Kyzylorda-news.kz. Бүгінде жалағаштықтар кәсіптің түр-түрін игеріп, жағдайларын түзеп, өз отбасы ғана емес, аудан экономикасын дамытуға өз үлесін қосуда. Солардың бірі – жеке кәсіп иесі Айдана Ілиясова.
Ол бүгінде кондитерлік өнімнің қазір сұранысқа ие болып отырған торт, тәтті тоқаш түрлерін өзінің шағын цехында пісіріп, жергілікті халықтың күнделікті сұранысын қанағаттандырып отыр. Айдананың тәттілеріне тапсырыс беретіндер саны күннен-күнге көбейіп келеді. Себебі ол өз өнімін буы бұрқыраған пештен шыққан қалпында тапсырыс иелерінің дастарханына жеткізеді. Жергілікті тұрғындардың «тәтті іздесең Айданадан ал» дейтіні бекерге емес.
«Маған бұл тәтті пісіру бұрыннан таныс. Себебі анам Сәуле Баймағамбетова бұл жағынан менің алғашқы ұстазым десе де болғандай. Алғашқыда өзімнің бітірген қаржыгер мамандығыммен аудандық білім бөлімінде 2010 жылдан 2020 жылға дейін жұмыс жасадым. Менің кәсіпке қызығушылығым 2018 жылы үшінші баламмен декреттік демалыста отырғанда басталды. «Тәтті әлемі» деген Динара Тасыбаеваның кондитерлік цехынан торт пісірудің құпиясын үйрене бастадым. Анамның тәтті пісіретін құрылғысын алдым. Солай алғашқы тапсырыстарды қасыма көмекшіге 1 қыз алып бастап кеттім. Халыққа қолжетімді бағада ұсынып отырдық. Ел де біздің өнімімізді көптеп ала бастады. Осындай жетістіктен кейін маған ой келді «неге кәсібімді кеңейтпеске?» деген. Осылайша жұмыстан біржола шығып, жұмыссыз азаматтар қатарына тіркелдім. 2020 жылы төртінші баламды дүниеге әкелген соң үйде баламен 2-3 ай отырдым да, көпбалалы ана есебінде 4 пайыз жеңілдікпен 6 млн теңге несие алдым. Үлкен той кезінде тапсырыстар 200 данаға дейін жасалатын. Әсіресе, мерекелер біздің табысымызды едәуір көбейтіп отырады. Өз кәсібіме әрдайым қуанып, одан жаныма рахат табамын. Әр шаңырақтың той дастарханында өзімнің қиялыммен өрнектеп жасаған өнімдерім тойшыл қауымға әдемі көңіл-күй сыйлап, түрлі тәттіден олар сүйсініп дәм татып тояттап отырса одан асқан бақыт бар ма?, – дейді кәсіпкер.
Иә, Айдананың алға қойған мақсаттары көп. Ол әлеуметтік желідегі тәтті дайындайтын үлкен цехтардың жаңалықтарын үнемі бақылап, өзінің күнделікті жұмыс тәжірибесіне енгізіп, үздіксіз ізденіп отырады. Келешекте кәсіпкер мемлекет тарапынан қаржылай қолдау тауып жатса, цех көкжиегін кеңейтіп, бірнеше адамды жұмыспен қамтысам деген жоспары бар.


