. Сонымен қатар, «Инфракос» кәсіпорны туристік нысандар негізінде жаңа маршруттар әзірлеп, Байқоңырдың бірегей ғарыш мұрасын кеңінен таныстыру бағытында жұмыс істеуде. Бұл бастамалар Байқоңырдың туристік әлеуетін арттырып, оны әлемдік деңгейдегі ерекше туристік орталыққа айналдыруға мүмкіндік береді, – деді, Қайрат Ырзақұлұлы.

Биылғы жылдың 2 маусымда Байқоңыр ғарыш айлағы мен қаласының құрылғанына 70 жыл толады. Осы атаулы күнге орай облыс әкімдігі арнайы мерейтойлық іс-шаралар жоспарын әзірлеуде.

– Жоспар аясында жыл бойына облыстық және республикалық деңгейдегі өнер ұжымдарының концерттері, спорттық жарыстар және түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады. Сонымен қатар, мерейтой қарсаңында қалада дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы бастау алмақ. Бұл жоба қала тұрғындары мен жастар үшін маңызды әлеуметтік нысан болмақ.  70 жылдық мерейтой – Байқоңырдың тарихи маңызын айшықтайтын ерекше оқиға. Ұйымдастырылатын шаралар ғарыш қаласының дамуына жаңа серпін беріп, тұрғындар мен қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлайды, – деді, Қайрат Ырзақұлұлы.

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Тағы да оқыңыз: