Kyzylorda-news.kz Сыр өңірінде тіршілігі су торабымен біте қайнасқан, темірдей тәртіпке бағынған Бәшеновтер әулеті Қармақшы ауданы Ақтөбе ауылының тұрғындарына жақсы таныс. Тамыры тереңге тартып, құт қонған бұл әулеттің әр мүшесі ел экономикасының дамуына аянбай еңбек етіп, елеулі үлес қосып келеді. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, өнегемен өріліп келе жатқан отбасының су шаруашылығы саласындағы жалпы еңбек өтілі – 140 жыл.

Әулеттің бұл салаға келуі, ең үлкен атасы Бәшеннен бастау алады. Ол кезде қоныстары Таң кеңшарының тұсындағы №420 бекетте болса керек. Ашаршылық уақыттан соң арнаның бойында балық аулап күн көрген атамыз судың жайын жақсы меңгеріп алады. Кейін Ақтөбе ауылына қоныс аударып, осында тұрақтайды. Мектепті бітірген баласы Қазақбай еңбекке араласып, ауылда трактор айдайды. Он тоғыз жастағы ұлының бұлай жүргенін құп көрмеген әкесі оған «Балам «өзен жағалағанның өзегі талмас» деген, мен су жолында жүріп, жаман болғаным жоқ. Сенде осы салаға бет бұрсаң жақсы болар еді» деп ақылын айтады. Әкенің қалауын қабылдаған Қазақбай ағамызды жездесі Тоғжан Қызылорда қаласындағы политехникумның «Су шаруашылығы» мамандығына оқуға түсіреді. Кейін оқуын бітірген соң 1966 жылы аудандағы су шаруашылығы мекемесінің сол кездегі Ақжар, Чапаев, Энгельс, ІІІ Интернационал ауылының учаскелік бөлімшесіне жұмысқа орналасады. Осы салада тұрақтаған ол, су реттеушіден бөлім басшысы қызметіне дейін көтеріледі. Атаулы салада 44 жыл еңбек етіп, зейнетке шығады. Ғибратты ғұмыр иесі Қазақбай ағамыздың ұлдары өз ізін жалғап, елдің алғысын алатын салаға қызмет етуді таңдаған. Ең қызығы күйеубаласы Байдаш Бодықов пен немересі Айбек Қазақбаев су шаруашылығы саласының мамандары.

Үлкен баласы Марат Башенов бүгінгі таңда «Наурызбай» бөлімшесінің басшысы. Осы салада қызмет етіп жүргеніне 35 жылдан асқан.

– Еңбек жолым 1984 жылы басталды. Ол кезде мектеп бітірген кезім. Әкемнің қасында жүріп осы салаға қызыға бастадым. Кейін әскерге екі жылға кетіп, қайтып келген соң бірден қаладағы политехникумға оқуға тапсырып, су шаруашылығына қайта жұмысқа тұрдым. Менде осы қызметтен қол үзбей келемін. Келіншегім Гүлмира да бұл мамандықтан алыс емес. Бұрын гидротехник болған. Қазір ұлымыз да атасының жолын жалғап жүр, – дейді ол ағынан жарылып.

Сушылар династиясының тағы бір мүшесі Қанат Башенов те су шаруашылығы саласы бойынша еңбек етіп келеді. Еңбек жолын аудандық бөлімде су өлшеуші болып бастаған ол, қазіргі таңда жер асты суын тексеру учаскесінің бас маманы қызметін атқаруда. Ал Самат, Алмат, Жомарт өз саласының майталмандары. Алмат Қазақбайұлы «Қурайлы» бөлімшесінің басшысы. Осыған қарап бір әулеттің бір мамандыққа деген адалдығын, сүйіспеншілігін аңғартады.

Қазақбай Башенов өзі еңбек еткен жылдарда ел алғысына бөлене білді. Кейінгі жастарға және өз туған балаларына қамқор әке, ақылшы ұстаз болды. Сол еңбегінің арқасында «Еңбек үздігі» медалі және қазақтың «Алтын кітабына» есімі енгізілді. Өмірден өткенге дейін ел ісіне араласып, ауыл ардагерлері кеңесінің төрағасы болды. Әке жолын жалғауда өмірден өз орындарын тапқан балалары бүгінде әкелеріне айтар алғысы шексіз.

Тағы да оқыңыз: