Kyzylorda-news.kz. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Елбасына арнаған «Тарихи тұлға тағылымы» атты танымы мол мақаласы барша қазақстандық арасында кеңінен қолдау табуда.
Жүзден аса ұлтты бір шаңырақ астында ұйыстырып, Қазақстан деген жас мемлекетті жаһанға танытқан Тұңғыш Президентіміздің тар жол, тайғақ кешу заманындағы еңбекпен өрілген өмірі мен ел алдындағы қалтқысыз қызметі, жауапкершілікпен көтерген жүгі, әлем елдері арасындағы абыройы мен беделі Мемлекет басшысының мақаласында керемет көрініс тапқан.
Сондай-ақ, мақалаға арқау болған Семей ядролық сынақ алаңын жабу туралы бейбіт бастаманың бірнеше мемлекетте жалғасын табуы, әлем назарын аудартқан кіші Аралдың толуы, еліміздің жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшуі, қолданысқа енген ұлттық валюта сияқты маңызды да түйткілді мәселелер Елбасының парасатпен жүргізген пәрменді саясатының нәтижесі екендігі жүйелі сараланған.
Мұнда ел руханиятының айнасы іспеттес ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен ел астанасы жайында да сөз қозғалады. Елбасы мен елорданы егіз ұғымдай таныған әрбір жан жасампаз жастар мен асқақ армандардың қаласына айналған астанамыздың бүгінгі келбетіне сүйсіне қарап, ел ағасының төл туындысын жоғары бағалайтыны сөзсіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының шешімімен Нұр-Сұлтан атауын алған бас қаламыз бүгінде еліміздегі білім мен инновацияның, өркениет пен дамудың қайнар көзіне айналды.
Иә, барды бағалау – болашақты бағамдау десек, жаһан жұртына кең танымал, халықаралық қауымдастықта айрықша беделді, биікке қажырлы еңбегімен, парасат-пайымымен, маңдай терімен жеткен әлемдік деңгейдегі саясат сардары туралы жазылған бұл мақала – Елбасының өлшеусіз еңбегі тобықтай түйінмен шебер жеткізілген тамаша толғаныс.
Көргені жақсы көш бастайды. Көш басында тұрып, табандылық пен төзімділіктің, кемеңгерлік пен жасампаздықтың үлгісі болған, ел мүддесін үнемі жоғары қойған тау тұлғаның болмысы мен терең тағылымын осы мақалада «Қазақстан – қалыптасқан қоғамдық құрылыстар ауысқан алмағайып кезеңде кемеңгер басшысын таба білген ел», деп сабақтаған Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірі оқырман ойымен үндесері анық.
Елбасына деген халқының құрметі пен шексіз ықыласы ешқашан толастамайды. Әрдайым бірлігіміз бекем, татулығымыз тұрақты болсын!
Бахытжан САЙЛЫБАЕВ,
М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі директоры,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор
