Kyzylorda-news.kz. Қазір адамдар бұрынғыдай емес, психологиялық білім алып, өзін түзеуге, өзгертуге бейімделіп келеді. Рас, қоғамда психолог кеңесіне жүгінгендер көбейді. Қазіргі уақытта білім беру жүйесінде психологиялық қызметке ерекше көңіл бөлінуде. Жеке тұлғаның өмірге құштарлығының артуы, болашағына сеніммен қарап, нақты шешімдер қабылдауы мектеп қабырғасынан бастап қаланады. Ал балаларға қатысты мектептегі мәселелерді шешу мен алдын алу үшін әр мектепте психолог жұмыс істейді. Соның бірі қармақшылық – Бағлан Нухиев.
Кейіпкеріміз мектеп оқып жүргеннен-ақ психология саласына қызығушылығы оянады. Осылайша Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің психология мамандығы бойынша оқуға түседі. Оны тәмамдаған соң Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейіне педагог-психолог болып жұмысқа орналасады. 2015-2016 жылдары ауданымыздағы аграрлы-техникалық колледжінде педагог-психолог болып жұмыс істесе, 2017 жылдан бері Ш.Уәлиханов атындағы №26 орта мектепте педагог-психолог болып еңбек етеді.
"Мамандықтың жаманы жоқ. Алайда, оның қай-қайсысына да бейімділік пен икемділік қажет екені белгілі. Психолог мамандығы – күнелту, тамақ асыраудың жолы емес, үлкен өнер мен зор шеберлікті қажет ететін іс" деген екен Жүсіпбек Аймауытов. Біздің әңгімемізге арқау болып отырған кейіпкеріміз бұл саланы өзінің жан қалауымен таңдағанын айтады.
– Негізінде әр адамның бала күнінде әр мамандыққа сәйкес өзіндік мінезі, қабілеті байқалып отырады. Сол сияқты менің де бала күнімнен әжем, анам осы салаға деген қабілетімді арттырып, яғни мақтау білдіріп отырды. "Сен үлкендермен жақсы тіл табысасың, кім-кімнің де көңілін тез табасың" деген сөздерді үнемі айтатын. Кейін келе өзіме де осы жас бүлдіршіндермен, балалардың қызықты мәселелерін тыңдап, солармен ішін ара шешу ұнайды. Үлкен өмір жолын таңдағанда да осы салаға қызығушылық таныттым. Айтқым келгені психология саласының ең бір негізгі мақсаты – әр адамның көңілінен шыға білу, жеңіл тіл табысу олардың ой түкпірінде жатқан мәселелерді анықтау. Сондықтан бойымдағы өз қабілеттеріме сене отырып осы мамандыққа келдім, – дейді Бағлан Иманшаұлы.
Психолог болу өзгелердің ешкімге айта алмайтын ішкі сырын, жанын жегі¬дей жеген мәселелерін ішінде сақтап жүретін үлкен жүректі талап ететін мамандық. Сырт қарағанда еш уайымсыз, қайғысыз балалықтың бақытты шағының қызығын көріп жүрген жасөспірімдердің жан дүниесіне үңіліп, ішкі сарайларын ашып, мазалап жүрген мәселелеріне ортақ¬тасуға бұл жанның септігі мол.
– Мектеп психологы балалармен психологиялық қызметтің әдістемелік, диагностикалық, кеңес беру, коррекциялық (түзету жұмыстары), ағарту және профилактикалық бағыттар бойынша жұмыс жасаймыз. Топтық жеке тренингтер өткізіп, балаларға жағымды көңіл күй сыйлаймыз. Біз, психологтер, оқушылармен әрдайым бір толқында жүреміз. Қандай бағытты, көзқарасты ұстанбасын, білім алушыларды қабылдаймыз, көмек береміз. Балалар көбінесе құрдастары арасындағы проблемалар, ата-анасымен қарым-қатынас мәселелерін айтып келіп жатады. Тренинг, консультация, жоспар бойынша сабақтар сынып жетекші немесе әкімшіліктің сұранысы бойынша бүкіл сыныпқа өткізіледі. Мысалы, интернетке тәуелділік, буллинг, стресс, психикалық денсаулық туралы, бейімделу процесі секілді мәселе бойынша оқушылармен жүйелі жұмыстар жүргіземіз, – дейді ол.
Психолог – үнемі ізденуді талап ететін, адам жанына араша бола алатын айырықша мамандық. Мұны осы қызметте тұрақты түрде жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі маманмен сөйлескен аз-кем уақытта түсіне түстік.
Фото: reoveme.com