«Бәйтерекке» Елбасының есімі қашан беріледі? – Kyzylorda News
Басты бет

«Бәйтерекке» Елбасының есімі қашан беріледі?

18.12.2019, 17:00

278 0

Kyzylorda-news.kz. Таяуда Қазақстан мен Ресейдің бірлескен комиссиясы «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешеніне Нұрсұлтан Назарбаевтың атын беру мәселесін қарастырады. Бұл туралы бүгін цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин Байқоңырда құрылатын «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешеніне Назарбаевтың есімін беруді ұсынған болатын. Ұсыныс Елбасының осы жылдың қыркүйегінде Мәскеуге жасаған сапарында айтылды.

«Мұндай шешімдер Ресеймен бірлескен ғарыш саласымен айналысатын тиісті комиссияның отырысында қабылданады. Бұл мәселе жуырда комиссияның отырысында қаралатын болады», – деді Жұмағалиев мәжіліс кулуарында.

Бүгін мәжіліс «2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан үкіметі мен Ресей үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Хаттамаға Мәскеуде 2018 жылдың 22 тамызында қол қойылған.

«Бәйтерек» кешені «Зенит-М» ғарыш зымыран кешенінің базасында құрылады. Ғарыш зымыран кешені «Союз-5» зымырандарын ұшыруға арналған.

2018 жылы «Байқоңыр» айлағының 42, 43 және 45 алаңдарында орналасқан «Зенит-М» кешенінің 243 объектісі Қазақстан тарапына берілді. Қазақстандық тарап «Зенит-М» кешенінің жерүсті инфрақұрылым объектілерін жаңғыртады. Бұл жұмыстарға 233 миллион доллар жұмсалады деп болжанып отыр. Жерүсті кешенін жаңғырту және құрылыс жұмыстары кезінде қазақстандық компанияларды барынша тарту жоспарланған. Оның арқасында қосымша жұмыс орындары ашылады.

Ал Ресей тарапы «Союз 5» зымыран тасымалдағыштарының өндірісіне жауапты. Бұған ресейлік тараптан 916 миллион доллар бөлінбек.

0

Пікір қалдыру