Kyzylorda-news.kz  Жуырда жыл сайынғы дәстүр бойынша Астана қаласында тұратын қазалылықтар бірлік пен ұйымшылдық көрсете жиналып, «Бабалар рухына тағзым» тақырыбында кеш өткізді. Тағылым аларлық бұл үлкен шараға тамыры терең, тарихы кенен Қазалы ауданы азаматтарының шақыруымен көршілес Арал ауданы мен Қармақшы ауданынан Байқоңырлықтар да келіп қатысты.

Астана қаласының сәулетті жерлерінің бірінде орналасқан «Абсент» мейрамханасына халық көп жиналды. Оларды жылы шыраймен арнайы күтіп алып, сәлемдесіп, орындарына орналастырып, үлкендерді сыйлаудың үлгісін көрсетіп жүрген бір топ қазалылық жастардың қызметіне риза болған олар шынайы алғыстарын жаудырып жатты.

Алдын ала дайындалған шара «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дегендей, өмір бойы аңсаған азаттығымыз бен тәуелсіздігіміз жолында елі мен жерін қорғаған ата-бабаларымыздың, биыл туғанына – 250 жыл толып отырған әруақты әулие, халық батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлының, сонымен бірге, әрбіріміздің ертелі-кеш өмірден өткен ата-аналарымыз бен қимас жандарымыздың рухына арналып, ас беріліп, құран бағышталды.

Кешті жүргізген Қазақстан Республикасының Мәдениет қызметкері, ақын, сазгерлігі бар өнерлі де, ұлтжанды азамат Нұрболат Бекетаев ашып, осы шараны ұйымдастыруда жастарға ақыл-кеңесін айтып, басшылық жасап жүрген қарапайым, қамқоршыл ардагер Қаршыға Жұмабаевқа сөз берді. Ол өз кезегінде осы бастаманы өткізуді бірауыздан қолдап, демеушілік жасап жүрген қазалылық белсенді кәсіпкерлердің бір тобын таныстырды. Өткізіліп отырған бас қосу кештің мақсатына тоқталды.

Мұнан әрі «Әзірет сұлтан» мешітінің молдасы Әділ қажы Сахиұлы ата-бабаларымыздың рухына бағыштап құран оқыды. Молшылықпен жайылған дастарханнан үлкен астың дәмін татқандар бір-бірімен танысып-білісіп, өзара әңгіме тарқасты. Жайылған дастарханда арнайы қызмет жасап, иіліп сәлем салып, табақ алып жүрген, ұлттық нақышта киінген келіндердің қызметіне қатысушылар ризашылықтарын білдірді. Сексеннен асқан қазыналы қарттарымыз Ұзақ Әлекешов, Тілеген Әбиұлының өнегелі де, өсиетті сөздері дастарханның батасын жасаудың үлгісін көрсетті.

Сондай-ақ, қазалылықтардың ұйымдастырып, өткізген кешінде сөз сөйлеген ұлағатты ұстаз, мамандығы математик, экономист, өмір бойы осы салаларда үлгілі еңбек ете жүріп, жаратқан иеміздің құдіретті тылсым күшімен ақындық қонған талант иесі, қазақтың елін, жерін қорғау жолында ата жаулармен соғыста қан кешіп, жандарын қиған әруақты ерлердің, Сыр бойы қазақтарының Хиуа, Қоқан хандықтарының езгісіне және Ресей отаршыларына қарсы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы, халық батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлының (1774-1860) ерліктері және өмір жолы жайлы және ұлтжанды тұлғаларды түгендеп, бірнеше дастандар жазған Муса (Мұңсызбай) Дүйсенұлы Ахметов арнау өлеңін жария етті. Ал, ауылдан шыққан академик - білімтанушы, ғылымтанушы, руханияттанушы, белгілі ғалым, экономика ғылымдарының докторы, «Тұран-Астана» университетінің профессоры, Қазақстан экономикалық ғылымдар академиясының академигі Орақ Жолмырзаұлы Алиев өзін арғы тегінен бастап таныстырып, бабалар жолын, ұлттық салт-дәстүрлерімізді жалғастыруда өнеге аларлық сөздерімен жиналған көпшілікті тәнті етті. Сонымен бірге, еңбек ардагерлері Шамша Айтуғанов, Шарафадин Алтынбаев, «Инста-Асар» қайырымдылық қорының төрайымы, қазалылық Эльмира Ешниязова, тағы басқалар игі тілектерін айтты.

– Тағылым аларлық кеште қатысушылардың арасынан ең көп бала өсіріп, тәрбиелеген, немерелерінің қызығын көріп отырған аналарды, аталары және енелерімен бірге тұрып, үлгілі қызметтерін жасап отырған келіндердің атына ерекше марапаттар айтылып, сый-сияпаттар көрсетілді. Сондай-ақ, батагөй ардагерлер – Тілеген Әбиұлы мен Ұзақ Әлекешовтің иықтарына ұлттық шапандар жауып, құрметтеді, – дейді Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі қазалылық ардагер Шамша Айтуғанов.

Кешті ардагер Қаршыға Жұмабаев қорытындылап, асты ұйымдастырып, қызмет жасаған інілері мен келіндеріне ерекше алғыстарын айтты. Бабалар рухына тағзым етуге арналған кеште молда Әділ қажы Сахиұлы құран-хатым жасады. «Бабалар рухына тағзым» кешін ойдағыдай жүргізген Нұрболат Бекетаев:

Сыр бойынан өсіп, өніп тараған,

Бабаларын бар жақсыға балаған.

Кіші жүзде Әлім атты ұрпақ бар,

Болашаққа мол үмітпен қараған.

Тамырларын терең жайған, таралып,

Жеті атадан кетсе де асып аралық.

Әлімдерім баласындай бір үйдің,

Бір-біріне тұрады ылғи жаны ашып.

Ұлдары бар ұлықтаған данасын,

Қыздары бар қызғалдақтай, дара шың.

Ізет еткен ізгіліктің ілімін,

Іздесеңдер әр қаладан табасың.

Ұлықтайтын, ұмытпайтын бабасын,

Құрметтейтін жасы үлкен ағасын.

Бірлігі мен тірлігі бір өмірде,

Әлімдерім мәңгі бақи жасасын! - деген өзінің шынайы жүрегінен шыққан өлең жолдарымен аяқтады. Тағылым аларлық кешке қатысқан қауым Астана қаласында тұратын қазалылықтардың ұйымшылдықтары мен ауызбіршіліктеріне риза болып тарасты.

Фото: qazaquni.kz

Тағы да оқыңыз: